Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы
№ 36(1789) санынан басталады).
Біз сыртқы есікке екі-үш қадам қалғанда кілт тоқтадық. Мен де, Гадо да тым тырыспыз. Күдігіміз расқа айналды. Сәлден кейін бізге даладағы адамдардың дауыстары жете бастады. Әуелде өз құлағыма өзім сене алмай тұрғанмын. Әшейін, құлақтың шуылы шығар деп, өзімді өзім жұбатқандай болғам. Қателесіппін. Сырттағылардың дауысы сәт сайын айқын естіле бастады. Сөздерін толық ажырата алмадым. Бірақ, бірнеше адамның өзара дабырласа сөйлескені анық естілді. Сөйткенше болған жоқ, әлде кімдер басқышпен крылцоға көтеріле бастады. Даладағы дауыстар да тына қалды. Сірә, олар да тың тыңдаса керек. Сәлден кейін біреу есіктің тұтқасын сәл-сәл қозғап көрді.
Дәліз көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы еді. Далада машина дауысы естілген сәтте біз қалта шамды өшіріп тастағанбыз. Мен Гадоға тақала түстім де оны бүйірден түртіп қалдым. Ол үндемеді. Бар болғаны қолын менің иығыма қойды. Света менің желкеме демалып, арқама жабыса түскен. Оның тығыршықтай қос анары демалған сайын жауырыныма жабыса түсіп, дегбірімді алып барады.
Есіктің арғы жағындағылар да әлі тым-тырыс. Олардың да тышқан аңдыған мысықтай есіктен саңылау іздеп, өзара ыммен ұғысып тұрғандарын ішіміз сезеді. Бірақ особняктың есігі мықты жасалғандықтан біз бір-бірімізді көре алмайтын едік. Бізге дәлізге жапсарлас басқа бір бөлмеге барып, терезесінен жайлап сығалап қарауға болатын еді. Бірақ, біздің қозғалуға дәрменіміз болмай қалды. Сәл қозғалсақ, арғы жақтағылар сыбдырымызды естіп қоятындай көрінді.
Келгендердің не қонақ, не «клиенттің» туыстары емес екені бесенеден белгілі еді. «Сонда бұлар кім болды екен?» деген сауал менің санамды сарсаң етті. Әйтсе де беймезгіл қонақтар өздерінің кім екендерін көп кешіктірмей аңғартты да.
– Қоңырау бас, – деді арғы жақтағы бір дауыс. Сөйткенше болған жоқ, үйді қоңырау үні кернеп кетті. Тағы да. Тағыда. Үсті-үстіне басты.
Осы сәтті пайдаланған мен Гадоны қолынан тартқан күйі кейін шегіндім. Светаны да кері итеріп келем. Осылайша біз есіктен алыстау бір бөлмеге келіп кірдік.
– Бұлар кімдер? Нағып жүрген адамдар? Білгендерің бар ма? – деді Гадо біреу ыстық су құйып жібергендей шыр-пыр болып. Оның мына қылығынан дәрменсіз жанның әрекетін аңғардым. Не деп жауап берерімді де білмедім. Қандай әрекет жасау қажет екені де ойыма кірмеді. Бар ұққаным, есікті ашуымызға болмайды. Сырттағылардың кімдер екенін біз білмейміз. Менттар ма, әлде қарапайым адамдар ма, бір құдайға ғана аян. Терезеден қашып шығайық десек, барлығына темір тор орнатып тастапты. Бұл біздің жағдайымызды одан сайын қиындата түсті. Не істемек керек?! Қазір біз торға түскен тағы аңдар сияқты едік. Арпалысып жатырмыз. Бірақ одан шығар қайран жоқ.
– Мүмкіндігінше сақтық жасай отырып әр бөлмеге барып, терезеден бақылайық. Бәлкім кімдер екенін, қанша адам екенін білерміз, – дедім мен «суға кеткен тал қармардың» керімен. – Егер бәрі дұрыс болса, бірер минуттан соң осы бөлмеде жиналамыз.
Солай дедім де өзім бүйірдегі бөлмеге лып ете қалдым. Терезеге тақап келіп, жайлап перденің қапталынан сыртқа көз тастадым. Бұл жерден біз мініп келген көліктің арты ғана көрінеді екен. Даладағылар қоңырау беруді қойса да крылцодан әлі түскен жоқ. Сол жерде дабұр-дұбыр тұр.
Кенет біреудің қараңдаған сұлбасы көрініп қалды. Бірақ, ұзақ тұрмай қараңғыға еніп кетті. Орта бойлы ер адам екенін ғана аңдап үлгердім.
Сәлден соң бәріміз әлігіндегі бөлмеде жиналдық.
– Бұлар күзетшілер. Бористің күзетшілері. Мыналардың ішіндегі біреуін мен ана жолы оның қасынан көргенмін, – деп сыбырлады Света бөлмеге келген бойда.
– Бұлар мұнда бостан-босқа келген жоқ. Біз бір жерден мүлт кеткен болдық, – дедім мен жұдырығымды түйіп, ауаны бір-екі осып өттім. – Бірер минуттан соң мұнда менттер келуі де мүмкін. Біздің шаруамыз осымен тынды!..
Санамды үрей билеп алды ма, еш ойлануға дәрменім болмай дегбірім қаша бастады.
– Тыныш! Ұста өзіңді! Олар шефтерінен пәрмен болмай өзалды шешім қабылдау білмейтін жандар. Менттарға хабар жасамайды. Ал, шефтері менің төсегімде таңулы жатыр…
Света әлі де сабырлы еді. Санасы да сергек екен.
– Олар осындай уақытта мұнда неге келді? Әшейін сәйкестік пе?!
– Мүмкін, Борис маған келмей тұрып бұларды бір жерге жұмсаған шығар. Егер олар бірдеңеден күдіктенсе, басқаша әрекет жасар еді. Оларды бұлай иіріп тұрған біз мінген машина. Олар Бористі үйде қыздың құшағында балқып жатыр деп ойлап тұр.
Осы кезде әңгімеге Гадо араласты.
– Дереу екінші қабатқа! Сол жерде шатырға шығатын есік болуы керек, – деді ол апұл-ғұпыл.
– Ол жер мұндағыдан қауіпсіз болады деп айта алмаймын, Гадо. Біз олардың қанша адам екенін де білмейміз ғой, – деді Света салмақты сөйлеп.
– Мен біреуін көрдім, – дедім мен үнсіз қалуды жөн көрмей.
– Менің көргенім – екі адам.
– Ал мен ешкімді көре алмадым, – деп былдырлады Гадо.
– Соған қарағанда олар үшеуден кем емес болды…
Одан әрі ойланып тұруға бізде уақыт та жоқ еді. Тез арада бір шешімге келуіміз қажет. Әйтпесе, дәл қазіргідей мүмкіндік туа бермейді.
– Сендердің қалай ойлайтындарың қайдам. Менің шешімім – тұтқиылдан лап қою, – дедім мен серіктеріме өз ойымды жеткізіп. Кім біледі, біріміз болмасақ біріміз қашып құтылармыз. Әйтпесе…
– Мүмкін олар кететін шығар, Кот. Қоңырау соғуды қойды ғой, – деді Гадо менің сөзімді бөліп.
– Кететін болса, әлдеқашан табандарын жалтыратар еді ғой. Кот дұрыс айтады, тұтқиылдан тап беру – нәтижелі іс, – деді Света мені қолдап. – Қазір мен есікке таман барамын да кім екендерін сұраймын. Ал, сендер әзір тұрыңдар.
Солай деді де ол есікке беттеді. Біз үнсіз соңынан ердік.
Дәліздің жарығын жаққан Света есікті бір тепті де ұнатпаған адамның дауысына салып «бұл кім?» деді. Арғы жақтан дыбыс болмады. Тек, сәлден соң біреу жүгіріп крылцоға көтерілді. Ол да темір есікті алақанымен бір соқты.
– Өзіміз! – деді дауыстап. – Есікті аш!
Сөйтті де серіктерін шақыра бастады.
– Эй, Барс, Витя!
Мынаның әрекетіне қарағанда серіктері үйді айналып қарауға кеткен сыңайлы.
– Өзімізің кім? Не керек сендерге?
Света енді ұйқылы-ояу адам сияқты сөйледі. Дауысы төсектен жаңа тұрған адамның дауысындай шықты.
– Күзетшілерміз. Аш! Шефке айт, біз келдік…
– Келсеңдер қайтейін?..
Света енді не істейміз деген жандай бізге қарады.
– Шеф артықтау ұрттап қойып, ұйықтап жатыр. Тұратын емес деп айт, – деп сыбырладым мен Светаға.
– Соншама асығыс шаруа ма. Ертеңге дейін күтсе күйіп кетпейтін шығар, – деді Света сырттағыларға дауыстап.
– Ол біледі. Оятып айт.
Сырттағылар өзара әлде нені айтып қарқылдап күле бастады. Сірә, Светаны шефтің кезекті «феясы» деп қабылдаса керек, еш алаңдаулары сезілмейді. Бұдан әрі уақыт созуға болмайды. Кері қайтарып жіберсек, күдік тудыруы мүмкін. Олардың осынша табандап тұрып алғандарына қарағанда келген шаруалары шынымен де маңызды болса керек. Әйтпесе мұндай уақытта топталып жүрмес еді. Көңілге медеу болары, бұлардың менттер емес екендігі. Сондықтан оларды еш ойланбастан «глушить» етуге болады. Біз осыған бел байладық…
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).