Жамандық жерде жатсын ба. Суық хабар тез тарады. Екінің бірінің аузындағы сөз:
– Естідің бе, профессор Хасеновті біреулер атып кетіпті?
– Не дейді, мылтықпен атып па?! Ой, сұмдық-ай!
– Әйтеуір тірі қалыпты. Оқ иығына тисе керек. Ауруханада көрінеді.
– Әйгілі ғалым, беделді оқытушыға қастандық жасаған қылмыскерді жедел тауып алып жазалау керек! – десті университеттегі әріптестері шошына.
Жайдары жаз. Студенттер жатақханасы босап қалған. Абитуренттер әзір келе қойған жоқ. Қарағанды педагогикалық институтын үздік бағалармен бітірген Кәден Хасенов бірінші қабаттағы бөлмеде әдеттегідей бір өзі. Соңғы екі курста жатақханадағы студенттер кеңесінің төрағасы болғандықтан осы бөлмені иемденген еді. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді Кәденнің тасы өрге өрмелемегенде кімдікі өрмелесін! Соңғы екі жыл институт комсомол ұйымының белсендісі ретінде студенттерді қабылдау комиссиясына жәрдемдескен еді. Сонда осы бөлмеде оқуға түсулеріне көмектесуді желеу етіп, небір көз тойдырар көрікті қыздарды тұзағына түсірген-ді… Кәден биылғы «науқанға» және қатыспақ. Бұл жолы жас оқытушы ретінде. Қызыл дипломға бітірген Хасеновті жоғары оқу орнында қалдыру туралы ректордың бұйрығы шыққаны кеше. Кәденнің қуанышында шек жоқ! Ол жолы боларына нық сенімді-тін…
Бүгін кешке Баянды ресторанға шақырып қойған. Алғашқы еңбек жолының басталғандығын «жумақшы» болашақ балдызына. Баян әпкесі Сәуледен де сұлу болар ма. Алғаш көргенде-ақ Кәден сіңілісінің Сәуледен де көріктілігіне тәнті болған. Әттең, не керек, Сәуле болса – жүріп жүрген қызы. Кәденнің 3-курсқа дейін оны көрмей келуінің себебі қыз Майқұдықтағы ағасының пәтерінде тұрады екен. Кейін Сәулемен жете таныса келіп білді ғой, «аға-тәте» деп жүргендері өзінің туған әке-шешесі екен. Қызды кішкентай кезінде нағашы ата-әжесі бауырына басыпты. Нұра ауданының орталығындағы орта мектепті бітіруінің себебі осы екен. «Әкем-анам екен-ау» демей олардың алдында өзін еркін ұстайтын Сәуле Кәденді осыдан екі-үш ай бұрын аға-тәтесімен таныстыруға үйіне апарғанда Баянды алғаш көрген-ді…
Кәден үшін өзінің институтқа жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрықтың шығуы Баянмен оңаша кездесуге шақыруына орайы келген сылтау болды. Қыздың облыстық комсомол комитетінде қызмет ететін жігіті Жұманның іссапарға кете қалғаны қандай жақсы болды.
Бұрын Сәулені күтіп алатын автобус аялдамасында Баянды тағатсыздана күткен. Қыз көп кешікпей келе қалды. Кәден жақын маңдағы «Бибігүл» ресторанынан алдын ала орын алып қойған-ды.
Баян қаланың қызына тән өзін еркін ұстады. Әдеттегідей «жездей» деп жігітке еркелей назданғаны қандай!
– Ауылға кеткеніне бірер апта ғана өткен Сәулені сағынып жүрсіз бе? – деп тиіскен Кәденге.
– Балдызымнан айналдым… – деп үзіле үн қатып, майда тілімен, құлаққа жағымды үнімен әдеттегідей әзіл-қалжыңға ерік беріп, қызды күлкіге қарық қылған.
Қыздың қалауымен аққайнарға тапсырыс берді де, өзіне арақ алдырды. Бірінші жолы қызды келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, бокалын еркіне қоймай тауыстыр-
ған. Баян орта мектепті бітірген соң түскен медициналық училищені биыл ғана аяқтаған болатын.
Рюмкалар қайта толтырылғанда Баян Кәденді жаңа қызметімен әпкесі екеуінің аты-
нан құттықтай келіп, телефон соғып Сәуледен сүйінші сұрағанын күле баяндап, оның сәлемін жеткізді. Айтылған тілектің қабыл болуы үшін аққайнарды бір тамшысын қалдырмай ішу керектігін айтып, Кәден қызға сөзін өткізген.
Жігіт өзінің ұтымды әзіл-қалжыңға толы әңгімесімен қызды күлкіге кенелтіп, бұл орайдағы шеберлігімен бойжеткенді баурап алды. Көңілді музыка әуенімен үндестік таба билегенде Кәден ешкімге дес берер емес. Сауық кешіне жиналғандар, әсіресе, Баянның ырғақты қимылын сүйсіне қызықтаған. Қысқа көйлек киген қыздың аппақ жұмыр саны мен қаздиған тоқ балтырынан жігіттер жағы көз ала алмай қалған.
– Автобус тоқтап қалмай үйге қайтуым керек, – деп келе үзілді-кесілді талап қойған қыз көңілді отырыста уақыттың қалай сырғып өте шыққанын байқамай қалған.
– Саспа, балдызжан. Қайтесің автобусты, таксимен жеткіземін, – деп қыздың көңілін жайлаған Кәден. Бойжеткеннің көзін ала беріп аққайнардың үстіне екі-үш рет арақ құйып жіберген еді. Ойлағанындай-ақ қыз өзінің тез масайып қалғанын сезбей де қалды…
Кәден бойжеткенді таксиге көтеріп апарып мінгізген.
Жатақхана кезекшілігінде отырған вахтер тетя Маша такси келіп тоқтай бере-ақ бәйек болып есік ашқан. Оған бүгін түнде қонақ әкелетінін ескертіп қойғаны қандай жақсы болған…
… Баян шошып оянды. Өң мен түстің ортасындағы бұлыңғыр сәт. «Масқара, тыр жалаңаш жатқаны несі! Жұманның ыстық құшағында балқығаны өңі ме еді, түсі ме еді… Оған:
–Мен сендікпін, бірақ бәрін кейін уақытында көресің, – дегенді айтып, қолын қаққандай болған еді-ау… Жұман, не бүлдірдің?! – деп қасында жатқан оған ашулана көз салғаны сол төсектен ытқып түсті. Шошына шашылып жатқан киімін апыл-ғұпыл киді.
– Баян, кеш… – деп тұра берген Кәденнің сөзін аяқтатпастан үстел үстінен қолына іліккен қайшы ма, әлде бәкі ме, әйтеуір үшкір бір затпен Кәденнің жағын осып өтті. Жігіттің қара бетінен шапшыған қан ақ жайманы қып-қызыл етті. Көзі тұманданып, мұның бірін көрмеген бойжеткен ызаға булыққаны сонша есеңгіреген күйде бөлмеден атып шықты.
Өңі ме, түсі ме, өзі де білмейді. Үйіне қалай келді, есінде жоқ. «Ұят-ай, ұят-ай, – деген ойдан арылар емес. – Абыройдан айырылып, қалай масқара болдым! Папам мен мамама қайтып қарармын! Жұманға не деймін! Жоқ, көзімді құртуым керек!», – деп бір ойға бекінген.
Жалма-жан Алматыға қыдырып кеткен әке-шешесіне хат қалдырды. «Папа! Мама! Маған ренжімеңдер. Комсомолдық жолдамамен Жәйрем Бүкілодақтық комсомол-жастардың екпінді құрылысына шұғыл аттанып кетіп бара жатырмыз. Кейін хабарласамын», – деп Жұманнан бірде естігенін жазған.
Сосын отыра қалып, жазғы каникулдағы інісі мен сіңілісін ауылына алып кеткен Сәулеге қолы дірілдей телефон шалған:
– Сәуле, мен масқара болдым, – деген жылап тұрып. – Ана Кәден – қарабет, сұмырай! Оған жолама! – деп телефон тұтқасын тастай салған.
Енді кешіксе біреуге суық қару жұмсаған өзін іздеген милиция қызметкерлері келіп ұстап алатындай жолға тез жиналған. Заңға жүгінсе, Кәденнің айла-шарғысы қызды зорлау, яғни жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланған барып тұрған нағыз қылмыс екенін бойжеткен қайдан білсін. Жұмысқа тұру үшін жинаған құжаттарын алып алған. Вокзалға келіп жетсе, Павлодар қаласына баратын поезд жүргелі тұр екен, соған билет алды.
Мейірбике Баян жұмыс атқаратын гинекология бөлімінде жатып емделген жас келіншек өзімен көрші әрі жерлес, онымен қоймай тағдырлас болып шықты. Көрші болғанда, көп қабатты үйдің бір сатысында екен екеуінің де пәтерлері. Бір бөлмеде жалғыз тұратын Ажарды шайға шақырған. Не керек, сол күні-ақ әңгіме тиегі ағытылып, келіншек бар өмірін жайып салған. Оның жайшылықта бірде-бір жанға тіс жармаған сырын жаңа танысқан осы жанға ақтаруы тегін емес. Ол Павлодар қаласындағы жалғыз танысы, бәрінен бұрын өзінің қарағандылық екенін білгенде «жерлес сіңілім болып шықтың» деп, кездескен сәтте іштарта амандық-саулық сұрасып, мейірімге бөлеген жан. Өзі қамкөңіл күйде жалғызсырап жүргенде жылы қабақ танытқан Баяннан қалайша бойын аулақ ұстасын.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.
(Жалғасы бар).