Әйел – Ана, әйел – жар, әйел – отбасының ұйытқысы. Ер азамат үйдің егесі болса, әйел – үйдің шегесі. Бұл дәлелдеуді қажат етпейтін ақиқат.
Қазір әйелдер үй шаруасы, «отбасы, ошақ қасымен» қатар қоғамдық шаруаларға, басшылық қызметтергеде белсене араласып келеді. Қысқасы, қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Осындайда: «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әйгілі қағидаға көз жеткізе түскендейсің. Жалпы, аналар, әйелдер қауымын жырға қосып, жүрегі тебіренбеген ақын жоқ шығар?! Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қайран жандар» өлеңінде:
«Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған, шілікш ауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айырылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап, арба айдаған…» деп жырлауы сірә да тегін емес. Иә, осылай ерінің тілеуін тілеп, балаларының амандығын ойлайтын әзіз аналар арамызда аз емес. Солардың қатарында өндірісте тер төгіп жүрген нәзік жандар белсенділігі мен көзге түсуде. Жалпы, әйел адамға ер адамдармен бірдей өнеркәсіп орынында жүріп, ел игілігін еселеуге үлес қосу оңай шаруа емес. Дегенмен, мамандығының суығына тоңып, ыстығына күйіп, қайыстай қатып әбден ысылған нәзік жандылардың өмірбаянынан біраз дүниені аңғаруға болады. Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз кәсіпшіліктің алғы шебінде жүрген жан – Баян Көнекбаева.
Еліміз Тәуелсіздігін алып,шеттегі қандас бауырларды Отанға жинап, басын біріктіру саясатының арқасында атамекенге оралған Баян Ермекбайқызы – бүгінде көп балалы ана, өндіріс озаты.
Ол 1973 жылы Өзбекстан Республикасының Тамды ауданы, Аяқ-Құдық кеңшарында дүниеге келген. Өзі де көп балалы отбасында өсіп, тәрбиеленді.
2011 жылы Өзбекстаннан атамекенге оралып, отбасымен Теміртау қаласына қоныс аударды. 2012 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясының құрылымында еңбек етіп келеді. Алғашында «Нұрқазған» кен байыту фабрикасына жұмысқа орналасты. Ал, 2014 жылы «Нұрқазған» кенішінеауысты.
Кенішітегі әкімшілік-тұрмыстық кешеннің шаруашылығын шыр айналдырып жүрген нәзік жандардың қатарында Баян Ермекбайқызы өзінің жауапкершілігі мен жұмысқа деген ықыласының арқасында ұжымның құрметіне кенеліп жүр. Баян Көнекбаева 1993 жылы отбасын құрды. Манат Өмірзахов есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, 5 баланың ардақты анасы атанды.
– «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой. Манат Бекзатұлымен төрт қыз, бір ұлды тәрбиелеп, заманға сай білім алуларына, үй-жайлы болып кетулеріне барлық жағдайды жасаудамыз. Әрине, мұның барлығы еңбектің арқасында жетіп жатқан жетістік. Тұңғышымыз Альбина Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған, қазіргі таңда бастауыш сынып мұғалімі. Екінші қызымыз Айкүміс Қарағанды индустриялық университетінен «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдады. Қазіргі таңда «Нұрқазған» кеншісінде мұрағатшы болып еңбек етуде. Ақеркеміз Қарағанды индустриялық университетінде «фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығының 3-курс студенті. Анеліміз 6 сынып оқушысы. Әкесінің ізін жалғар ұлымыз Әбілмансұр 1 сынып оқушысы.
Жолдасым Манат Бекзатұлы да аталмыш кеніште «Аппатты қалпына келтіру слесарі» болып істейді. Халқымыз: «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған ғой. Әулетіміздің ақылшысы 92 жастағы атамыз бар. Демалыс уақытында сол кісінің жағдайын жасаймын. Абызымыздың ақбатасының арқасында өсіп-өніп, үлкен шаңыраққа айналдық. Екі қызымыз өз бақыттарын тауып, тұрмыс құрып екі немере тәрбиелеп отырға нбақытты әжемін. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамып, туған жердің топырағына терісіңген атамекенге оралып, еңбек ету біз үшін зор бақыт. Алғаш келгенімізде бізді жатсынбай бауырына басқан жергілікті азаматтарға, «Нұрқазған» кенішінің ұжымына дән ризамыз. Әйел заты үшін отбасының амандығы, береке-бірлігі, балалардың бақытты ғұмыр кешуі үлкен абырой, – дейді Баян Ермекбайқызы.
Ананың қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан- теңіз. Ана – ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы ғана емес, халқымыздың татулығын, береке-бірлігін келтіруші де екендігіне тарих куә. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген халық даналығын жадында берік ұстаған Баян Көнекбаева бір әулеттің балаларының тату-тәтті ғұмыр кешуіне ұйытқы болып отыр. Сондықтан ол бір шаңырақтың құтты келіні, балаларының ардақты анасы, немерелерінің сүйікті әжесі.
Баян Ермекбайқызы өз ісінде шыңдалған маман. Кейіпкеріміз еселі еңбегі үшін кәсіпорынның, кәсіподақтың сый-құрметіне кенелуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
«Мысты өңір».
Қарағанды қаласы.