Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Кіре берістің жарығын өшірген Света есіктің кілтін таппай жатқан адам сияқты біраз әуреленді. Сырттағылар күдіктенбесін деп шамның қиылып қалғанын да айтып жатыр. Гадо қолына тапаншаны ұстап есіктің бір жақ қапталына тұра қалды. Мен келесі қапталына жайғастым. Біздің есебіміз бойынша олар отқа ұмтылған көбелектей ішке лап қояды. Ал, қараңғыда тұрған бізді олар бірден байқамауы тиіс. Біз осы қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуымыз қажет. Әрине, еңгезердей-еңгезердей үш бугаймен алысу бізге оңайға түспесі анық. Оның үстіне, олардың да қойындарында қарулары барын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан, оқыстан шабуыл жасауымыз керек. Бізді сол ғана құтқарады. Істі де тез тындыра аламыз. Әлгінде осыған келісіп алғанбыз.
Құлыпты ашқан Света есікті кері серпіп жібергенде дәу буыншақпен тұрған екеу ентелей алға ұмтылды. Қараңғы дәліздің табалдырығын сүріне-қабына аттаған сәтте мен қолымдағы тапаншаның шүрппесін басып қалдым. Қас қағым сәтте жарқ ете қалған оқтың жарығы мен шаңқ еткен дауысы түнгі ауаны тіліп өтті. Қолындағы ауыр орамамен тапырақтап кіріп келген күзетші қалт тоқтады. Қолындағы заты жерге гүрс етіп құлады. Өзі теңселген қалпы шегіне берді. Осы кезде Гадо жеделдете екі рет атты. Мен де тапаншамды келесі күзетшіге бұрдым. Алғашқының бірден құламағанынан сескеніп қалғанбыз ба, Гадо да, мен де екі күзетші құлағанша аттық.
– Болды! Болды деймін!!!
Света екеумізді жеңімізден тартып тоқтатты. Сөйтті де өлген күзетшілерді аттап өтіп машинаға қарай жүгіре жөнелді. Біз де оның соңынан ердік. Неге екенін білмеймін, мен жолымда жатқан буынтақтың бірін қолыма ұстай кеттім.
Бұл кезде көрші коттедждерің терезелерінен жанған шамның сәулесі көріне бастады. Иттер де азан-қазан болды. Дес бергенде күзетшілердің көлігі дарбазадан алыстау тұр екен. Әйтпегенде біздің шығып кетуімізге біраз кедергі келтірер еді. Света кәнігі жүргізушілердей машинаны ұршықша үйіріп ауладан оп-оңай шығып кеттік. Әп сәтте коттедждер қалашығынан шығатын жолға түсіп, жүйітки жөнелдік. Қалашықтан екі-үш шақырым ұзаған соң сол жаққа бұрылып шағын шоқ тоғайға келіп кірдік. Света машинаның жарығын сөндіріп, маторын өшірді. Бәріміз көліктен түсе-түсе қалдық. Сонда барып мен өзімнің қол-аяғымның қалшылдап, еркіме бағынбай тұрғанын байқадым. Тұла бойым мұздап, тоңған адамдай дір-дір етеді. Манағы ішкен арағымыз желге ұшқандай.
Бір ғажабы, мен әлгінде өзім атып, тастап кеткен күзетшілерді ойлаған да жоқпын. Менің ойыма адам баласының қанағатсыздығы мен соның салдарынан жейтін опығы оралды. Біздің мына тірлігіміз соның кері емей немене. Біз жаңа ғана өзіміздің жолымызды өзіміз кесіп келдік. Анау осабняктың алдында жатқан күзетшілердің денесіндегі тапаншаның оқтары вышкадағы солдаттың денесінде де қалды емес пе. Желдің қайдан соғып тұрғанын білмейтін, аңдамайтын менттер ақымақ емес. Оның үстіне «клиенттің» із-түзсіз жоғалып кетуі бір-бірімен сабақтасып жатқанын олар балгерге бармай-ақ аңғарады.
Құдай біледі, қазір қай постада болмасын ГАИ қызметкерлері біздің машинамызды күтіп тұрған шығар. Жаңағы у-шудан оянған ел хабарламады деймісің. Кім біледі, біздің қанша адам екенімізді, арамызда әйел де бар екенін көргендер болуы мүмкін ғой. Иә, шаруамыз қиын!..
Осылай өз ойыммен өзім арпалысып тұрғанда қасыма Гадо мен Света да келді. Байқаймын, Тәжік қазірдің өзінде нақтылы жоспар құрып алған сияқты. Өзіне сенімді көрінді маған.
– Қазір, бір темекі шегіп алайық, сосын жөнелеміз, – деді ол қалтасынан сигаретін алып жатып. Оның мына әрекетінен қалаға енді соқпайтынымызды ұқтым. Светаның пәтерінде байлаулы жатқан «клиент» пен оның күзетшісінің құны енді біз үшін көк тиын еді. Әрине, Светаны менттердің талапайынан аман сақтап қалу үшін үйге барып, «керегі жоқ куәгерлердің» көзін жоя салуға болар еді. Бірақ, онымыз бос әурешілік. Өйткені, «клиент» өзінің қызға ұрын бара жатқанын достарының біріне болмаса, біріне айтқаны анық. Мұндай жағдайда, «клиенттің» көзін қайда құртсаң да, із бәрібір Светаға алып келеді. Ендеше, несіне уақыт алып, қолымызды тағы қанға былғап жатамыз.
Біздің тағы бір қателігіміз, «клиенттің» ықтимал мүмкіндіктеріне жете мән бермедік. Қазір кез-келген адам өзімен бірге дыбыс жазғыш құралдарды алып жүреді. Өйткені заман өзі соған алып келді. «Клиенттің» де қалтасында сондай аппараттың болмағанына кім кепіл. Ал, біз оны тексермедік те.
Жарайды, зонадан кеше ғана шыққан біз мұны білмеуіміз мүмкін. Ал, бар бәлені біліп, барлығын ұйымдастырып, тапқырлық танытып жүрген Света неге мұны естен шығарды. Бұл ол үшін кешірілмейтін күнә. Ендеше өз обалы өзіне. Қолымен істегенін мойнымен көтеріп, бізбен жүрсін енді. Бір жағынан, оның қасымызда жүргені сырт көзге қорған да болады. Қолында қанның дағы бар адам айтқаныңды да екі етпей орындайды.
Гадо темекісін шегіп болғанша мен Светаға оның ендігі өмірінің қандай болатынын қысқаша, әрі ұғынықты етіп айтып бердім. Басқасын айтпағанда, көршісі Толяштың ертең тілі шешіліп, бәрін сайрап беретінін, оның арты қайда апарып соғатыны айтпаса да түсінікті екенін жеткізіп, уақытты созбай бұл жерден із жасыруы қажет екенін ұқтырдым.
– Есіңде болсын, мінген көлігіміздің қандай екені қазір менттерге аян… Оның үстіне қазір сені мұнда ешкім ұстап тұрған жоқ. Үйіңе барғанда не істемексің? Егер өзің айтқандай бәрі сәтті болып, станцияға бір жетіп алсақ, бір, бір жарым сағатта біз бұл жерден алыста боламыз. Бірер күн жекеменшіктің иелігіндегі қонақүйде бой тасалай тұрып, сосын жыл құсындай оңтүстікке тартамыз.
– Әрине ғой. Екі-үш күн менімен бел суытып, терлеріңді шығарған соң оп-оңай құтылатыңдарыңды ұқпайтын ақымақ деймісің мені.
Дәл осы жолы Света кәдімгі шашы ұзын, ақылы қысқа әйелдің әңгімесін айтты. Мұны ол өзін-өзі қажау үшін, өзін-өзі жұбату үшін айтып отырғанын да аңғару қиын емес еді.
– Маған құжаттарым және алғашқы уақытта киетін киімдерім қажет, – деді сосын ол азғана үнсіздіктен кейін. – Менің ойымша, жағдай сен айтқандай тым шиеленісе қойған жоқ. Әлі де үйге соғып шығатын уақыт бар. Машинаны үйде қалдырып, гараждағы басқасын мінеміз. Болмаса…
Мен оның не айтқысы келіп тұрғанын бірден ұқтым да әңгімесін кілт үздім.
– Такси да, жолшыбай машинада тоқтатпаймыз. Отыр машинаға. Уақыт онсыз да тығыз.
– Иә, иә, уақыт жоқ, Света. Жылдам машинаға отыр, – деп Гадо да мені қостап машинаға отырғалы жатқан.
– Мұнда емес. Қалай келдік, солай кетеміз, – деп Света жүк салғыштың қақпағын аша бастады.
– Онда мен дипломатты басыма жастап жатайын, жұмсақ болсын, – деп қалжыңдаған Гадо қазына толы дипломатты алып жүксалғышқа бүктеліп кіре берді. – Айтпақшы, Кот, сенің орамаң қайда? – деді маған дауыстап. Оған жауап қатып үлгермедім. Света машинаны оталдырды да жолға түсті.
– Шынымен ол орамада не бар екен, Андрей? – деп сұрады Света сәл ұзаған соң.
– Итім біліп пе? Соны ашып қарамадым да, – дедім мен. Айтуын айтсам да, өзімнің де қызығушылығым оянып, ораманы алдыма алдым. Айнала әуреленіп отырып орауын шешкенде өз көзіме өзім сене алмай, отырып қалдым. Орама аузы-мұрынынан шыққанша ақшаға толы. «Ақшаның иісі шықпайды» деген жай сөз бе деймін. Әп-сәтте шытырлаған су жаңа қағаз ақшалардың өзіне тән иісі мұрынымды жыбырлатты. Шыдай алмай қолымды салып, көлемін көрмек болып едім, ораманың түбінен қолыма былғары қалта ілікті. Бірін суырып алдым. Сылдыр ете қалды. Былғары бауын шешіп алақаныма төккенімде қасымдағы Светаның көзі оттай жанды.
Аударған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. (Жалғасы бар).