Бүгінде тек Жапон елі ғана емес, төрткіл дүниенің назарын аударып жатқан
каратэ спорты қазақ жерінде де кең таралған. Аталмыш спорт түрінен Жезқазған қаласында облыстық турнир өтті. Дүбірлі дода Сәтбаев қаласының құрметті
азаматы, қоғам қайраткері Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетовті еске алуға
арналды.
Саналы ғұмырында сан саланы басқарған арда азамат 2003 жылдан бастап сол кездегі Қарағанды облыстық каратэ-до киокушинкай федерациясының президенті қызметін атқарған болатын. Сол кезеңдерде Жезқазған, Сәтбаев қалаларында халықаралық, республикалық деңгейде турнирлер, чемпионаттар, кубоктар жүйелі түрде өтіп отырды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкіров, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров сынды азаматтар және Қанат Сұлтанұлының отбасы мен жақындары қонақ болып қатысты.
Каратэ негізінен ұпай жинау бойынша ерекшеленеді. Мұнда бокстағыдай, қорғана жүріп жеңіп кетуге болмайды. Бұл қарусыз қорғанудың бір түрі, қол және аяқпен қарсылас денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруі қажет. Ереже осылай. Шапшаңдық, шыдамдылық және ептілік қасиеттері де барынша шыңдалады. Облыстық турнирге Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан бас-аяғы 200-ден аса жасөспірім қатысты. Додаға қатысушылардың мақсаты бір – ол жеңіске жету. Ал, бұл жарыс жасөспірімдер мен жас спортшылар үшін өз шеберліктерін көрсететін үлкен мүмкіндік болды.
Бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен сайыста мықтыларды анықтау оңай болмады. Барлығы да кәсіби шеберлігімен бір-бірінен асып түспесе, кем болған жоқ. Талабы мен шарты қиын жарыс соңында кіл мықтылар анықталды. Жарыс соңында жас каратэшілер лайықты жүлделермен, алғыс хаттармен марапатталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.