Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Біз осылай артынып-тартынып келгенде, Гадо үйлерден сәл алыстау ескі сарайдың бұрышында бүрісіп отыр екен. Суықтан әбден жаураса керек, көгере бастапты.
– Мә, ки! – деп сөмкеден бір куртканы алып қолына ұстаттым. – Ең арзаны. Қазір кепка берем…
Осы жерде өзім де «жаңа» дүниелерімді үстіме киіп алдым. Базарда киінсем жұрт көзіне түсетіндей болған едім. Сөйттік те жаңа серігіміздің соңына ердік. Ол базардан онша алыс тұрмайды екен. Бізді екінші қабаттағы екі бөлмелі пәтеріне алып келді. Бұрынғы шахтер, бүгінгі қоғамның назарынан тыс, ұмыт қалған заттай болған мүгедек осы үйде сопа басы үш жыл тұрып жатыр екен. Тек қаланың басқа шетінде тұратын тұрмыстағы қызы мен күйеу баласы ғана анда-санда келіп, үй ішін жинастырып, шалға тамақ-ас алып беретіні болмаса, адам аса көп келе қоймайтын мекен-жай. Шалдың қазіргі ісі – алатын қомақтылау зейнетақысын мерзімінен бұрын ішіп құрту. Үй ішінде де іліп аларлық дүние-мүлік қалмаған. Бәрі «жынды судың» құзырында кетсе керек. Тек мына екі бөлмелі пәтер ғана қызының арқасында аман-сау тұр. «Егер Галка болмаса, бұл пәтерді де ішіп қоятын едім, шешесін…» деп Толя қолын сермеп қояды.
Жаңа серігіміздің есімі Толя екенін мана базарда біліп алғам. Әйелі ертеректе рактан өлген екен, ал басқа әйелдерге бұл майлап берсе де керек емес көрінеді. Өз сөзі солай.
Біз ә дегеннен керекті адамға кезіккенімізді ұқтық. Мүгедек шахтерға ақаңнан басқа нәрсе керек те емес. Бір жақсысы кім екенімізді, қайдан болатынымызды қазбалап сұрамады да. Біздің бұл маңайдан емес екенімізді ол бағана базарда-ақ ұққаны сөзсіз. Бірақ, бізден сезіктеніп, қорғанатындай оның еш байлығы да жоқ еді. Мен үйге кірісімен Толяның екі бөлмесін, ас үйін тегіс шарлап шыққан едім. Шаң басқан ескі телевизор мен тозығы жеткен одеялдан басқа қолға тиер ештеңе байқамадым. Осы күйінде біздің барактан артықшылығын көрмедім.
Жалпы, маған мынадай бостандықтан гөрі түрмедегі өмір көш ілгері сияқты болды. Мынау не тірлік? Мына шал қырық жасқа дейін көртышқандай жер тесті, қырықтан кейін сол көрген ауыртпалықтарын ұмытайын деп ішкілікке салынды. Енді осылай ешкімге керексіз болып жүріп, ит өліммен өледі. Сонда бұл өмірден не қызық көрді?
Сағат үштен он бес минут кеткен екен. Бұл кезде Толик өлі ұйқыға кеткен болатын. Манағы, базардағы жүз грамм мен үйге келген соң ашылған бір шөлмек оны омпасынан түсірді. Стол үстінде әлі аузы ашылмаған үш шөлмек тұр. Гадо екеуміз тартынып отырдық. Өзіміздің де Толиктің жанынан орын алатынымызды білдік. Сондықтан сақтық жасадық.
– Телевизор қосып, жергілікті хабарды көрейік…
Менің ойымды Гадо айтқызбай ұқты. Қашқындар туралы телевизордан хабар берілмей қалуы мүмкін емес еді.
– Қос, тек дауысын азайтып қой. Бұл үйлердің қабырғалары биттің қабындай жұқа болады.
– Көршім бір жас әйел деп еді ғой мана Толик. Ол маскүнемнің үйінен не бітіреді?
Телевизорды қосып, қажетті программаны тауып алдым. Арада қырық минут өткенде біз күткен хабар да басталды. Диктор қыз қазір бірер минуттан кейін облыстық ІІБ-нің жауапты қызметкері өткен түнде жақын маңдағы қатаң режимдегі колонияның бірінен қарулы қылмыскерлердің қашқандығы туралы хабарлайтындығын айтты. Осы кезде экранға желкесін май басқан семіз тип шықты да, үш қаныпезер рецидивистің сақшыны атып өлтіріп, оның автоматын алып қашып кеткендігі туралы айта келіп, біздің түрмедегі құжаттарға түскен суреттерімізді көрсете бастады. Әрине, бізді басымыздан аяғымызға дейін сипаттауды да ұмытқан жоқ.
Өзімізді өзіміз телевизордан көру бізге қызықты да болды. Алайда, суреттеріміз өзімізге онша ұқсай қоймайтын сияқты, көмескілеу. Десек те, мұндай нәрсе адам жадына тез жатталып қалады ғой. Хабарға қарағанда біз жайында бұған дейін де екі-үш не одан да көп айтылғанға ұқсайды. Ең бастысы, Пепел пері әлі бостандықта екенін ұқтық. Егер ол қолға түскен болса, оның суретін көрсетпеген болар еді. Неге? Өйткені үш адамға қарағанда екеудің бейнесін жаттап қалу жеңілірек қой.
Мен бүгін бізді жақыннан көрген адамдарды есіме түсіріп, санай бастадым. Бас-аяғы алты адам. Бір жақсысы көршілерден ешкім болған жоқ сияқты. Мүмкін үйге кіріп келе жатқанымызды терезеден байқап қалғандары болуы мүмкін. Бірақ, олар түр-түсімізді бажайлап үлгерді дей алмаймын. Оған да шүкір. Өйткені бізді көрдім, білдім дегендер болса, тиісті жерге хабарлауларын, біз үшін әжептәуір қомақты сомада сыйақы тағайындалғанын да айтып жатты. Мына заманда ақша үшін кім-кім де қимылдап қалары анық. Осыны ойлағанда арқамнан мың сан құмырсқа жүгіріп өткендей, денем тітіркеніп кетті.
Бұл кезде Толя өзінің нэповтардан қалған темір сеткалы керуетінде қорылға басып жатқан. Ол ештеңеден хабарсыз. Гадо диванда шалқайып отырған күйі үнсіз. Маған бірі сәт ол да ұйықтап жатқандай көрінді. Бірақ, ол ояу еді. Тек қалың ойда. Қала өте шағын, небәрі жиырма мың түрғыны бар, итіне дейін белгілі. Таксистер, жәлептер, бармендер әлдеқашан хабардар болған шығар. Автобустардың жүргізушілеріне де біздің рожамыз таныстырылып үлгерілді.
Түнде менттердің патруль мен күзетті нығайтары сөзсіз. Орманға шығар жолдар мықты күзетке алынған. Жорғалаған жылан да өте алмайды. Ондай жолдардың өзі үш-төртеу-ақ болар. Жалпы, біз шахтерды жолбастаушы етіп алуымызға болады. Бірақ, кім біледі, көшенің бір бұрышында шала бауыздалған ешкідей бақырмасына. Негізі алқаш деген халық тұрақсыз келеді. Ақша беріп алдауға да болар еді. Бірақ, біздің өзімізде ол аз. Ал, алда қандай жол күтіп тұрғанын кім біледі.
Аударған Ізтай Белгібайұлы.(Жалғасы бар).