Ұлы академик, елімізде геология ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген кеншілер қаласының тазалығы баршамыздың абыройымыз екендігі айтпаса да түсінікті.
Шаһардың әрбір тұрғыны сүйікті қаласының көрікті болуына атсалысуы керек. Біз, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің Сәтбаев филиалының өндіріс ардагерлері қаланы абаттандыру жұмысына үнемі қатысып келеміз.
Көктем шыға қолға алынатын сенбіліктен ардагерлер тыс қалған емес. Наурыз айында қалада екі мәрте ауқымды сенбілік өтті. Алғашқы сенбілікте ардагерлер «Жеңіс» саябағын тазарту жұмысына атсалысты. Облыстық деңгейдегі сенбілікте біздің ардагерлеріміз қалалық аурухананың аумағын тазалауға үлес қосты. Аурухана басшысы Рүстем Нысанбаев бастаған ұжым мен «Қазақмыс» корпорациясының еңбек ардагерлері аумақты қоқыстан тазартты. «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС басшысы Ержан Тоқымбаев қоқыстарды шығаруға арнайы техника бөлді.
Сәтбаев қалалық әкімдігінің тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әшім Мұханбетәлі қаланы қысқы қоқыстан тазартуға ерекше көңіл бөліп, шаруашылықты ұтымды ұйымдастырды. Біздің ортақ үйіміз саналатын қаланы тазалығы әрқайсымыз үшін маңызды.
Осы орайда, «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев қаласында орналасқан барлық кәсіпорын басшылары, еңбеккерлеріне үндеу жолдағым келеді. Қаныш бабамыздың атындағы қаламыз кейінгі жылдары тазалық сақтау жағынан ақсап тұрғаны баршаға мәлім. 5 сәуір күні кейінгі жас буынды қалалық сенбілікке шақырамын, ата-әкелеріңізден үлгі алыңыздар, қаламыздың тазалығы өз қолымызда екендігін есте шығармайық!
Абулаис Мулаков,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы.