Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің № 36(1789) санынан басталады).
Оқ мен болжағандай сол жақтан қарша борады. Кенет вышканың жақтауына жете берген Фриц қалт тоқтады да, жайлап тізесі бүгіле бастады. Оған оқ тигенін бірден ұқтық.
– Жылдам, жүгіріңдер, – деген Гадоның дауысы бізді тұрған орнымыздан жұлып алғандай болды. Фриц жақтауға асылған күйі қимылсыз қалды.
Денемді діріл билеген мен өз ырқымнан тыс жүрген жандай едім. Басқышпен емес,
ауада қалқып келе жатқандаймын. Жеделдетіп вышканың қоршауынан асып түстім. Сірә еркімнен тыс қимылдасам керек, өз-өзімді ұстай алмай вышканың келесі қалдайы-
на барып соғылдым. Дәл қасымда өлген сақшы бір жағына қарай қисайып жатыр екен. Маңайында ұйыған қан. Иісі қолқамды қапты. Бір сәт лоқсып барып орнымнан тұрдым да, вышканың келесі жағына түстім. Мұнда Гадо мен Пепел күтіп тұр екен. Біз кідірместен жүгіре жөнелдік. Айналаны сиренаның ащы дауысы көміп кетті. Арасында арсылдаған иттердің дауысы да естіледі. Цехтың маңайы асфальтталған еді. Жүгіру көп жеңілдеді.
– Сәлден кейін солға бұрыламыз.
Алдымызда жүгіріп келе жатқан Гадо бізге бұрылмастан жол бағытын айтты да, жүгірісін жылдамдата түсті. Оның соңында келе жатқан Пепел екеуміз де бар күшімізді салып бақтық.
Цехты айнала беріп біз қазылған шұңқырға секіріп-секіріп кеттік. Айнала тастай қараңғы. Цех бір ауысымда жұмыс істейтін болғандықтан маңайдағы жарықтардың бәрін сөндіріп тастаған болатын. Бұл да болса бізге көп көмек тигізді. Шұңқырда жатып біраз тыныстап алдық. Осы жерде Гадо маған «тэтэшникті» беріп тұрып, енді қалай қарай жүретінімізді айтты.
– Қиындық артта қалды. Бұл жерден бізді ешкім ала алмайды, – деді автоматты жоғары көтеріп қойып. – Мұнан да жаман болуы мүмкін еді… Топырағы торқа болсын.
Арада бес-алты минут өткенде біз заводтың территориясынан көп ұзап кеткен едік. Кіре беріс дарбазаның өзі алыстау еді. Ал машина бізді сол дарбазаның маңында күтпек.
– Әне, машина – деді Гадо будка жақты нұсқап.
Расында да стрелочниктің будкасынан он метрдей қашықтықта «техпомощь» тұр екен.
Мен жүргізушіні анықтап көре алмадым. Ол машинаның есігін ашып дайын тұр екен.
Гадо келген бетте оны үнсіз құшақтады да, машинаға ырғып мініп кетті. Оның соңынан біз де зып ете қалдық. Есік тарс жабылды да, машина орнынан қозғалды. Арада бірер минут өткенде бізді зонадан алысқа қарай алып қашқан машина жолға түсіп жүйтки жөнелді. Біздің ешқайсымыз тырс етіп дыбыс шығарған жоқпыз. Сенбейтін де сияқтымыз. Әрқайсымыз өз ойымызбен әуре болып келеміз. Арада он бес-жиырма минуттай уақыт өтті. Осы кезде үнсіздікті Гадо бұзды.
– Енді он-он бес минуттан кейін діттеген жерімізге жетеміз жігіттер. Содан кейін сәтін салса көп жылдар бойы күткен бостандыққа қолымыз жөтеді. Тек бәрі ойдағыдай болсын деп тілейік.
Пепел маған қарама-қарсы отырған еді. Екі көзін Гадодан алар емес. Оған кедімгі әулие-әмбилерге сиынғандай қарайды. Оның бұл түрінен зонадан алыстап кеткеніне әлі де сене алмай отырғанын аңғару қиын емес еді. Менің күлкім келіп кетті.
Кенет машина күрт бұрылды да сәлден соң тоқтады. Ол бұрылған кезде біз машинаның келесі бұрышына домалап кеткенбіз. Өз-өзімізге келіп орнымыздан тұрғанша жүргізуші келіп есік ашты.
– Қорықпаңдар, – деді ол қорапқа мініп есікті жайлап жауып жатып. – Біз қалаға келіп жеттік. Енді қайда баратынымызды анықтап алғанымыз дұрыс… Менде екі ұсыныс бар – бірден біздің үйге бару, не болмаса гаражға. Өздерің шешіңдер.
– Қайсысы жақын? – деп сұрады Гадо.
– Үй.
– Қайсысы қолайлы, Тимур?
– Меніңше дұрысы гараж… Менің екі жүгірмегім бар. Үйге барсам болды, машинаны айналып шықпайды. Оның үстіне көрші-көлем бар дегендей…
Акцентіне қарағанда ол грузин еді. Бірақ орысшаға әбден машықтанған. Көзім қолына түсіп еді наколкадан бос жері жоқ екен. Осыдан-ақ оның кім екенін білуге болатын еді. Гадо екеуі бұдан бұрын да бірге отыруы мүмкін.
Біз қайда бару көректігін ойлап бір сәт үнсіз отырып қалдық. Бір кезде Гадо маған бұрылып пышақ сұрады. Мен лып етіп қойнымнан кездікті суырып алдым. Гадо шат қимылдап телогрейкасының астарын екі жерден сөкті де, әлде нелерді ала бастады
– Мынау келісілген соманың қалғаны, – тәжік Тимурға жарты пәшкі ақшаны шетінен ұстап шиырып тастады. Екінші түйіншекті алақанына салып салмақтай тұрып:
– Мұнда екі перстень бар, екеуі де көненің көзі. Сенбесең ашып қарауыңа болады. Бәрі келісілгендей, аз деп сөкпейсің, бауырым.
Тимур ұсынылған нәрселерді үнсіз алып жатып, бізге қарап жымиып қойды. Тексеріп жатпады. Тектілігін көрсеткені болар.
– Сонымен, гаражың қалай? – деп сұрады Гадо. – Алыс па?
– Тас жолмен жүрсек «шесть» секунд. Бірақ біз айналма жолмен барамыз. Ал, гараж дәл «горотделдың» қасында.
Тимур әншейін бір әңгіме айтып тұрғандай жайбарақат. Оның не ойын, не шын айтып тұрғанын түсінбедік. Гадо күйіп кетті, білем, білегінен ұстай алды.
– Сен не мазақ етесің бе? Ең сенімді жер дегенің қайда? Бізді қайда апарып тықпақсың, дәл арланның аузына ма?
– Одан сенімді жерді еш жерден таппайсың. – Тимур қолын босатып алып, Гадоны иығынан қағып қойды. – Егер сендерді бір жерден іздемейді десек, ол сол жер. Мен машинаның бір дөңгелегін аламын да «доғарып» тастаймын. Жалғыз күзетші ғана бар. Иті жоқ. Және дәл милициямен жапсарлас жерде қашқындар жасырынып жатыр деп ешкім ойламайды. Мен бәрін ойластырғанмын, бауырым. Бір тәулік сейфте жатқандай боласыңдар. Ал одан арғысы өз еріктеріңде.
Бірер секунд үнсіз қалдық. Шынында да ақылға қонымды сияқты. Бір жағынан менттер сені аяғынан тік тұрып, абыр-сабыр болып іздеп, жол кесіл, жосылып жатқанда, сен олардын иегінің астында отырғаның қызық та. Олар сені тоғыз жолдыңнан торабынан, қала шетіндегі жасырынуға қолайлы жерлерден, бейіт арасынан іздеп сабылып жатады. Ал милицияның қалалық бөлімшесіне жапсарлас гаражда, машина будкасында отырған қашқындар ешкімнің қаперіне де кіріп шықпайды. Бұл жерде Тимур тура «десяткаға» тигізіп отыр. Менің де, менің қасымдағылардың да мұндайға өресі жетпесі анық еді. Әрине, бір жағынан Тимурдың бұл жерде әкетіп бара жатқан «тапқырлығы» да жоқ.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).