Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Бар болғаны гараждың дәл осындай жерде орналасуы осындай шешім жасауға ықпал еткені анық. Тек осында жасырыну идеясын дәл таба білгені үшін ғана Тимур бәрімізден бір саты жоғары тұр.
Гадо еріксіз басын шайқап, мырс етіп күліп жіберді, Негізі тәжіктің дәті мықты. Анау-мынауға көп еріп, еліктей, елегізи бермейді. Тек шын тәнті болғанда ғана дәл осылай басын шайқап, бір мырс ете қалады. Бұл жолы да сөйтті.
– Молодец! – деді де жүргізушіні кеуде тұстан зілсіз түйіп қалды. – Кеттік. Біз үшін әр минут алтыннан да қымбат.
Тимур бізге қалаға жеткенше қараңғы будкада дыбыссыз отыруымыз қажеттігін ескертті. Ол есіктің іштен қалай жабылатынын да көрсетті. Сөйтті де қораптан түсіп бара жатып:
– Менде екі шиша коньяк пен тіске басарлар бар. Қалай қарайсыңдар? – деп жымиып қойды.
Біз бір-бірімізге қарап оның еш зияны болмайтынын ұқтық. Дәрігерлер тілімен айтқанда, стрессті қайтаруға қажет еді ол бізге.
– Қазір әкелем, – деп Тимур кабинаға қарай кетті.
Арада он минуттай өткенде, біз гаражға келіп кірдік. Ал тағы бір он минуттай өткенде біз коньякті ашып, көмей жібітіп жаттық. Фрицтің өлімін айтпағанда, бәрі ойдағыдай өтуде. Тек Пепел ғана серігін іздейтін секілді. Тағдыр деген сол. Жазмыштан озмыш жоқ дейді. Пешенеңе жазылғаны сол болса, дәм-тұзың таусылған күні бұл фәниден бақилық болып кете барасың. Фрицтің орнында кез-келгеніміз болуымыз мүмкін еді ғой, егер маңдайымызға жазылса. Енді оған еш көмек жасай алмаймыз. Тек топырағы торқа болсын. Өлер адам өліп кетті. Ал тірі адам тіршілігін жасауы керек. Фрицті еске ала отырып, Пепелге ақыл да айтып қоямыз. Осылай өзімізше өмір мен өлімнің жеңісін «атап» өткен болдық.
Коньяктің қызуы ма бойым ысиын деді. Үстімдегі робаны, етікті шешіп тастап, ерікті жандардай костюм-шалбармен қалдым. Денемді жеп-жеңіл сезінемін. Рас, туфли аздап аяғымды қысатын сияқгы. Бірақ ол ұзақ жылдар бойы шуаш сасыған шұлғауға тұншығып керзі етіктің ішінде тер-тер болып жүргенге қарағанда, айтуға тұрмайтын нәрсе еді.
Біз сыбырлап қана әңгімелесіп отырдық. Кейде балалар сияқты, иә болмаса ұрылар сияқты сырттағы тысырға құлақ түріп тым-тырыс бола қаламыз. Бірақ көңіл-күйіміз көтеріңкі.
Мен де, Пепел де ертеңгі күйімізді, бағыт-бағдарымызды білуге асығулы едік. Өйткені, біз үшін ертеңгі күніміз бұлыңғыр. Қай жаққа бет аламыз, қай жерде бөлінеміз, ол жағы белгісіз. Әуелде бір түн асырғаннан кейін екі-екіден бөлінетін болып келіскенбіз. Бірақ, Пепел жалғыз қалды. Ол қай жақты бетке алмақ. Алайда мен сабырлық сақтап үндемедім. Гадоның артық сауалдар қойып мазасын алмайын. Қажет болса Пепел бірінші болып бастар деп түйгенмін. Ол ойым рас болып шықты. Шынында да көп күттірместен, әңгімені Пепел бастады. Әңгіме қалай тез басталса, солай тез аяқталды. Оған тағы Пепел себепкер болды. Ертең біз екеуміз, ол жалғыз болып екіге бөлінетінімізді естігенде, таза жүнжіп кетті. Манағы тасып отырған көңілі су сепкендей басылды. Ақшасының аздығын, бұл жерді жақсы білмейтінін, таныстарының жоқтығын айтып төмен қарап жер шұқып отырып қалды. Жалғыз өзінің менттардың құрсауынан аман құтыларына күмәнді екенін де жасырған жоқ.
Тәжік те мәймөңкілеген жоқ, турасын айтты. Үшеу болып жүру өте қауіпті, әрі сезікті екенін ескерте келіп, жолымыз бөлек дегенді ашып айтты. Жалынып, жалбарынғанынан да ештеңе түспейтінін Пепел де ұқты. Енді ол басқа қырынан келді. Ол ең жиіркенішті, азғындықтың әрекеттері еді. Пепел кездейсоқ менттардың қолына түсіп қалса, серіктері туралы тақымға қыл бұрау салып отырып сұрайтынын тілгө тиек өтті. Көпті көрген кәрі тарлан емес пе, Гадо бірдөн жолын кесіп тастады. Сөйтті де, тісінің арасынан сыздықтата, тістене отырып, оның қылығын түсінікті етіп расшифровкалап, мұның нәтижесі қандай болатынын да жайлап түсіндірді.
– Тыңда сен! – деді Гадо, «сен» деген сөзге салмақ сала сөйлеп. – Егер сенің кесіріңнен Тимур қырсыққа іліксе еш жақсылық күтпе, көп өмір сүрмейсің. Қашан айттың деме. Мен айтқан сөзімді желге тастаған емеспін!
Гадоның соңғы сөзі салмақты да үрейлі шықты.
– Мен оны бір не екі айдан кейін естуім мүмкін… Жердің жарығына кіріп кетсең де тауып аламын. Тіпті Златоуста, одиночкада отырсаң да. Одан кейін…
Екі ортада әлде бір ыңғайсыздық орнады. Пепел өзінің ойламай сөйлеп от басқанын сонда барып білді. Бірақ, бәрі кеш еді. Ауыздан шыққан сөз торғай емес.
– Оның екі баласы бар, Пепел… Осыны ана тобатайыңдағы шалабыңа шылап ал. Тимурдай адамдар өмірде өте сирек. Тіпті, бір-ақ рет кездеседі. Бір-ақ рет, білдің бе!
Осымен жүргізуші туралы әңгімеге толық нүкте қойылды. Алайда, қиындықтарды бір көрген «қанды көйлек» жолдас емес пе, Пепелге алғашқы уақытқа деп аздап ақша беруді ұйғардық. Бұл ой Пепелдің аз да болса көңіліндегі күдікті сейілткендей болды. Шынында ақшасыз ол адымын аша алмас еді. Біз қоштасып, айырылысқаннан кейін-ақ тұзаққа түсері анық. Ол бізден не «стволды», не «тэтэшникті» беруді сұрады. Алайда, тәжік қару туралы әңгімені үзілді-кесілді кесіп тастады. Мен «тэтэшникті», Гадо автоматты өлсек те бермейтініміз анық. Ондағы бір-бір оқты – соңғы оқты өзімізге арнап та қойдық.
Иә, зонаға қайтып бару өзіңе-өзің ор қазғанмен бірдей. Енді бір түссең, одан қайтып шығар жол жоқ. Егер сенен бір түйір ет лагерьлік сотқа дейін сау жеткен күнде де оған он бес, жиырма жылды шаншып отқа қақтай салады. Біздің еліміз біз сияқтылардан өзін емдеудің жолын біледі. Ықылым заманнан бері әр қоғам өзін әртүрлі жолмен емдеп келіпті. Әсіресе, біз сияқтылардан алғашқы болып құтылғанша асық болады. Өйткені, біз қай нәрсеге болмасын өзімізді емес өзгені кінәлауға дайын тұрамыз ғой. Бір ғажабы, қоғам біз сияқтыларды қанша құртам дегенше олар өсіп көбейе түседі. Қазіргі қоғамның жүз процөнттік «қалдығы» біз екеніміз даусыз. Бірақ сол қалдықтардың өзі тірі қалғысы келетіні тағы табиғи заңдылық.
Коғам қалдық деп шетке шығарып тастағандар да өзге қоғамдастарындай өмір сүргісі келеді. Олар да академик, әнші, шенеунік, генерал, бизнесмен сияқты киініп, ішіп-жегенді ұнатады. Сондықтан да солар сияқты ортақ қоржынға қол салып, халықтан артық қарпып қалуды қалайды. Өйткені, жоғарыда аталғандар да халықтың үстінен күн көріп отырғандар. Бірақ, сәл басқаша, сыпайы түрмен. Сондықтан да олар бізден жоғары тұр.
Бірде сыбырласып, бірде тың тыңдай отырып біз екі сағат, не одан көп уақыт әңгімелестік. Осылайша өзімізше уақыт өлтірген болып отырдық та, әрқайсымыз өзімізге қолайлы деген жерге жантая кетіп, ұйқыға бас қойдық.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).