Асқақ арманы аялаған жеке жеткіншек қана емес, жаппай жұртшылықты алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың талай «тар жол, тайғақ кешуіне» тап болса да рухы мұқалмай, үміті үзілмей ілгері ұмтылуға бағыт-бағдар сілтеп тұратын Темірқазық тектес жұлдызды тұлғалар болады. Сол шоғырдың арасынан айрықша жарқырап көзге түсетіні «Қазақтың Қанышы» атанған сұңғыла Сәтбаев десек, сірә, шындықтан шалғай кетпеспіз.
Бір сәт пендешіліктің ауылынан алыстап, шынайы парасат пайымына жүгінсек оның есімі мен елге сіңірген ерен еңбегі ешқашан ұмытылмасы анық. «Таулар алыстаған сайын, биіктей береді» деген қанатты қағида соған арнап айтылғандай. Оның рухани әлемі мен дүниетанымы туралы жазу шыңның етегінде тұрып биіктігіне болжам жасағанмен бірдей екенін де түйсінеміз.
«Қаныш ИМАНТАЙҰЛЫ – тұтас дәуірдің жұлдыз тұлғасы».
Ілияс ОМАРОВ.
Қаныш Сәтбаев десе, көз алдыңа Үлкен Жезқазған, кең даланың қойнауын кеулеп бұрғы бойлатқан байлық барлаушылары – геологтар келеді. Ілім-білімді жетік меңгерген ол европалық әріптестерімен пікір таластырып, геологияда химия ғылымындағы Менделеевтің элементтер периодтық жүйесімен пара-пар металлогенияның негізін қалыптастырды, беймәлім пайдалы қазбаларды табудың әлемдік әдістемелігі іспеттес Қазақстанның металлогениялық картасын жасады. Сөйтіп, кемел ақыл-парасатымен ғаламдық өркениетке өлшеусіз үлес қосты. Бұл – ғұлама ғалымның біз білетін бір қыры ғана.
Қыруар ғылыми, мемлекеттік және қоғамдық қызмет атқара жүріп, қатыгез қоғамның саяси қыспағында қанша қалып, қызғаныш пен жаланың залалын аяусыз тартса да өр рухын, үкілі үмітін, селкеусіз сенімін, ізгілігі мен мейірімін жоғалтпау сыры неде? 1947 жылы көктемде КСРО Жоғарғы Кеңесінің делегациясы құрамында Англияға барған сапарында «Қазақтың бәрі сіздей алып па?» деген сауалға: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік» деп сыпайы жауап беру үшін ұлтына деген қандай шексіз сүйіспеншілік пен жомарт жүрек керек?
Бірден айтайық, бұл – ең алдымен, дәстүрлі қазақы тәрбиесінің жемісі. Қаныш Имантайұлы қашанда отандық әріптестерін әлемнің зиялы қауымымен қауыштыруға ұмтылған. Оның Англияға, Қытайға сапары, өзі қатыса алмай кеткен Делидегі әлем геологтарының І халықаралық конгресіне қалай дайындалғаны бұған дәлел. Бұл – академик тағылымынан алар екінші түйін. Үшіншіден, Қаныш Сәтбаев – ХХ ғасырдың басында бой көрсеткен қазақ зиялылары жаңа толқынның өкілі. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың соңына ерген ұлттық зиялы қауымның бұл тың толқыны, қазақ ғалым-ағартушылары халықты өнер-білімге кенелту арқылы әлемдік өркениет көшіне ілестіруге ұмтылды.
Ахмет Байтұрсыновтың жаңа әліпби жасауды қолға алуы, Әлихан Бөкейхановтың «География», Xалел Досмұхамедовтің «Медицина», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовың «Психология», Әлімхан Ермековтің «Математика», Мұхтар Әуезовтің «Құрылыс материалдары», Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығын жазуға отыруы осы ізгі мақсатқа бағытталған әлеуетті әрекет еді. Бұл бастаманы тарихшылар Алаш зиялылары қазақтың сауатын ашу мақсатында жұмыла кіріскен ірі жоба санайды. Қаныш кітапты 1924 жылы араб қарпімен жазып, 1929 жылы латын қарпіне көшіреді.
Бозбала Қаныштың Семейде Абай кешін ұйымдастыруға белсене қатысуы, А.Затаевичке қазақтың 25 әнін өзі айтып, нотаға түсіртуі, Баянауыл бөктерінде «Еңлік-Кебекті» қойып, спектакльде өзінің де ойнауы, Москвада «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мазмұнды мақала жазуы – атақ-даңқ қуғаннан емес, халқына пайдасын тигізу ниетінен туған талпыныс еді. Ел мүддесі жолындағы елгезектік Қаныштың жасынан бойына сіңірген дүниетанымдық-фәлсафалық және ағартушылық-гуманистік мұратының көрінісі. Өмірлік ұстанымға айналған осы асқақ мұрат оның өзін де шырқау биікке көтерді.
Мұхтар Әуезов академиктің 50 жылдығына орай жазып, «Әдебиет және искусство» (1949 ж., № 5), «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысы» (1949 ж., № 4) журналдарына жариялаған, кейін 12 (1969 ж.) және 20 томдық (1985 ж.) шығармалар жинағына енгізілген «Қазақ халқының зор ғалымы» атты мақаласында
Қаныштың өз мамандығымен бірге әдебиет пен өнерді, тарихты мінсіз меңгергенін, жан-жақтылығын айта келе былай дейді: «Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі».
Қаныш Сәтбаевтың алғашқы әдеби шығармасы – 1923 жылы «Қазақ тілі» газетіне жарияланған «Обаған» әні туралы тырнақалды туындысы. Автор ошақ басында ән салған әйелдің мұңды даусын шебер суреттейді. Шағын лирикалық новелла оның өзіндік суреткерлік қолтаңбасын бірден байқатады. Қазақ әдебиетін, қазақ әндерін терең білетіні «Қазақстанның ұлт театры туралы» атты 1927 жылы жазған мақаласынан айқын көрінеді. Қазақ мәдениетінің сарқылмас мол қазына екенін «Ән туралы толғаулар», «Қазақ совет әдебиетінің аса көрнекті туындысы», «Қазақтың халық әндері» атты музыкалық-этнографиялық жазбасында ашып көрсетеді.
Өзі де өнерден құралақан болмаған. Домбыраны тартып қана қоймай, көптеген көне әннің тарихын жақсы білген. Күйеубаласы Қайнекей Жармағамбетов «Қаныш Имантайұлы халық әндерін сүйіп тыңдайтын. Кейде өзі де қолына домбыра алып, баритон дауысымен «Бүркітбай», «Әупілдек» әндерін шырқайтын еді» деп жазса, Қайрат Байбосынов Жүсіпбек Елебековтен үйренген «Бүркітбай» әнін өзінің ұстазы алғаш Қаныш Сәтбаевтың орындауында естігенін айтады. Сонымен қатар ғалым гитарада ойнаған. Ал, археолог Әлкей Марғұланның айтуынша, академик би билегенді қатты ұнатқан екен.
Қазақтың тарихын, қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет екенін түсінген ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясының жанынан Тарих, Тіл және Әдебиет институтын ашқызады.
Иә, тау тұлғалы, барлық саналы ғұмырын жер асты байлығын зерттеуге арнаған қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев – сан қырлы талант иесі. Жер-Ананың былайғы жұртшылық білмейтін құпия сырларын ұғып, онымен «тілдесе» білген оның көңілі қазақтың дарқан даласындай кең, жүрегі жұмсақ екені аңғарылады. Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсеке өз зерттеуінде Қаныш Сәтбаевтың тоғызыншы атасы атақты Бұқар жырау екенін айтады. Ол Алаш қайраткерлерімен сыйлас-сырлас болған, бірін-бірі көп жағдайда қуаттап, қолдап отырған. Осындай арда азамат 1951 жылдың күзінде «Буржуазиялық ұлтшылдарды» қудалау басталғанда саяси қуғын-сүргіннің құрығына ілікті.
Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сынды ұлт жанашырларының қатарында Қанышқа да «ұлтшыл» деген жала жабылып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылды. Ол «партияға өтерде әлеуметтік тегін жасырды», «1927 жылы «Алашорда» ұлтшылдық партиясы үгітшісі болды», «Едіге туралы буржуазиялық аңызды редакциялап, алғысөзін жазып, шығарманың басылып шығуын қолдады» деп айыпталды. Сондай-ақ, «Ғылым академиясына жат элементтерді жинап, ұлтшылдарды қанатының астына алды» деп кінәлады. Жаладан жазықсыз жапа шеккен, негізсіз қудалаудың құрбаны болған есіл ер 1952 жылы 20 қаңтарда И. Сталинге хат жолдайды.
1955 жылы ақталған Қ. Сәтбаев Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып қайта тағайындалып, өмірінің соңына дейін сол қызметті атқарады. Академияның жұмысын жандандыру жолында тынымсыз тер төкті. Бірқатар салалық ғылыми-зерттеу институтын ашты. Физика-математика ғылымдарының, әсіресе, ядролық физиканың дамуына жете мән берді, ядролық физика институтының кешенді құрылысын бастап кетті. Биология, медицина, зоология, паразитология, адам физиологиясы, микробиология, вирусология, ботаника, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, экономика, құқық, философия саласында ғылыми-зерттеуді жетілдіру үшін ғылыми институттар ашуды ұйымдастыруға ұйтқы болды. Ғылымды өндіріспен байланыстыру мақсатында ірі өндірістік орталықтар – Өскемен, Қарағанды, Атырауда салалық ғылыми-зерттеу институтын ашты.
Қаныштың «Қазағым!» деп соққан жомарт жүрегі 1964 жылы 31 қаңтарда Москвада тыным тапты. Мәңгілік мекені Алматыдағы «Кеңсайдан» бұйырды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.