Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Түнгі арпалыс бар, оның үстіне коньяктің буы буынға түсті ме, «жастыққа» басымыз тиісімен қатып қалыппыз. Қандай түс көргенім есімде жоқ. Мүмкін түс көрмеген де шығармын. Әйтеуір, Гадоның жұлқылауынан оянып кеттім. Ол мені ұйқымды ашып, қай жерде жатқанымды түсінетіндей қалыпқа келгенімше жұлқылады. Будканың жоғарғы жағындағы люктің жақтауынан түскен жарық уақыттың біраз болғанын білдірді. Таң атқан. Біраз ұйықтасақ керек.
– Сағат қанша болды екен? – деп сұрадым мен Гадодан ұйқылы-ояу.
– Сағаттың қанша екенін сайтаным біліп пе? Бірақ, ұйқының әкесін танытыппыз.
Оның үнінен әлде неге қапалы, ренжулі екенін ұқтым. Сыры көпке бармай-ақ белгілі болды.
– Ұйқыдан өлгендей-ақ екенбіз. Тіпті, ана сайтан алғыр фрайерская падаль қолымыздағы автоматты алып, тайып тұрғанын да сезбей қалыппыз…
– Не?
Мен орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмей қалдым. Егер Гадо етегімнен тартып қалмағанда, «техпомощтың» жақтауындағы жәшіккө төбеммен ұрылып, қан жоса болып жататын едім. Жанталасып жан-жағыма қарасам, Пепел шынында да зытып отырыпты. Ең өкініштісі, біз арқа сүйеп отырған «калашников» қолды болған. Мен жайлап есікке таядым. Есік толық жабылмапты. Сірә, бізді оянып кетеді деп қорыққан болуы керек, есікті қиюластырып қана қоя салған. Бір жағынан асыққан да шығар.
Есікті жайлап жауып, орныма жете бергенімде қабырғаға таяу жерге қойған етігімнің жоқ екенін көрдім. Жанталасып будканың ішін, бұрыш-бұрышын тінтіп шықтым, Жоқ. Көкке ұшқандай. Гадо әлі ауыр ой үстінде отырғандықтан ештеңе сезген жоқ еді. Мен бәрінен күдер үзген соң, оның жанына келіп тізе бүктім. Сөйттім де Гадоға қолды болған тек «калашников» қана емес, ұлтанына ақша тығылған менің етігімнің де Пепелмен «еріп» кеткенін айтқанымда Гадо жынданып кете жаздады.
– О, Аллаһ! Неге ғана мен кеше оған мәйітханаға жолдама жазып бермедім екен. Тимур туралы «құсығын» ақтарған кезде, кеңірдегін орып жіберсем, менің қолымды ешкім қақпайтын еді ғой. Есек, нағыз есек екенмін, – деп біресе тәжікше, біресе орысша боқтық сөздерді боратқан Гадо шекесін қос қолдай сығымдап, бүк түсіп отырып қалды.
– Бәрі кеш, Гадо! Ол етікте ақша бар екенін білмейтін. Оны лагерьлік логика жетелеген. Бар кінә өзімнен, етікті шешпеуім керек еді… Жә, өкінгенмен орнына келмейді. Әйтеуір дәтке қуат, бізде «ствол» қалды. Запас оқшантайлар бар… Енді ертеңгі күнді ойлауымыз керек. Есіңді жи, Гадо…
***
Аяқ астынан болған оқиға Гадоны сең соққандай етті. Мұндай «крысятничествоны» тіптен күтпеген едік. Барлық жоспардың астан-кестеңін шығарды. Енді бұл жерде бір минут та аялдауға болмайтын еді. Ебін тауып зыту керек. Кім біледі «козелдың» нені бүлдіргенін. Қолында автоматы бар сезікті жан көзден таса қалуы мүмкін емес. Онсыз да қызыл жағалылар дүрбелең үстінде. Ол қолға түсті дегенше, бәрі бітті дей бер. Менттер оның тілін шешудің түрлі айласын табады. Әркімнің терісі өзіне қымбат. Жалмауызға да жан керек. Сәл қысып жіберсе болды, бәрін сайрап береді. Мұндай екі жүзді жандардан бәрін күтуге болады. Бұл қылығының жиырма жыл өтсе де кешірілмесін ол жақсы біледі де. Ендігі оның орны «шерстяныйлар» мен «мах- новшылардың» ортасы. Қай түрме, қай зонада болса да, ол енді одиночкалар мен «гашеный» хаталардан шықпас. Қарақшылар қашанда қараулық жасауға әзір тұрады. Олар нәжіске ұмтылған қара шыбын сияқты. Кейбір жағдайда ғана олар өздерін приличный адамдай көрсетеді. Пепел да осылай жасанды перде жамылып жүр екен. Әттең… Біз көп нәрсені ескермедік. Бәрі де артта қалды деп өзімізді босаңсытып алдық.
– Енді қандай ұсынысың бар? – деді Гадо шаршаңқы жүзбен.
– Әуелі будканың есігін мықтап жап, – дедім мен, инициативаның бір сәт өзіме ауғанын пайдаланып. Гадо айтқанымды үнсіз тыңдап, орнына келіп отырды.
– Менде әлі де алты жүз доллардай бар, оған сендегіні қоссақ… Ең әуелі бізге жеңілдеу куртка, кепка сияқты бірдеңелер сатып алу керек. Қырымда жүргеніміз жоқ. Онымыз сырт пішінімізді аздап болса да өзгертеді. Ал, сосын қайда барамыз? Мысалы, мен үшін әлі қараңғы түн сияқты. Оның үстіне сыртта үргін-сүргін әлі басылған жоқ. Қайта жел үрлеген өрттей қаулап тұрған шығар. Біздің «рожамыздың» әрбір бағанада жапсырулы тұрғаны да анық. Тіпті жергілікті теледидардан да көрсетіп жатпасына кім кепіл… Абзалы әлі де болса бір жерде бой тасалаған жөн. Бірақ қайда?
– Гәп сонда болып тұр емес пе? Ана азғын барлығын быт-шыт қылды. Білсең, біздің мұнда қараңғы түскенше де аялдауға хақымыз жоқ. Бір-ақ амал бар. Қала сыртына, орманға кетуіміз керек. Ал оған жету мүмкн емес. Ух!
Гадо өзін қоярға жер таппай айнала дөңбекшіді. Ызадан саусақтарын сындырып жіберердей қатты сықыр-сықыр еткізді.
– Қазір сағат он бір, он екілердің шамасы, – деді ол. – Егер сол біз айтқандай мезгіл болса, түскі үзіліс кезіндегі абыр-сабыр адамдарға араласьп кетуге болады. Бірақ, біз қаланы да жөнді білмейміз. Адасып жүріп көзге түсіп қалу да оп-оңай. Бізді біреу-міреу танып қалса жақын маңдағы «мусорларға» хабарлауы сөзсіз.
– Мүмкін бір пәтерді «перехватить етіп» алып, сонда көз байланғанға дейін отырармыз, – деген ұсыныс айттым. Мұндай ой Гадоның да қауғасында болса керек, құптағандай болды.
– Ол да болады. Тек қараңғы түскенше дейін ғана. Әттең, ондай оңтайлы сәт туа қойса ғой. Сен барған үйде адам қарасы кеп болса қайтесің? Айқай-шу, оған көршілер қосылады… Ондай болмаған күннің өзінде үй иелері кешке жұмыстан келсе қайтпекпіз? Өзіңді-өзің тұзаққа түсіргенмен бірдей емес пе ол. Бәрі қауіпті, бір оңтайға келері болсайшы. Ах, шеш!.. Құр импровизация бізге не берер…
Аударған Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).