Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне өтті. Сыйға тарту шарты жасалып, нысанды беру актісіне қол қойылды. Енді ол ҚР Су ресурстары және ирригация минстрлігіне қарасты республикалық «Қазсушаруашылығы» кәсіпорнының балансына беріліп, «айырықша стратегиялық маңызы бар су қоймасы» тізіміне енгізіледі.
Нысанды беру үдерісін мамырдың аяғына дейін аяқтау көзделген. Сосын жауапты органдарға оның гидротехникалық құрылымына жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізіп, қайта жаңғырту міндеті жүктеліп отыр.
Таяуда ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Ерболат САТЫБАЛДИНМЕН тілдесіп, облыс өңіріндегі осы бір елеулі оқиғаға орай және тағдыры тығырыққа тіреліп тұрған тіршілік нәріне қатысты басқа да бірнеше сауал қоюдың сәті түскен еді.
«Бұл – бастапқы қадам»
– Жасыратын несі бар, кейінгі кезде елді алаңдатқан су көзінің мәртебесіндегі өзгеріс өңір жұртшылығын екіұдай көңіл-күйге қалдырған сыңайлы. Оның өзіндік себеп-салдары бар, әрі негізсіз де емес. Бұл тұрғыда Сіздің пікіріңіз қалай?
– Кеңгір су қоймасының коммуналдық меншікке өтуі – жағымды жаңалық, бірақ, мәселенің толық шешімі емес. Енді оның тазалығы мен экологиялық жағдайына жергілікті билік тікелей жауапты болады. Ал, «Қазақмыс» кезінде бұған миллиондаған теңге бөліп, күтіп ұстаған, енді бюджет қалай тарпақ?» деген – жаңсақ түсінік. Кеңгірге кезінде тиісті көңіл бөлінсе, бүгінде судың сапасы анағұрлым жақсы болар еді.
Қадап айтатын нәрсе – қаржыландырусыз ешқандай өзгеріс болмайды. Сондықтан, Кеңгірді пайдаланушы «Қазақмыстың» тарифін қайта қарау арқылы қаржыландырудың нақты жүйесін қалыптастыру қажет. Сосын оның күтімі, гидротехникалық құрылғыларды жаңарту және тазалық шаралары үшін облыстық бюджеттен нақты қаржы бөлінуі керек. Су қоймасын ұстаудың нақты жоспары жасалып, кезең-кезеңмен іске асырылуы тиіс.
– Ұзақ жыл тиісті көңіл бөлінбей, ауқымды шаруа атқарылмай, соның салдарынан суының сапасы мен ұсқынынан айырыла бастаған су қоймасына ендігі жерде жүйелі жұмыс пен ұтқыр шешім қажет дейсіз ғой…
– Әрине! Ең алдымен, облыстық су комитетін немесе басқармасын құру арқылы тиімді басқару жүйесін қалыптастырған жөн. Қазіргі су инспекциялары өңірдің ерекшеліктеріне сай келмейді. Сосын сұранып тұрғаны – экологиялық мониторинг: су сапасын бақылау үшін тұрақты зертханалық тексеріс жүргізілуі керек. Су қоймасын қорғау бағытында әртүрлі қалдықтың өзенге ағуына жол бермейтін тиісті бақылау шараларын күшейту қажет. Инфрақұрылымды жақсарту – күн тәртібінде тұрған басы ашық мәселе: тозған гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіру үшін инженерлік аудит жасалып, күрделі жөндеу жоспарлануы тиіс.
Су қоймасының коммуналдық меншікке өтуі – басты қадам, бірақ, жұмыс енді басталды. Бұл жерде қаржыландыру, тиімді басқару және бақылау жүйесін дұрыс жолға қою шешуші рөл атқарады. Су комитеті мен инспекция құру – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Егер барлық тарап жұмыла жұмыс істесе, Кеңгір су қоймасы экологиялық қауіпсіз әрі тұрақты су көзіне айналады.
Осы бағытта жұмыс жалғасады, ал, депутат ретінде қажетті заңнамалық өзгерістер мен қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесін қадағалаймын.
«Жабу ма, әлде игілікке жарату ма?»
– Ереке, әңгіме тіршілік нәрі туралы болғандықтан, тағы бір сауалдың реті келіп тұр. Елде апатты жағдайдағы 2200 су ұңғымасы бар екен. Үкімет бұл мәселеге қатысты Су кодексіне түзетулер енгізіп, оларды жоюды көздеп отырған көрінеді. Сіздің пікіріңіз?
– Мен бұл тәсілге күмәнмен қараймын. Неге біз оларды жабуымыз керек? Неге халықтың игілігіне пайдаланбасқа? Су ресурстары қазірдің өзінде тапшы, әсіресе, ауылдық жерлерде. Егер бұл ұңғымалар әлі де су бере алатын болса, оларды оазистік жобалар арқылы қайта жандандыруға болады.
Бұрын бабаларымыз табиғи бұлақтардың айналасын көгалдандырып, демалыс орындарына айналдырған. «Күмісбұлақ», «Ақтастыбұлақ», Ұлытаудың басындағы «Тасбұлақ» – кезінде адамдар су ішіп, ағаш отырғызып, демалыс орындарын салған қасиетті жерлер еді. Қазір олардың көбі азып-тозып, қараусыз жатыр. Мал аралап, барған адамдар бүлдіріп кететін жерге айналғалы қашан?!
Егер «Қазсушаруашылығы» мен сала министрлігі осы мәселеге жан-жақты қарап, ұңғымаларды жауып тастау емес, қалпына келтіру бағытын ұстанса (су министірлігі өкілі айтқандай), онда бұл экологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім болар еді. Бұған инженерлік зерттеу жүргізіп, судың сапасы мен көлемін бағалау, ауыл шаруашылығына немесе көгалдандыруға пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
– Осы ойыңызды таратыңқырап айтсаңыз… Мәселен, неге мән берген жөн?
– Бірінші мәселе – бұл игілікті іске жергілікті жұртшылық пен қауымдастықты тарту. Егер ұңғымаларды қайта пайдалану мүмкіндігі болса, онда бұл жерлерді ауыл шаруашылығы, мал суару, бау-бақша өсіру, көгалдандыру мақсатында жергілікті халықтың игілігіне беру керек. Бұған кооперативтер, жергілікті әкімдіктер мен шаруа қожалықтары бірігіп атсалыса алады.
Екіншіден, ауылдық туризмді неге дамытпасқа? Бұл, бәлкім, ерсілеу естілер, бірақ, басқа жолын көріп тұрған жоқпын. Ол үшін су көздері бар жерлерді көгалдандырып, демалыс орындарына айналдыруға болады. Ұлытау – тарихи-мәдени орталық, сондықтан, бұлақтардың маңында экотуризм нысандарын дамытуға мүмкіндік бар. Бұрынғыдай ағаш отырғызу дәстүрін қайта жаңғырту керек.
Ғылыми зерттеулер жүргізу де – сұранып тұрған мәселе. Министрлік пен сала мамандары нақты ғылыми зерттеулер жүргізіп, ұңғымалардың жағдайын, су сапасын, қайта пайдалану мүмкіндіктерін анықтауы керек. Егер бұл суларды суармалы жерлерді көбейтуге қолдануға болатын болса, онда оны текке жою – ақылға қонымсыз.
Сосын ұңғымаларды басқарудың жаңа тиімді тетіктері қажет. Егер ұңғымалар жекеменшікке берілмей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тиімді басқарылса, оларды қараусыз қалдырмай, халықтың игілігіне жаратуға мүмкіндік туады.
Суды үнемді пайдаланудың тиімді технологияларын қарастырайық. Егер ұңғымалардағы су суаруға немесе тұрмыстық қажеттіліктерге жарамды болса, онда оны тамшылатып суару, су үнемдеу технологиялары арқылы тиімді қолдануға болады.
Ұңғымаларды жабу – ең оңай шешім, бірақ, ең дұрыс шешім емес. Біз бұл көздерді қайта қалпына келтіру бағытында жұмыс істесек, онда бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауыл шаруашылығын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
– Айтқан ашық әңгімеңізге рахмет! Ұсыныс-пікіріңіз тиісті жеріне жетсін!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.
«Кеңгір су қоймасының құрылысы 1940 ж. басталып, Ұлы Отан соғысы жылдары тоқтатылып, 1952 жылы аяқталды. Аумағы 37,3 шаршы шақырым, ұзындығы – 37,0, ені 1,6 шақырым, орташа тереңдігі 8,5 метр (ең терең тұсы 21 м). 1961 – 1965 ж.ж. бөген жүйесі кеңейтіліп, су көлемі 319 млн. текше метрге жеткізілді».
«Балықтың 15-тен астам түрі бар. Қала кәсіпорындарын техникалық сумен қамтамасыз етеді. Маңындағы бау-бақшалар суарылады. Су қоймасының жағалауы демалуға қолайлы».