Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің № 45 (1844) санында).
Анжела жылан арбаған торғайдай мені тыңдап отырды да қойды. Мен сияқты адамдармен ол бұрын кездеспеген еді. Ал мен мұны білетінмін. Жоқ, мен оны төсекке тартқан жоқпын, керісінше, мен жүрегімді ұстап, кішкене спектакль ойнадым. Әрі қарай бәрі оңай болды – ол бір бөлмеге, мен екінші бөлмеге жаттым. Мүмкін, менің «ауру» жүрегім оған белгілі бір ойларға түрткі болған шығар, бірақ мен бұл жерде бір аптадан артық өмір сүрмесімді білдім. Егер барлығы ойдағыдай болса, маған үш күн де жетеді. Енді барлығы Тараға байланысты еді.
***
Біз төртеу едік. Ескі «Вольво» тас жолмен жүйіткіп келеді. Алда болатын уақиға немен аяқталады, оның салдары қалай болады? Дәл қазір біз ол туралы мүлдем ойлап та отырған жоқпыз. Машина ішінде мен, Тара және оның екі «сыбайласы» бар. Анау екеуі мені сөзге тартпақ болып еді, Тара оларды бірден тиып тастады, олар үнсіз қалды.
Жоқ, Тара бұл жолы жақсы жұмыс істеді. Үш күннің ішінде мен судья туралы бәрін біліп алдым. Оның үстіне, жертөле де дайын болатын. Нағыз бір адамға арналған шағын түрме. Ендігі мәселе «клиентті» сол жерге жеткізу болды. Жертөле ескі саяжайда, Каманың жағасындағы Январка ауданында орналасқан. Қыста онда ешкім тұрмайтын, бірақ көршілері бар. Бір кездері оларды арзан бағамен сатып алған қарапайым адамдар.
Күндізгі уақытта «клиентпен» трасса бойымен елу шақырым жол жүру оңай емес еді, бірақ мен өз ойымнан қайтпадым. Бізде шприц пен ұйықтататын дәрі, сондай-ақ газ баллон бар еді. Қару-жарақтың қажеті жоқ, менттерге күдік тудыратын артық себептен аулақ болайық деп шештік. Тараның еңгезердей екі «сыбайласы» қарусыз-ақ күзетшілер ротасына оңай тойтарыс бере алатындай еді, мен оған күмәнданған жоқпын.
Бір сағаттан кейін біз діттеген жерде болдық. Судья кішкентай шіркеуден алыс емес, әдемі жеке үйде тұрады екен. Оның қызыл шатыры алыстан-ақ мен мұндалап тұрды.
– Осы жерде, әне, анау тұрған үй, – деп Тара көшенің ортасындағы еңселі үйді нұсқады. – Бүгін жексенбі, ол үйде. Мен саған айттым, қоңырау шалып алайық деп… Егер осы уақыт ішінде ешқайда бармаса, онда өз үйінде.
– Жарайды. Енді бара көреміз.
Мен алдын ала сатып алған фотокамераны мойныма іліп, сөмкемнен диктофон мен блокнот алып шықтым. Төс қалтамдағы Дино Висконтидің атына жазылған журналистің куәлігін тағы бір рет қарап шықтым. Бәрі жақсы сияқты. Виват Италия!
– Сонымен, бәрі келісілгендей… Біреуі машинада қалады. Ол шаруа күрделеніп бара жатса ғана, алдын ала берілген белгі бойынша келеді. Оған дейін тырп етпей машинада отырады. Мен итальяндық баспасөздің өкілімін, сіздер менің көмекшілерімсіздер. Өздеріңізді салмақты ұстаңыздар. Сұрақтарыңыз бар ма?
– Жоқ.
– Онда алға.
Біз көліктен шығып, үйге қарай бет алдық. Сәтін салғанда аулада иттер жоқ екен. Мен қасымдағыларды тағы бір рет қарап шығып, бірге келе жатқан серігімізден Тара екеумізден сәл алыста тұруды өтіндім. Ол тым ірі еді. Ал артқы жақта жүрсе, оққағарға келеді. Тара нағыз көмекші сияқты. Галстук пен грим оны адам танығысыздай өзгерткен. Ең бастысы, ешбір жерде із қалдырмауымыз керек. Қандай да бір затқа қолдары тисе, сүртіп, «тазалап» кетуді қатаң ескертіп қойдым. Ал, Тара оны менсіз де жақсы білетін. Оның артында ешқашан ешқандай «із» қалмайтын. Өйткені, ол тағы да қапасқа қамалғысы жоқ.
Мен онымен кездесуді асыға күттім. Судья мен жазалаушының, заңгер мен адам жегіштің алдымда қалай сүмірейіп тұратынын көргім келді. Көрейін, бұл иттер өздерін экстремалды жағдайларда қалай ұстайтынын. Балалары, немерелері, жақындары мен таныстары көз алдына бір елестесін. Үш қорап арзан печенье үшін, жыртылып қалатын киім-кешек үшін талай жанды Колымаға жібергендері еске түсірсін. Сондай-ақ, ол талай жанға ең құрметті, бірақ ең қорқынышты «атақ» – аса қауіпті рецидивист деген таңбаны қалай ойланбай таққан кездері есіне түссін. Мен одан осының бәрін сұраймын. Ешқандай аяушылық болмайды.
Тара қақпаның жақтауындағы қоңырау түймесін басқанда, үй ішінде қозғалыс пайда болды. Сәлден кейін аққұбаша келген, өзін биязы ұстаған әйел табалдырықтан аттады. Ол көк костюм киген еді, прокурор сияқты. Бірақ әлігінде айтып өткенімдей биязылығы осының бәрін жуып-шайғандай.
Бізді көрген ханым таңқаларлықпен қасын көтеріп бір қарады да, бетіне әдеттегі мейірімділік «маскасын» кигізді. Ол жылы жымиған күйі бізге жақындай түсті.
– Қандай шаруамен келіп едіңіздер, жігіттер? – деді сүйкімді нәзік дауыспен.
Мен бірден итальян тілінде бірнеше ұзын сонар сөз тіркестерін жолдадым да, қолдарымды сермелеп сәлемдесу ишарасын жасадым. Бұл менің Италияда жүргенде үйренгендерім. Оның үстіне италияндықтар ғана емес, кез-келген өзін құрметтейтін ресейлік «катржан» да ең ыстық италияндық әйелге осылай ишарат жасай алатын.
Тара дереу менің сөзімді «аударып», Висконти мырза шақырусыз және келісусіз келгені үшін кешірім сұрап отырғанын айтты. Содан кейін ол менің италияндық «Стампа» газетінің тілшісі екенімді түсіндіріп, редакцияның тапсырмасымен Уралға келгенімді жеткізді.
– Висконти мырза сізге шексіз риза болар еді, егер сіз…
– Наталья Сергеевна, – деді әйел Тараның сөзін бөліп. – Илья Григорьевич Пырьевтің жұбайы.
Орысшадан аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).