Өткен аптаның соңында Қаракеңгір ауылында жаңа мешіт бой көтерді. Алланың жердегі үйінің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Оған Қаракеңгір ауылының № 4 орта мектебінің түлектері бастамашы болған еді. Түлектердің бұл игі ісін тұтас ауыл қолдап, демеушілік көрсетті. Нәтижесінде жаңа мешіт өткен аптада ауыл жамағатына есігін айқара ашты. Мешітке ауыл тұрғындары бірауыздан Ерден Сандыбайұлының есімін берді.
«Ерден батыр» мешітінің ашылуына ауыл жұртшылығы, Қаракеңгір өңірінің бұрынғы тұрғындары мен ауыл қонақтары жиналды.
– Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі дініміз өркендеу жолына түсті. «Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, біз ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасауымыз қажет. Дініне берік, білімді қауымға сыртқы күштердің ықпалы жүрмейтіні анық. Бұл ретте, имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді, – деді салтанатты шарада сөз алған облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Думан Рашидұлы.
Мешіттің ашылу салтанатында, сондай-ақ, облыстың бас имамы Елдос Жұмәділда сөз алып, сауапты іс жасаған ауыл жұртшылығына ризашылығын білдіріп, өмірден өткен жандарға құран бағыштады.
– Мұсылман адамға көптеген міндеттер жүктелген. Оның ішінде, Аллаға құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасау, мұқтаж жандарға көмектесу, балаларға дұрыс тәрбие беру және тағы басқалары бар. Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетіп, оларға сөз қайтармау керектігі айтылады. Яғни, ата-ананы ардақтау – бәрімізге парыз. Осындай имандылықты, діни құндылықтарды дәріптейтін мешіт салу арқылы адамдар үлкен сауапқа кенеледі. Бүгін, міне, Қаракеңгір ауылында жаңа мешіттің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жер жастарды тәрбиелейтін, ата-дәстүрімізді насихаттайтын орын болатыны анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына алғысымды жеткіземін, – деді бас имам өз сөзінде.
Құрметті меймандар мешіт үйінің лентасын қиғаннан кейін жұртшылық жаңа мешіттің ішін аралап көрді. Имандылық ордасында құран оқылды.
Салтанатты шараның соңы тойлы ауылда жалғасты. Алыстан келген меймандарға арнайы тігілген киіз үйлерде дастарқан жайылып, дәм берілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, елдің көңілі бір серпіліп қалды.
– «Ерден батыр» мешіті ғимаратының іргетасы мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған түлектердің демеушілігімен және ұйымдастыруымен 2022 жылы қаланды. Мұндай сауапты іске ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер мен жастар жұмылып, елдімекенде сәулетті жаңа мешіт бой көтерді. Игі жұмыстар елдегі бірліктің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл ауылда өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде жанашыр жандардың көптігін білдіреді. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады. Осындай жақсы іске атсалысқан ауылдастарыма, жастарға шынайы ризашылығымызды білдіремін, – дейді шараға барып қатысып қайтқан Айбын Арынғазинов.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.