Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
– Не істегені қалай?
– Аңқаусыма, Кот. Өзің білесің. Бірақ… Вышкадағы солдатты Фрицке «жаза саламыз». Оған енді бәрі бір. Ал, мынау үшін, могут «разменять»… Кім біледі, қалай боларын!.. Біздің бұрынғы «жүгімізбен»… Мәйітті таба ма, таппай ма, сақтық керек дегенім ғой. Қалай ойлайсың?
Қу тәжік тамырымды басып көріп жатыр.
– Ештеңе де істемейміз. Әркім өз үлестерін алған соң жөнімізге кетеміз. Біз товарнякка отырамыз.
Гадо үндемеді. Оның не ойлап отырғанын білу де қиын еді. Маған осы қу қызбен екі арада болған әңгімені сезіп қалып, күдіктеніп отырған жоқ па екен деген де ой келді. Мүмкін емес. Оның үстіне мен қызға «жарайды, Гадоны құртайық» дегенім жоқ қой. Бар болғаны жай тыңдадым да қойдым емес пе.
«Бірақ сен үндемей қалдың емес пе. Ал үндемеген келіскеннің белгісі, – деді осы кезде ішкі ойым. – Сен жәлептің сөзіне елтіп қалдың. Мұндай үшін зонада пышаққа отырғызатынын ұмыттың ба? Одан да болған жайды Гадоға жасырмай жайып таста».
Мен өз ойымнан өзім шошып кеттім. Жайлап Гадога карап едім, онда еш күдік жоқ сияқты. Тек, әлденені күткендей ширығып отыр. Ол да түсінікті. Қырсыққанда уақыт та өтпей қойды. Tiптi тоқтап қалған сияқты. Бұл дүниеде күткен мен қуғаннан жаман не бар екен…
Кенет көптен күткен сәт те жетті-ау. Дәлізге Светамыз шықты. Демімізді ішке тартып, тым-тырыс отыра қалдық. Света біз отырған ваннаның есігін саусағының ұшымен болар-болмас тықылдатып белгі берді де, ас үйге өтіп кетті. Ол жақта сәл бөгелді де, қолына құмыра ұстаған күйі жатын бөлмеге қайта өтті. Cipә, жігіттің әбден сілесін қатырса керек.
Кезек біздікі екенін бірден ұқтық.
– Кеттік, – деді Гадо иек қағып, мен жайлап eсіктi аштым.
Біз жатын белмеге кipiп келгенде «клиент» пен Света төрдегі төсекте ашық-шашық жатыр екен. Жамылғының жерге түciп жатқанына қарағанда төсектегі арпалыс алапат болғанға ұқсайды.
Еңгезердей екі бейтанысты көргенде «шошып кеткен» қыз дауысын қатты шығармаса да «баж» еткендей болып орнынан ыршып тұрды да жастықпен бүркеніп отыра кетті. Осы кезде бip сәтке болса да «клиенттің» басы қыздың жамбасының астында қалды. Ә дегенде не болғанын ұқпай қалған жігіттің жүзінен біз үрейді айтпай ұқтық. Ол бейне бip қол-аяғы сал болып қалған адамша көзі бақырайып бізге қарап қатып қалыпты. Tiл-ayыздан да айырылған. Жігіттің есеңгіреген осы сәтін пайдаланған Гадо барысша атылып барды да «клиентті» кеудеден баса қалды. Сөйтті де тапаншаны шекесіне тіреген күйі:
– Бір дыбыс шыгарсаң жаныңды жаһаннамға жіберемін. Қолыңды желкеңе қой да етпетіңнен жат! – деп ызғар шаша бұйырып, жайлап тұра бастады. – Жылдам!
«Клиентте» өң-түс жоқ, тіпті қозғалуға мұршасы келмеді.
– На живо, сука! – Гадо тістеніп жандарына жетіп барғанда, Света ақ сазандай шоршып түсіп, бөксесін жарқ еткізіп етпетінен жата қалды. Жігіт есін енді жиғандай болды. Екеумізге кезек-кезек қарап алды да, еркінен тыс еріне қимылдап, қыздың қасына қисая кетті. Қолын төбесіне қойып сұлық қалды.
Ендігі іс менікі еді. Дереу шкафтан алдын ала дайындап қойған жіп пен желімді лентаны алып екеуін де жақсылап матадым да, шалқаларынан салып қойдым. «Клиентіміз» қарсылық білдіруді ойлаған да жоқ. Тіпті біздің кім екенімізді, неге келгенімізді де сұраған жоқ. Соған қарап мен оның әлденені ұққанын, желдің қайдан соғатынын сезгенін білгендей болдым. Дәл осы кезде Света да өз рөлін сәтті ойнап шыға алмады. Және мен де қателік жіберіп алдым. Барған бетте жіп пен желімді лента жатқан жәшікті «дәл» тауып аштым. Осының бәрін сезбейтін жігіт ақымақ емес.
Бірақ, оның сезген-сезбегені бізге аса үлкен бөгет емес еді. Негізгі «жұмысты» Боряға екі ауыз сөзбен түсіндірдік те, оның киімдерін қағып-сілке бастадық. Алайда мардымды ештеңе шықпады. Бар жоғы, портмоне, тарақ, екі-үш таблетка аспирин, беторамал мен қойын кітапшасы және кілт.
Гадо оған үй-жайы туралы бірер сауал қойды. Ол сол сауалдарға орай басын изеп, не шайқап жауап беріп отырды. Әңгіме барысында жігіт жауабын ұқпайды деп ойлады ма аузын желімдеген лентаны ал дегендей ыммен белгі берді.
– Мына қаншықты алып кет, киінсін, – деді Гадо әдейі қатаң бүйрық беріп. – Ал мен мынаумен әңгімелесе тұрайын… – деп, оның аузындағы желімді лентаны ала бастады. – Егер айқайлап, дауыс көтеремін десең өз обалың өзіңе…
– Мен бәрін ұқтым. Ешқандай да ағаттық болмайды, – деп «клиентіміз» тез ыңғайға көне қойды.
Бұл кезде мен Светаны төсектен тұрғызып, аяқ-қолын шештім де киім-кешектерін алып келесі бөлмеге жетелей жөнелдім.
– Машинада күзетшісі отыр, Андрей деген! Не істейміз? – деді Света желімді лентадан босанысымен.
– Қандай күзетші? Қайдағы күзетші? – дедім мен өз құлағыма өзім сенбей.
– Кәдімгі, жеке күзетшісі. Маған көтерілерде оны машинада қалдырып кeтіптi. Мен бұлай болады деп ойлаған жоқ едім. Күзетшісі болатынын ескермеппін, – деп бұрқылдап жүріп киініп жатқан Светаның иығынан қапсыра ұстап сілкілей бастадым.
– Дура! Неге бізге ертерек айтпадың. Мүмкін ол қарулы шығар. Бәрін бүлдірдің. Сен мұны әдейі істедің, әдейі!
– Айқайлама! Енді бәpiбip кеш! Ол қазір машинада ұйықтап жатыр, – деп сыбырлады Света. – Мен оны барып шақырып келуіме болады. Шеф шақырып жатыр десем, құрдай жорғалайды. Ал, Бористе телефон жоқ.
– Солай ма?..
– Иә, солай.
– Жә, сен осында қал. Бөлмеден шығушы болма. Мен қазір келемін.
Светаны қалдырып мен Гадоға келсем, ол көңілді екен.
– Бәpi тамаша. Бізге ақылды жігіт жолығыпты. Ақша деген сөз емес, тек жанымды қалдырсаңдар болды дейді. Оның жанының қанша қажеті бар, ә?
Өзінің «өткір» қалжыңына кеңкілдей күлген Гадо клиенттің аузын тағы желімді лентамен жапсыра бастады.
Екеулеп жүріп клиенті қайыра мықтап байладық та, бip мәрте тексеріп көріп, мен Гадоны оңаша алып шығып, болған жайды айттым. Таң қалғаным, тәжік бұған еш сасқан жоқ. Кәдімгідей таудағы ауылында, туғандарының ортасында тұрғандай, жағасы жайлауда.
– Да хер с ним, Кот! Не велика беда. Ол келмесе, біз барамыз. Бip күзетшіге шамамыз келетін шығар! – деп қолындагы тэтэшнигін маған бepiп жатып, қойнынан жарқ еткізіп кездігін суырып алды. – Егер мүлт кеткендей болсам, көмекке келерсің. Жібер қызды. Шақырып келсін…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).