Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
Менің реакциямды бақылап отырған Света сұқ саусағымен ернін басып, «үндеме» деп белгі берді. Ол Бористі қайдан табуға болатынын сұрап, алғысын білдіріп, телефонды қойды.
– Мен қазір тағы бір жерге қоңырау шаламын, ол сонда болуы керек, – деді ол қойын дәптерін парақтап жатып.
Бұл жолы қоңырау сәтті болды. Света бірден рөлге кірді. Оның дауысы нық әрі сенімді шықты. Керек жерінде ойнақылық танытып, арғы жақтағыны ынтықтыра түсті. Енді бір сәт қобалжығандай болып астыңғы ернін тістеп, ұзын тырнақтарын «тық-тық» еткізіп бір біріне соғып та қойды.
Мен жігітіміздің не айтқанын нақты ести алмадым. Тек кейбір сөздері ғана жарықшақтанып жетіп жатты. Әйтсе де екеудің әңгімесі ұзаққа созылды. Сөз саптауларға қарағанда олардың арасында қандай да бір жабық сауда болғаны анық. «Клиенттің» қаланың бір шетінен екінші шетіне қыздың құр жымиғанын көру үшін ғана келмейтінін, нақтылы әрекеттерді талап еткенін де аңғару қиын емес. Оған да негіз жоқ емес қой. Бұған дейін жігіт қаншама рет тұлыпқа мөңіреген сиырдай құр телмірумен жүрді. Қаншама рет талабы тауға шағылып, сәтсіз кездесулермен ғана аяқталды. Бұл жолы да солай болмасына кім кепіл. Сондықтан да жігітіміз қыздың өзін шынайы пейілмен шақырып отырғанына көз жеткізіп, сенімді болуы үшін ұзақ саудаласты. Ақыры олар келісімге келді. Света сағатқа қарап, оны он мен он бірдің аралығында күтетінін айтты. «Егер, мүмкіндік болса, осында, менің үйімде қалармыз», – деп қосты ол. Сөйтті де телефонды қойды.
– Бәрі жақсы, – деді сосын ол маған бұрылып. Екеуара әңгіменің де шет жағасын баяндап өтті. Онымен кездесуді қалай талап еткенін түсіндірді.
– Өзі пысық, дәл қазір көлік жібергісі келді…
Тым сөзшең болып кеткенін байқады ма қыз бір сәт үнсіз қалды. Тек, сәлден соң барып:
– Сен неге үндемейсің? – деді.
Света, мені алғаш рет «сен» деп атады. Маған ол бір түрлі моральдық қолдау күткендей болып көрінді. Бірақ, онысын сездірмеуге тырысты.
– Бәрі айтылды ғой, – деп жауап бердім мен диванға отырып жатып. – Енді ақырын күтеміз…
Мен қызды бірінші рет көргендей барлап қарай бастадым. Құлын мүшесі құлқыныңа құрт түсірердей екен. Тоқ балтыры мен оқтаудай түп-түзу аяқтары оның қолдан қашалғандай дене пішіміне жараса қалған. Сезімге ерік берсем, қызды әпсәтте-ақ ырқыма көндіріп алар едім. Бірақ мені арадағы әлде бір перде еріксіз тоқтата берді. Оның үстіне нәпсіге бой алдырып, бойдағы қуатымды босқа сарп еткім де келмеді.
Света да осыны сезгендей ме, қалай. Жайлап қасыма келіп жайғасты. Менен әлде бір әрекет күткен сыңайлы. Онысы бүгінгі шаруамызға мүлдем қатысы жоқ әлденелерді сөз ете бастағынанын да айқын аңғарылып тұр.
– Сенің шын ныспың кім өзі? – деп сұрады ол естілер-естілмес дауыспен. «Кот» деген лақап атыңнан басқаны білмейді екем…
– Мұның өзі аз емес қой, – дедім мен қызға сынай көз тастап. – Андрей, – дедім сосын сәл жымиып.
Әрі қарай не болатынын ойша болжап та отырғам. Бірақ, бәрі мен күтпегендей болды. Бикешім менен өзім жайлы емес, Гадо жайлы, онымен қарым-қатынасымыз жайлы анықтап сұрай бастады. Байқаймын, сұлуымыз уақытты босқа өткізбеген тәрізді. Қыздың сөз саптасынан «ақшаны екеуміз тең бөліп алайық» деген ымыраны айқын аңғардым. Әлі қолымызға түспеген қаржыны бөліп қойған оның айлакерлігі мен сұрқия пиғылына тіксініп қалдым. Онымды сездірмеуге тырыстым. Енді мені қыздың сұрқия жоспары қызықтыра бастады. Нендей әрекет ұсынар екен, Гадоны да «клиенттің» соңынан аттандырайық дер ме екен, әлде, ақшаның бары осы ғана болды деп қомақтысын жасырып қалайық дер ме екен.
Әрине, қыздың оңайлықпен сырын ақтара салмайтынын біліп отырмын. Тым ақылды және сақ. «Оның ішкі жоспарын білу үшін төсек ләззаты керек. Тілді шешетін де, сананы серпілтетін де тек төсек сиқыры. Онсыз қыздың ойын білу екі талай» деп ойладым мен. Сол ойымды жүзеге асыру үшін мен оны толық барлай бастадым. Пәтеріне қарағанда мынадай «жылы ұя» жасау үшін әйелдер шаштаразы болу әсте аздық етер еді. Өйткені, мұнда Мәскеудегідей бай бикештер мен актрисалар жоқ, салонның табалдырғын тоздыратын. Тіпті, солай болған күнде де кеше ғана мамандықты меңгерген шүйкебас қыздың осынша табыс табуы ақылға симайды. Мұндай пәтерде тек «мамандардың маманы» ғана тұрса керек. Өйткені қыздың шағын пәтері шын мәнінде мұнтаздай, жиһаздары үйлесім тауып орналасқан, көз тартарлық еді. Әлде, әкесінің арқасы ма? Олай дейін десем, әкесі о дүниелік болғаны қашан. Осы жайлы сұрайын деп ойладым да ол ойымнан тез қайттым. Әккі қыз оп-оңай өтірік айта салуы әбден кәдік. Тіпті сезіктеніп, бойын аулақ ұстауы да мүмкін.
Әрине, оқиғаның барысын өзгертуге де болар еді. Бәріне қолды бір сілтеп, жөнімізге кетсек бізге ешкім кедергі болмасы анық. Десек те, біз оның тұзағына түсіп қалған аң сияқтымыз. Оны қыз да түсінеді. Біз уәдеден тайып, табанымызды жалтыратқан күнде қыздың «кеңседегілерге» қоңырау шалмасына кім кепіл. Оның осылай бізден «кек алуы» әбден кәдік қой. Ал «клиентпен» арадағы кикілжіңді шешу әккі қызға еш қиындық тудырмасы анық. Жігітке бір түн төсек ләззатын сыйласа, іс тынып жатыр. Тіпті, ақшалы да болып шыға келуі мүмкін.
Маған бір сәт біздің жағдайымыз тым мүшкіл сияқты болып кетті. Осыған дейін істеген ісіміз бен ойға алған жоспарларымызды дереу ой елегінен өткізіп, шамам жеткенше талдап, алдын-ала есептеулер жасап та үлгердім. Мені таң қалдырғаны қыздың осыншалық салқынқандылық танытқаны. Бізбен танысқанына бар жоғы бірнеше сағаттар ғана өтсе де, біздің оған көмектесетінімізге соншалықты сенімді болғанын қалай түсінуге болады. Не деген жүйке. Станцияның атын білеміз. Оған қалай баруға болатынын да өз қолымен сызып берді. Қолды бір сілтеп кетіп қалсақ, діттеген жерімізге еш қиындықсыз жетер едік қой. Бірақ, қыз біздің ондай тәуекел жасамайтынымызды қалай біліп отыр. Несімен бізді арбап алды. Менің миым соған жетпей тұр. Өзіме өзім қарап тұрып жыным келді. Қаным басыма шауып, көз алдым бұлдырай бастады. Бір сәт қызды иттің етінен де жаман жек көріп кеттім. Бәлкім бұл менің әлсіздігім, дәрменсіздігім болар. Соны сездірмес үшін дереу қимылға кірістім. Шат қимылдап қыздың үстіндегі халаттың өңірін «дар» еткізіп қақ айырдым. Қыз да осылай боларын күткен сияқты. Менің әрекетімді олда қайталады. Менің де жейдем екі айырылып, иығымнан сырғып түсті. Екеуміз ұмыр-жұмар төсекке құладық…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).