Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
2-бөлім
Ресей мені сүйектен өтер суығымен, қақаған аязымен қарсы алды. Мезгіл ақпан айы болатын. Мен өзімнің ағылшын бәтеңкеммен Пермь көшесінде тонға оранып жүрдім. Бұл жерде мені көбі білетін, көбін менің де көргім келді. Қаладым… Тұтастай алғанда, менің ұшуым кедендегі «жан толқытқан» бірнеше минуттарды есептемегенде сәтті аяқталды. Бірақ, олар мен сияқты жылпостан не тапсын? Бұл балаларды іздеуге институттар мен училищелерде үйретті, ал жасыруға мені өмірдің өзі үйретті.
Ресейге кетер алдында мен қолымдағы қаржының қомақтысын Тараға аударып жіберген болатынмын. Лақап есімі «Тарыч» аталып кетен Вася Тара менің зонадағы ежелгі досым еді. Бүгінде ол заң алдында таза болатын. Біздің заң алдында. Бұл тұрғыдан тек Гадо ғана онымен теңесе алады. Бірақ ол жанымда жоқ, мен оған жеделхат жіберуге тәуекел еткен жоқпын.
Аяғымдағы бәтеңкелерім ескі үйдің есіктеріндей сықырлайды. Бірақ, бүкіл Пермь губерниясындағы бірде-бір ит олардың ұлтанында шытырлаған банкноттардың жасырылғанынан бейхабар еді.
Тарычқа жіберген қаражатымнан бір бөлек, бірнеше мыңды жүздік купюралармен қалтама тығып қойдым, Енді маған ешбір уақытша ұстау изоляторы қорқынышты емес. Тіпті, атауынан ат үркетін «қамау орны» дегеннің өзі де.
Тара менің мұнда келгенімді білмейтін. Сондықтан мені қарсы алуға келмеді. Бір жағынан, бұл дұрыс та болды. Менттерге ешқандай сезік тудырмайды. Қайта, іздеп, мидарын қозғап көрсін. Осы жерде мен өзімнің жылпостығыма тағы бір рет марқайып қалдым. Рас, мен анау айтқандай керемет ақылды адам емес екенімді білемін. Тіпті, менің ақылым қарапайым адамның да ойлау қабылетінің қасында түкке тұрғысыз. Бірақ мен өзіме өзелердің сондай қызыға қарайтынын, қызғана қарайтынын қалаймын. Мен қызғаныш деген де керемет сезім деп есептеймін. Тек мүлде сезімсіз ақымақ қана қызғанышты ұнатпайды. Әсіресе, саған жауларың мен өзін данышпан санайтын ақымақтар қызғанышпен қараса, ләззат аласың.
Бұл қасиетті маған Тара үйреткен еді. Нақтырақ айтқанда, бойыма сіңірді. Ол өмірге нағыз философ ретінде қарап, тек «жақсылықты» қабылдайтындарға ылғи жиіркене қарайтын. Ол маған «жамандықты» бағалап, оған әлемнің ең ұлы құндылығы ретінде қарауды үйретті. «Әлемді бар болмысымен қабылда, сонда бәрі сенің пайдаңа шешіледі», – деп айтатын ол маған, біз чифир ішіп отырып сағаттап әңгімелескенде. Тар қапас адамдарды жақындастырады, онсыз түрме өмірінің түрмеге тән сүйкімділігі болмас еді. Ал әңгімелер… Тағы қайда және кіммен осылай сөйлесе аласың, қайда және кіммен?
Міне, сондықтан мен Құдайдың мен сияқты адамдарды жақсы көретініне сенімді едім. Әсте, жамандық – кез келген көңіл-күй, ойды ауыстыратын түйме сияқты. Ой – түк емес, мұнда – көңіл-күй өзекті. Біз, байқамай, сол ауысып жатқан көңіл-күйлердің ықпалымен ойсыз әрекеттерге барамыз. Сырттай ойсыз көрінетін…
Мен жүріп келем, жүріп келем. Маған таза ауа мен кеңістік жетіспейтін. Оның ішінде өзің туып, өскен жердің ауасы. Міне, сол, туған жер, бір жағынан қорқынышты жер! Ұлыңды қабылда, түріңді бұзба. Мен қандай болсам да саған оралдым. Сен деп келдім!
Жә, философияны қоя тұрайық!Менің көп нәрсе жасауым керек әлі. Біреумен есеп айырысқым келді. Уақыты келді, мен ештеңені ұмытқан жоқпын. Алғашқы алты жылды менің «есебіме қосқан» судья Пермьде, дәлірек айтқанда, осы маңдағы шағын қалада тұратын. Ол әлі зейнетке шыққан жоқ. Әлі талайдың «ісін қарап», «соттап» жүр. Мен оны білемін. Бұл арамза өзіне «әділ үкім» шығатынын сезбейді де. Ол үкімді шығаратын мен. Мен қазір Тараға бара жаттым.
Мен ол арамзаны қалай жазалайтынымды да ойлап қойдым. Оны жертөлеге апарып, екі айға қамаймын деп ойладым. Екі ай – артығымен жеткілікті. Татымсыз тағам, екі тал темекі, сасық шелек… Күңгірт шам мен суық әрі сызды ауа. Бәрі Заң бойынша, бірақ серуендеу құқысыз. Көрсін, көнсін, басқа амал жоқ!..
Қазір осы жоспарды іске асыру ғана қалды, содан кейін Мәскеуге естеліктерімді бастыруға кетемін. Ақша болса, бұл оңай. Ал Пермьде жертөлелер көп. Тара маған екі мықты жігіт тауып береді – сонымен іс бітті.
Әрине, оны шынжырлап қоймас бұрын, мен онымен сөйлесемін, әңгімелесемін, жақсылап сөйлесемін. Әділет пен ар-ұят туралы, Фемиданың «сатып алынбайтыны» туралы. Тіпті мен өзімді таныстырып жіберсем де болады, ештеңе емес. Мен заңнан тыспын, мен әрқашан заңнан тыс боламын. Ал мен ешқандай өкіну сезімін сезген жоқпын, мен оны аяған жоқпын. Бір грамм да.
***
Тара мені өз бауырындай қарсы алды. Барлық істерін ысырып тастап, маған әртүрлі тамақтарды ұсынып жатты. «Әртүрлі» деу әрине сөз ғана. Менің Италияда жеп, ішкендеріммен салыстырғанда, бұл тағамдар маған өте қарапайым көрінді.
– Неге келдің, Кот? – деді Тара қарсы алдында отырған әлдебіреу емес, шынымен мен екенімді түсінген соң.
Тара өзін бақуаты адамдар сияқты ұстайтын. Жасы отыз сегізге шықса да жастардай сәнді киінетін. Өте мықты катала, әлі күнге дейін қарт ойнаумен күн көріп жүр, әрі ол ешқашан тәубе етуді ойламаған. Ойынға қосымша тағы да бірқатар «істері», бар. Бірақ Тара ол қылмыстық бизнеске көп араласпады, барлығын өз әйелінің бауырына тапсырды. Балдызының заңгерлік білімі бар еді. Істері өте жақсы жүріп жатты, бірақ, табиғи каталаға қарт ойынысыз өмір қызық емес?
Ол ойннан еш қашқан емес, ірі бизнесмендермен ойнады, осылайша өзіне көптеген қас дұшпандар жинады. Тараның өмірі қауып-қатерге толы еді, әрі ол мұны жақсы білетін. Мұндай адамдар тек мемлекетке ғана емес, өздерінің қарыздарын төлеуден де жалтаруды жақсы көретін. Ол өлімнен қорықпайтын, бірақ өлуге де асықпайтын.
Мен қазір еркін өмірге үйреніп кеткен едім және еш нәрсеге таңқалмайтынмын. Бұл жерде басқа ережелер мен өлшемдер бар, мұнда тіпті өлі есек те пайда әкелуі мүмкін, егер оның құйрығын бұрап, бетін сүртсең. Оған да жарнама керек.
Біз дастарқан басында отырып, өткенді еске алдық.
– Мен мұнда бірер апта боламын, – дедім оған. – Осы уақыт ішінде менің кім екенімді және не істейтінімді ешбір тірі жан білмеуі керек. Тіпті, тышқан екеш тышқан да ештеңе сезбей қалуы керек. Түсіндің бе?..
Ол тек үнсіз басын изеді де, екінші рет не үшін келгенімді сұрады. Әрине, менің «туған елге деген сағыныш» жайлы айтқаным оған шыбын шаққан құры әсер етпегенін сезіп отырмын. Оның орнында болсам, мен де дәл солай ойлар едім. Бірақ мен өз сөзімнен қайтпадым.
Тек, сәлден кейін судья туралы сөз қозғап едім, Вася өз түкірігіне өзі шашалып қалды. Ол мұның соңы өзінің жеке өміріне қатысты мүмкін болатын салдарларды алдын-ала елестеткені деп ұқтым мен.
– Сен енді бұрынғыдай емессің бе? – деп сұрадым мен тікелей, оның реакциясын көруге тырысып.
Иә, ол тәуекелден қорқатын, онысы дұрыс та еді. Оған енді жоғалтатын нәрсе бар, шынында да. Таразының бір жағында – досы және идеялық серігі, екінші жағында – жайлы өмір және басқалары тұр. Мен өз өмірімде тағдырынан түңілген, керісінше байлық пен барлыққа мастанып кеткен адамдарды көп көрдім. Сондықтан мен үшін соңына дейін өз болмысынан таймаған әрбір адам өте қымбат болатын.
Вася бірнеше секунд үнсіз қалды, бірақ осының өзі-ақ маған жаман әсер қалдырды.
– Кешір, – деді ол, мен орнымнан тұруға оқталғанымда, қолымнан ұстап.
– Мен «жоқ» демедім, Кот. Бірақ, осы принциптер не үшін қажет?..
Вася өзін біраз арманшыл сезінетін, оның үстіне ол жаңа ғана өзінің «орнын» тапқандай болатын.
Дегенмен ол әлі де ойланып, менің ұсынысымды тағы бір рет өлшеп, пішіп уақытты созып жатты.
– Сен «иә» демедің, бауырым… Жынды фюрер өз генералдарын тек үнсіздігі үшін, қастандық кезіндегі бейтараптығы үшін атып тастаған. Біз фашист емеспіз, бірақ біраз нәрсені түсінеміз…
Мен бұны барынша сабырмен айттым, өйткені оның жауабын түсінген едім.
– Дәл сол сөздерді бір кездері мен саған айтқан едім, енді өзіме қайталап тұрсың, – деді ол ернін тістеп, сыздана. – Мен солаймын, бірақ мен адаммын. Сенің де өзің тапқаныңды жоғалтқың келмейтіні рас қой, мені де түсінерсің. Әйтпесе, не үшін өмір сүреміз, не үшін?! – деп дауысы қаттырақ шықты.
Менде біртүрлі сезім пайда болды. Мен оның өміріне тосын бір тасқындай ендім. Енді мен оған түсіністік пен қолдау көрсетуге тырысып жатырмын. Егер, салиқалы көзқараспен қарар болсақ, менің жоспарымды іске асыруға ол міндетті емес те ғой. Менің бұл қолқам буынсыз жерге пышақ ұрғандай, ол тіпті ақылға қонымсыз болатын. Штемпяра судья әділдікпен өмір сүрмейді, оған кімді соттағаны бәрібір.
Орысшадан аударған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).