Бұл қанқұйлы оқиғаны сөз еткендер әйелге деген қызғаныштан бір жанның өмірін қиыпты десті. Қылмыскердің өзі де куәлердің бұлтартпас айғақтарынан кейін солай деп мойындауға мәжбүр болды. Шын мәнінде оның қылмысқа баруына көңілдес әйелдің айлашарғысы итермелеген еді…
Қызуқанды Айдар байыз тауып отыра алмады. Кешкі сағат сегізде келуге уәде берген Гүлсім кешіккен сайын өзінен маза кетті. Ұялы телефонын сөндіріп тастапты. Әдетте дүйсенбі күні ешқандай той-томалақ болмайтыны анық. Әлдебір басқосуларға аяқасты шақырыла қалса, оны айтса керек еді. Үйінде де емесі анық. Үй телефонына үш рет қоңырау соқты. Үшеуінде де маубас күйеуі көтерді. Үйінде болса, анау телефонға жоламас еді. Әнші келіншегінің мезгілсіз уақыттағы жүріс-тұрысына еш селт етпейтін мұндай да еркек болады екен-ау. Барып тұрған момынның момыны байғұс! Тірі өлік! Екі баласының қасында үйінде қамалып отырған оның күйеуіне Айдардың қарадай жыны келген. Бар ашуын содан алатындай кіжінген.
Кенет Айдардың ойына және бір сұмырай түсе кеткен. Дәу де болса, сонымен жырқылдасып отыр-ау деген күдік келісімен сыртқа жүгіре шықты. Автокөлігіне міне салып, Қарағанды қаласының оңтүстігіндегі жаңадан бой көтерген ықшам ауданын бетке алып, құйғыта жөнелді. Айтқандай-ақ, «мен осындамын» дегендей Гүлсімнің кроссовері сол үйдің жанында қаңтарулы тұр. Айдар пердесі айқара ашық тұрған ас бөлмеде екеуінің емен-жарқын шүйіркелесіп отырғанын іштегі шам жарығынан ап-анық көргенде қаны басына шапты…
***
Қолындағы сағатына қараса, үш екен. Ашуын басу үшін ішкен коньяктан да еш пайда таппады. Түн ортасы болса да ұйқысы келер емес. Көз алдынан ана екеудің мәз-мейрам болып отырғаны кетпей қойды.
Есіне Гүлсімнің ананың пәтеріне өзін ертіп алып барғаны оралды. Осыдан екі апта бұрын ғана еді-ау. Аты кім еді ананың. Иә, Дастан… Сол күні Гүлсім өзіне:
– Айдар, сұмдық балық жегім келіп тұрғаны. Дастан деген бір танысым жақында сатып алған пәтеріне шақырып еді. «Жаңа қонысымды жуам. Балық аулап әкелдім», – деген мана түс кезінде. Мен бара алмайтынымды айтқанмын. Сенімен болғым келген. Енді шаруамызды бітіріп алған соң, балық жегім келіп тұрғанын қарашы. Айдар, жүрші, балық жейік, – деп қиылған.
Барса, ол қонақ келеді деп күтпепті. Аулап әкелген балығын да тазаламапты. Гүлсімнің келгеніне есі шыға қуансын. Дереу балықтың қабығын аршып, ішін тазалауға кірісті. Гүлсім балықты қуыруға ыңғай білдірді. Пәтер екі бөлмелі екен, бірінші қабатта болғанымен балконы бар. Айдар соған шығып, жайбарақат сигаретін тартып тұрған еді. Бір сәтте Гүлсімнің сықылықтаған күлкісін естіп, өзін қоярға жер таппай ас бөлмеге ұмтылған. Гүлсім ана жігіттің алдына отырып алыпты. Ол шалқалап, тамағынан сүймек болған жігіттен өзінше басын ала қашып әлек. Кәдімгі қос жүректің жарасымдық тапқан махаббат ойыны…
Олар теріс қарап отырғандықтан Айдарды көрген жоқ. Ол тосын көрініске орай нендей әрекетке барарын білмей кейін шегініп кетті. Балконнан ішке кіріп келе жатқан болып, жөтеле дыбыс берген. Түк көрмегендей ас бөлмеге келгенінде Гүлсім пеш жанында балық қуырып жатты.
– Айдар, мен мына балықты қуырып болғанша сыра әкеле қойшы. Дастан бізді келмейді деген ғой, түк дайындық жасамапты. Оның қолы босар емес, Айдар, өзің барып келе қойшы, – деп қиылды Гүлсім өзімсіне.
Сыраны алып келсе, есік жабық тұр. Қоңырауды әлсін-әлсін басып, біраз тұрды. Есікті ашқан ешкім болмады. Айдардың шыдамы таусыла бастады.
Сірә қоқыс шығарып, қайта кірген болса керек, қасынан өте беріп әлі тұрғанын көрген бір келіншек:
– Түнгі ауысымнан келсе, Дастанның есік қоңырауын ағытып тастап ұйықтайтыны бар… – десін Айдарға «текке әуре болып тұрсың» дегендей. Айдар есік қоңырауын басып тұрып, тыңдаса шынында да шыққан дыбыс жоқ. Телевизордан айтылып жатқан болар, іштен әлдебір ән әуені естіледі. Айдар енді есікті қолымен қаттырақ тарсылдатты. Онысынан да түк шықпады.
Айдарға жаман ой келді. «Өзін дүкенге алдап жіберіп, екеуі айқасып жатқан шығар» деп ойласымен сыртқа ұмтылған. «Мазақ қылғанды көрсетейін бұларға!». Әдетте машинасының төбесінде байлаулы жүретін созылмалы-жиналмалы сатыны қойды да ішке балкон арқылы кірген.
Екеуі диванда қатарласа отырып алып, телевизор дауысын қатты қойып қойған, жайбарақат концерт тамашалап отыр. Гүлсім Айдардың ашулы жүзін көріп, шошып кетті. Ол ішке кіре, Дастанды жағадан алған. Гүлсім шырылдап, араға түсті:
– Айдар, кешірші… Саған есік ашпағанға кінәлі мен… Мен байғұс мына концертті тыңдаймын деп, сенің есікті ұрғылағаныңды естімеппіз. Айдар ашуыңды басшы енді… Шынында, қашан келер екен деп сені асыға күтіп отырғанмын… Қызғаншағым-ай менің…
***
…Мұның бәрі Гүлсімнің сол күнгі әдейі ойластырған айла-шарғысы екенін, әрине, Айдар сезген жоқ. Айлакер келіншек оған Дастанмен көңілі жақын екенін білдіріп қана қоймай, есікті ашпай қызғанышын тудыру үшін істегені еді. Гүлсім күткендей-ақ Айдар сол күні дүлей мінезін көрсетті.
Бүгін де Айдардың қызғаныштан іші күйетініне кәміл сенімді еді. Оған бүгін кездесуге уәде бере тұра өзінен еш хабар болмаған соң шарқ ұрып іздейтінін білген. Дастаннан күдіктенетіні анық. Ас бөлмеде ойнап-күліп отырғанын көрсін деп терезе пердесін ашып қойғаны да әдейі болатын. Түнделетіп келіп, өткен жолғыдай сатымен ішке енсін деп балкон есігін ашып қойған.
Гүлсім қызуқанды Айдарды қызғанта түсіп, қылмысқа итермелеуі тегін емес еді.
… Небір күміс көмей әншілер шыққан ауданда туып-өскен Гүлсім ортасына еліктеп, бала кезден ән айтуға әуестенді. Үйі Қарағандыға көшіп келгендіктен тоғызыншы, оныншы сыныпты осында оқыған. Мектепті бітіргенде қала тірлігіне әбден сіңісіп алған еді. Той-томалақта ән салып, тәңір сыйлаған өнерінің арқасында ақшаға да кенелді, ыстық ықыласқа да бөленді. Ер адамды өзіне еліктіріп алар құдіреті бар-тын. Ажары мен мүсінінде бір мін жоқ. Бәрінен бұрын адамды іштарта баурап алар күлімдеген жанарының сиқыры небір көкірек кергенді өзіне иліктіріп алар еді. Әйел біткенде бір тойымсыздық бары – табиғат заңы. Гүлсімнің де қолында барды місе тұтпаушылығы жылдар өте үдей түсті. Қалталыларды қарауына іліктірді. Әйел нәпсісі мұндай тойымсыз болар ма. Нәпсі қуаты ар-ұятқа қаратпайтын.
Әсіресе Айдардың Гүлсім дегенде жаны жоқ. Қолындағы барын бере салады. Мінезі шәлкем-шалыс, ұрда-жық. Бір емес екі әйел алып, ажырасып үлгерген. Гүлсімнің машинадан машина ауыстырып жүргені осы Айдардың арқасы. Ол шетелдік жеңіл автокөлік әкеліп, сатумен айналысады. Әрі электрик мамандығы бар. Бүгінде қаптап кеткен телевизордың тәрелке-антенналарын орнатумен де айналысады. Табыскер. Дастан болса – шахтер. Жасы отыздан асып бара жатса да әлі үйленбеген. Осы жазда жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер сатып алған. Енді одан автокөлік алып берем деп алған ақшасын сұрап, мазасын алып жүр. Гүлсімнің алдап-сулағанына илікпей, «өзіңнің жазып берген қолхатың бар, ақшамды бермесең сотқа жүгінемін» дегенді шығарып жүр. Одан құтылудың бір-ақ жолы барына Гүлсімнің көзі әбден жеткен. Ойын жүзеге асыруға Айдарды пайдаланбақ. Гүлсімнің түпкі көздегенінен оның хабары жоқ. Оны көзжұмбай қызғанышқа итермелеп жүргені сондықтан.
Дастанның құшағында Айдарды күтіп жатып ұйықтап кеткені. Түс көріпті. Бетперде киіп алған дәу біреу өзін қылқындырып жатыр екен. Жанталаса қимылдаймын деп жатқан төсегінен аунап түскені. «Шығарма үніңді!». Қолымен аузын жапқан таныс дауыс. Түсі ме, өңі ме – біліп болмас күйде жатыр Гүлсім.
Оның аузын жапқан балкон арқылы ішке кірген Айдар еді. Қолындағы пышағын ұйықтап жатқан Дастанға сұққылай берді. Пышақты неше рет сілтеді, өзі де білмейді. Әлден уақытта қорыққанынан дір-дір етіп жылап отырған Гүлсімді орнынан тұрғызып, оған: «Киіміңді ки!» – деп жекірген. «Телефоныңды маған бер», – деген. Шығар есіктің алдына келгенде: «Мені үйімнің жанында күт!» – деген.
Айдар Гүлсімді шығарып жіберді де, есікті іштен жапты. Сосын Дастан жатқан төсекке от қойды да, балконнан сатымен түскен. Машинасына отырып жатып, пәтер ішінің жалынға оранғанын көрді.
Гүлсім біраздан соң барып келді. Автокөлігінен түсер емес. Айдар келіп, есігін ашты да: «Үйге жүр», – деген. «Айдар, жаным, қорқытпашы мені…» – деген жалына жылап тұрып. «Болған жайтты тісіңнен шығарушы болма! Айтпады деме, аузыңа ие болмасаң, ажалың менен!» – деген тістене. Сосын Гүлсімге телефонын қайтарып берді.
***
Содан бір күн өтті, екінші күні барып Гүлсім Айдарға ұялы телефоны арқылы хабарласып, кездесер жерді айтқан. Ол келісілген уақытта келіп, өзін күтіп тұр екен. Гүлсім бірден:
– Болған қылмысты жасырып қалғаным үшін жаза арқалар жайым жоқ. Сондықтан мына мен мініп жүрген машинамды менің атыма аударып берсең ғана жақ ашпаймын, – деген.
Батырға да жан керек екен. Айдар сөзге келместен айтқанын орындады.
Гүлсім сол күні-ақ Бағиланы тауып алды. Айдар өзін Дастанның пәтерінен шығарып жіберген түнде шыға берісте онымен кездесіп қалған еді.
– Оу, Гүлсім, сенсің бе? Түнделетіп мұнда неғып жүрсің? Сонша неге жылап тұрсың, біреу жәбірледі ме? – деп сұраққа алған бұрынғы мектептегі сыныптас құрбысы.
Бұл сұрақтарға жауап берерлік күйде емес еді Гүлсім. Денесі дір-дір етіп, сөйлерлік шама жоқ. Бағиланы жабыса қолтықтап алып, автокөлігіне әзер жеткен. Машинаға отырған соң барып:
– Айналайын, Бағила, мені көргенің туралы ешкімге тіс жармашы. Кім сұраса да! Жұмысыңа жеткізіп тастайын. Мынау ауызбастырық, – деп қол сөмкесінен біраз ақшаны алып, санамастан оның қолына ұстатқан.
Сол жолы Айдардың үйі жанына кешігіп жеткені Бағиланы аспазшы болып істейтін
асханасына жеткізіп тастап барып келгендіктен еді. Онысын бірақ Айдарға айтпаған.
Бағила Гүлсімнің өзін тегін іздеп келмегенін бірден сезді де, оған бар естіп-білгенін жайып салды. Бірінші қабаттағы пәтер өрт сөндірушілер келіп, сөндіргенше жартылай отқа оранғанын, жігіт аурухананың жан сақтау бөлімшесінде есін жимастан көз жұмғанын айтты.
– Бағила, сол түнде мен сол пәтерде болғанмын. Бір жігіт мені қызғанып, балкон арқылы түсіп, оны пышақтап, пәтерін өртеп кетті. Оны бірақ тергеушілерге айта алмаймын. Бағила, айналайын, сенен өтінемін, тергеушілерге сен былайша айт, ұғып ал: «Сағат түнгі үш жарым шамасында бірінші қабаттағы пәтердің балконы жанында саты ұстаған жігітті жұмысқа кетіп бара жатып байқап қалдым. Бірақ оның түрін көре алмадым. Кетіп бара жатып дөңкиген машинасын көзім шалды. Бірде ескі үйімізге электрик шақыртқанымызда осы дөңкиген машинасының үстіне созылмалы-жиналмалы сатысы бар ол келгені есіме түсті», – десең болғаны. Мынау машинасының суреті. Қарап ал. Тергеушілер сенен өздері келіп сұрағанда осылай айт. Бірнеше фотолардың ішінен «оның машинасы мынандай еді» деп көрсетсең болғаны. Жаным, мен туралы жақ ашпа. Сенен өтінерім осы, – деген.
Бағила сөз берді. Сосын өзінің таныс тергеушісімен сол күні-ақ оңаша жолығысып, Бағиланың мекенжайын айтқан. Содан кейін барып көңілі жай тапқан. Екеуін бірдей тұзағына түсіріп, сәтімен құтылғанына мұндай қуанбас.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.