Сот отырысында жәбірленуші Гүлсім (қылмыстық істегі адам аттары өзгертіліп алынды – автор) марқұм Жаннаның туған сіңілісі екенін айтты. Оның айтуынша, апасы 2000 жылы Жандосқа тұрмысқа шыққан. Олар 15 жылдай бірге тұрды, сосын ажырасқан. Сосын апасы екі баласымен өздерімен бірге анасының пәтерінде тұрды. Ал айыпталушы Жандос жеке жалдамалы пәтерде тұрып жатты.
Гүлсім сотта берген жауабында өзінің білуінше Жандос балаларына да, бұрынғы зайыбына да айтарлықтай материалдық көмек көрсетпегенін айтты. Бұрын олардың өз үйі болған екен, кейін сатып жіберіпті, өйткені, екеуі де саудамен айналысқандықтан ақша керек болған екен. Содан олар ажырасқанға дейін пәтер жалдап жүретін. Ерлі-зайыптылар сол ақшаға бола жиі ренжісетін. Жандос Жаннаны не болса соған ақша шашады деп кінәлап сөгетін. Тапқан кірісін басқа жаққа жұмсап жатыр деп күдіктенетін. Бұл туралы жиендерінен де, анасының өз аузынан да талай естіген. Қылмыстық істің басы-қасында болмағанын, қайғылы оқиға жайлы ағасының үйінде отырғанда телефон шалған туыстарынан естігенін айтты.
Куәгер Айдостың сотқа берген түсініктемесінен: Туған ағасы Жандос сол қайғылы оқиға болатын күні таңертеңгі 11-лер шамасында оның пәтеріне күтпеген жерде келген. Өзі келе жылап, есірік күйде болды. «Оны, сірә, өлтіріп алдым», – дей берді. Ол сосын жедел жәрдемді шақырғанын айтты. Оқиғаның қалай болғанын Жандос ашып айтпады, сондықтан оның сөзіне сенбегенін, дәрігерлер Жаннаға көмек берген шығар деген ойда болғанын баяндады Айдос. Сәлден соң ағасы пәтерінен шығып кеткенін, біраздан соң қайта оралғанын айтты. Артынша полицияның үш қызметкері келіп, Жандосты алып кетеді.
Және бір куәгер, жедел жәрдемнің жүргізушісі Серіктің іс бойынша берген түсініктемесінен: – Сол күні таңертеңгілік ері телефон шалып, әйелі ауыр халде, ес-түссіз жатқанын хабарлағанын білдік. Аталған мекенжайға келіп жеттік. Бізді ешкім күтіп алмады, кіре берісті де ешкім ашпады. Болмаған соң көршілеріне домофон шалып, кіре беріс есігін ашуды өтіндік. Аталған пәтерге көтерілгенімізде оның есігі жартылай ашық тұрды. Сосын дыбысты бейнежазбаны қосып, ішке кірдік. Пәтерде ешкім болмады. Жатын бөлмеден шалқасынан тыр жалаңаш ес-түссіз жатқан әйелді таптық… – деді куәгер ретінде сотқа жауап берген жедел жәрдем жүргізушісі.
Сот отырысында сотталушы Жандос өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындағанмен, жәбірленушіні өлтірейін деген ойы болмағанын сөз етті. Ерлі-зайыпты болып тұрғанда ақшаға бола ұрыс-керіс болып тұратын, бірақ әйеліне дене жарақатын салатындай қол көтеруге бармағанын айтты. Ажырасқаннан кейін де сыпайы қарым-қатынаста болғандарын, жалдамалы пәтерлерде оңаша кездесіп тұрғандарын, тіпті қайта қосылатын шығармыз деген өзінің ойы болғанын баяндады. Соңғы кездескен күні сөзден сөз туындап, жақындасып жүрген әлде біреуің бар шығар деген тұрғыда қызғаныш білдіргенім сол марқұм Жанна долырып: – Сен сондайлық кім едің мені тергейтіндей, кіммен және қашан кездесетінімді өзім білемін! – дегені ашу-ызамды тудырды. Сосын ауыр-ауыр сөзге бардық. Мен ашу үстінде төсек үстінде жатқан оны қылғындыра бастағанымды өзім де сезбей қалдым. Екеуміз алысқан күйде төсектен еденге құлап түстік. Арпалыс қалайша болды, қанша уақытқа созылды білмеймін. Кенет Жаннаның телефоны шылдырлаған сәтте есімді жисам ол қимылсыз сұлық жатыр екен. Сосын жалма-жан өз телефонымды алдым да жедел жәрдемге қоңырау соқтым. Дәрігерлер келсе кірсін деп пәтер есігін ашық қалдырып, шығып кеттім. Өзімнің қызбалығыма өкінемін, жәбірленуші жақтардың материалдық жағынан азаматтық талабын толық көлемде мойныма аламын. Ал моральдық залал өтемінің талап мөлшерін анықтауды соттың құзырына қалдырамын, – деді сотталушы.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша Жандос қылмысты әрекетке кінәлі деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды және жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Сот екі жәбірленушінің моральдық залалды өндіру туралы азаматтық арыздарын ішінара қанағаттандырып, сотталушы Жандостың есебінен әрқайсына 3500000 теңге, сондай-ақ екі жәбірленушінің сотталған Жандостан материалдық залалды өндіру туралы азаматтық арыздары ішінара қанағаттандырылып, әрқайсының пайдасына 818445 теңге көлемінде өндіруге үкім етті.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.