Павел СТОВБЧАТЫЙ
(Детектив)
(Жалғасы. Басы өткен санда).
«Алыстау, бірақ жетуге болады», – деп ойладым. Оның үстіне қазір Тәжікстанда соғыс өрті тұтанып, ел үргін-сүргін. Менттердің бізбен ісі де болмайды. Одан әрі Иран асып кетуге болады. Әйтеуір зонадан құтылсақ болды. Кез келген адамның өмір мен өлім арасында соңғы үмітті таңдауға құқығы бар. Әрине, мұндайда сен қолыңда барды ең соңғы түйіріне дейін көнге қоясың. Бәрінен айырылып қалу қаупіне де әзір тұрасың. Бұл, әсіресе, карта ойынында кездесетін сезім. Мен оны сан мәрте басымнан өткердім. Түрменің табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап менің «ұстаздарым» мықты болды. Менің жерлестерім –одессидтер өздерінің «алтын қолдарымен» мақтанатын. Маған да осы өнерді үйретті, ұтылыссыз ойынға машықтандырды. Өтіп болмайтындай секундтардан соң картаңды ашып тастайсың… Осы аралықтағы қас-қағым сәттің салмағы зіл батпан екенін ойын аяқталғанда ғана аңғарасың. Денең дел-сал болып қалады. Карта үстаған қолың қарысып қалады. Бірнеше минуттар бір жылға созылады. Бірақ, бәрін дұрыс атқара білсең, сол бірнеше минуттарың жылға жетерлік рахатын сыйлайды. Ғұмырында бір теңгесі болмаған тақыр кедей ғайыптан мол қазына тауып алғанда қандай күйге бөленеді, сен де сондай күй кешесің. Осы кезге дейінгі құнсыз өткен ғұмырыңды ұмытып, алдыңда бақыттың даңғыл жолы жатады. Бірақ, бұл ойын ғой. Ал, мынау…
Тамағым құрғап қалыпы. Терге малшынып отырғанымды да енді аңғардым.
– Қашан? – дедім қарлығыңқы дауыспен Гадоға қарап.
– Бүгін, түнде, – деп қысқа жауап қайтарды Гадо. – Бүгін бәріміз де түнгі аусымдамыз… Ағаш кесетің зауыт жанындағы жаңқа салатын бункердің жанында кездесеміз. Ақша мен киім-кешек қана ал. Сағат түнгі екіден қалма.
Әлі де болса жоспардың кейбір детальдарын білгім келіп тұр. Онымды Гадо айтқызбай сезгендей мені сөйлетпестен:
– Бізді тосатын болады, – деді жайлап. – Бір тәулік бойы сенімді жерде жасырынып отырамыз. Сосын жан-жаққа тараймыз.
– Қалай? – дедім әуелде түсінбей қалып.
– Екі екіден. Олар және біз.
– Ол қандай сенімді жер. Неге бір-ақ тәулік? Менттер он күн бойы бұл өңірдің астын-үстіне келтіріп іздейді. Одан кейін жалпы іздеу салады. Әрбір жақын маңдағы жолдарға посты қояды. Ал біздің «мордаларымызды» әжетханалардың есігіне дейін жапсырады. Бұл Тәжікстан емес, Гадо, бұл Урал…
Мен қашудан бас тартуға әзір едім. Әуелдө ойланбай «иә» деп келісім беріп қойғаныма өкіндім. Қалай шолақ ойлайтын адам. Біздің мұнда жоқ екенімізді білісімен, бір сағаттан кейін-ақ, бұл маңайда ұшқан құс пен жүгірген тышқанға дейін қалт кетпейді. Елді мекендердің маңын көре алмайсың. Ал орманмен жүру қазіргі көктемгі лайсаңда мүлдем мүмкін емес. Менің көңілімдегі толқуды бет-әлпетімнен байқаған Гадо маған жақтырмаған дауыспен:
– Не будь бабой, – деп жекіп тастады. Содан кейін байырғы қоңыр дауысымен тағы бір жайтты ескертті:
– Өлген солдаттың автоматы бізде болады. Келісім солай. Ал онымен біз біраз нәрсе істей аламыз.
– Ал сен оны беретініне сенімдімісің?
– Кім?
– Сақшыны атқан адам.
– Ол тек атады. Ал вышкаға шығатын мен…
– Егер ол тигізе алмай қалса, не болмаса сақшы жаралы болса, онда…
– Иә, онда сақшының бірінші оғы менікі. Және жақын маңдағы сақшылар да мені нысанаға алады. Ал оған дейін сендер бір жақты болып үлгересіңдер. Енді түсінікті ме?
Естігендерімді ой елегінен өткізіп тұрып мен басымды изедім. Менің түсінгенім, олар негізгі міндетті өзара бөліскен. Сонда менің рөлім не?..
Жалпы Гадо – кәнігі қылмыскер. Ворлармен де қарым-қатынасы бар. Бірақ, осы жолға мені «тамақтық тоқты» ретінде алып шықпасына кім кепіл. Бұл қасқырлардан бәрін күтуге болады. Ал Гадо болса, нағыз арландардың бірі. Оның үстіне біз екеуіміз аса сыбайлас та емеспіз. Тек кейде компания үшін кездескеніміз болмаса. Мүмкін, екі адам бір-біріне серік болады дегені шығар. «Тамақтық тоқты» дегенім, әрине, артықтау. Ол заман кеткен және бұл Колыма емес. Ол кезде қашқындар өздерімен бірге ашыққан кезде керек болады деп бір тұтқынды бірге ала кетеді екен… Бір жағы менде қашанда ақша болатынын ол жақсы біледі. Егер бізді күтіп қалса, сіріңке, су, шай болса болды. Пакеттегі суптар аса көп салмақ болмайды.
Тағы бір жұмбақ. Бізді кім күтіп алмақ? Гадоның туыстары ма? Онда алысқа бармаймыз. Поселкелік учасковыйлар бірден сезіктенеді бөгде адамнан. Бұл жерде бәрі алақандағыдай. Сонда кім? Қомақты ақшаға да адам табылады. Бірақ, ондай «сұйық» адам сондай ақша үшін сені менттерге де оп-оңай сата салады.
Гадо менің келесі сұрағымды да күтіп отырғандай қыбыр етпеді. Алайда мен қайыра сұрақ қойып мазалап жатпадым. Ойым сан-сақта, бойымды үрей де билеген, үміт ұшқыны да бар сияқты. Екеуі алмағайып түсіп жатыр.
Қолындағы таяғымен жер сызып отырған Гадо көз қиығымен маған қарап қояды. Екеуміз көрші барақтың қасындағы ешкім жүрмейтін алаңқайда біршама уақыт отырып қалдық. Осыдан жарты сағат бұрын ол мені осында алып келген еді. Мен ойыммен арпалысып отырмын. Отказ беруіме де болады. Атыма кір келтіргеніммен оған қақым бар. Әлі де ойлану керек…
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).