Өткен сенбіде Жезқазғанның орталық базарындағы жәрмеңкеде жұртшылыққа Жаңаарқа ауданынан арнайы келген шаруа қожалықтарының ет, сүт өнімдері ұсынылды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде саудаланған ауыл өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен болды.
Жәрмеңкеге қатысқан Түгіскен, Қызылжар, Ералиев, Ақтүбек, Байдалы би ауылдарының шаруа қожалықтарын аудан әкімінің орынбасары Алмаз Әбдіғожин, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәрсенбек Баязитов бастап келген екен. Ералиев пен Ақтүбек ауылдық округінің әкімдері Жанбол Көпбосынов пен Жангелді Бөгенбаевты да осы жерде жолықтырдық. Олар фермерлердің өз өнімдерін делдалсыз, өздерінің сатуына ықпал жасап көмектесіп жүр. Ералиев ауылынан келген Салтанат Оспанованың «Ықылас» шаруа қожалығы сиыр етінің килосын 2700 теңгеден, Ақтүбек ауылының фермері Теміржан Оралбаев, «Дәулет» шаруа қожалығының жетекшісі Зәмзагүл Нұрпейісова сиыр етін 2800-2900 теңгеден, жылқы етін 2800 теңгеден ұсынды. Сондай-ақ, жаңаарқалықтар бір кило қолдың майын 5 мың теңгеден, қаймақты 4 мың, сүттің литрін 500 теңгеден саудалады.
– Біз жәрмеңкеге 8,2 тонна сиыр етін, 2 тонна жылқы етін, 100 литрден аса сүт, 15 килограмм қаймақ және сол көлемде сарымай мен ірімшік әкелген едік. Базарға келген жұртшылық ауыл өнімдерін үлкен ықыласпен тез арада сатып алуда, – деді жәрмеңке жайын қысқаша баяндаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәрсенбек Баязитов.
Жалпы, азық-түлік бағаларының төмендігі көңілдерінен шыққан базаршы қауым алдағы уақытта да облыс басшылығы осындай игі шараны апта сайын ұйымдастырып тұрса орынды болар еді деп санайды.
Амандық РАХҰЛЫ.