Қылмыстық істі қарауға қатысу барысында кейде еріксіз ойға берілесің. Алғаш рет жаза басып, содан ащы сабақ алса бір жөн ғой. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей-ақ, түзу жолға түсіп жатса, қандай жақсы. Өкінішке орай, бірнеше рет сотталып, маңдайы тасқа тисе де өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтындар баршылық.
Сотталушы Леонидтің (қылмыстық іске қатысты адам аттары өзгертіліп алынды – автор.) жасы 37-де болатын. Бұған дейін үш рет істі болған. Алғашында абайсызда адам өмірін қиғаны үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланған болатын. Екінші жолы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 4 жыл мерзімге және кесіледі. Үшінші ретте осы қылмыстық құқық бұзушылықты тағы да қайталауына сәйкес 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге мәжбүр болған. Енді, міне, төртінші рет және сотталушы орындығына отыруына тура келді. Бұл жолы адамды пышақтап өлтіргеніне байланысты істі болды.
Әдетте қылмыскерлердің өз кінәсін мойындай қоюы екіталай. Сотталушы Леонид те сот отырысында өзі жасаған қылмысын мойындамай бұлтаққа салып бақты. Жәбірленушінің тамағы мен кеуде тұсына пышақ сілтегені рас, әйткенмен оны өлтіру ойында болмаған. Марқұм Саматтың өмірін қиғанын мойындамаған.
Қанды оқиға қалай болғанын сот отырысында жауап берген куәлер егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың айтқандары дәлме-дәл қайталанды.
Куә Рамазан Саматты бала жасынан білетіндігін айтты. Сол күні таңертеңгілік екеуі бір жартының түбінде қалғанын бөліп ішіп алады. Өзінің үй-күйі жоқ Самат азаматтық некеде бірге тұрып жатқан әйелдің үйіне барғысы келмей тұрғандығын айтқан соң өз атынан тәуліктік пәтерді жалға алып береді.
Екеуі сол жалдамалы пәтерде көшеде кездескен Алексей, Леонид және Жұманмен бірге отырып спирттік ішімдік ішеді. Қызу отырыс үстінде сағат 15:20 шамасында жәбірленуші Самат пен Леонид жоқ жерде сөзге келіп қалады. Ұрыс-керіс барысында сотталушы Леонид жұдырығымен жәбірленушіні беттен салып қалады. Содан екеуі ұстаса кетіп, төбелесе бастайды. Оларды әзер ажыратып, бір-бірімен татуластырған соң олар ішуді қайта жалғастырады. Сағат түнгі 24:00 шамасында Алексей, Леонид және Жұман үшеуі үйлеріне кетеді де, екеуі жалдамалы пәтерде қонып қалады. Ертеңіне таңертең сағат 08:00 шамасында оларға Леонид пен Алексей келеді. Төртеуі отыра қалып, ішісті қайта бастайды. Бір кезде сотталушы Леонид пен жәбірленуші Самат арасындағы кикілжің қайта басталады. Бұл сәтте олар қонақ бөлмеде отырады. Сотталушы Леонид ас бөлмеден пышақ алып келеді де, креслода отырған Саматқа тап береді. Көзді ашып-жұмғанша болған оқыс оқиғаны тіпті ой елегінен өткізіп үлгермегенін айтты куә Рамазан. Ол жалма-жан Леонидті қапсыра құшақтауға ұмтылады. Жанталаса құшақтаған сәтте Леонидтің қолындағы пышақ Рамазанның бас бармағын кесіп кетеді. Сөйткенше сотталушы Леонид қолындағы пышақты тастай салып, пәтерден шыға қашады. Рамазан оның соңынан ұмтылады. Көшеге жүгіріп шықса, сотталушы Леонид ізім-қайым жоқ. Рамазан сөйткенше жолмен өтіп бара жатқан полицияның патрульдік машинасын көріп қалып, соған ұмтылып, әйтеуір тоқтатып үлгереді. Оларға болған жайтты хабарлайды.
Куә Рамазан сотта берген жауабында айтқандай, қылмыстық оқиғаның барлық мән-жайы осы. Істі қарау барысында сотталушы Леонидтің кінәсі толық дәлелденді. Куәлердің берген жауабында нақты көрініс тапқандай, сотталушы Леонид ұрыс-керісті одан әрі созбай пәтерден шығып кетуіне де болар еді. Өйткені жәбірленуші Самат оны ұстап алып, жібермеудің әрекетін жасамаған. Жайбарақат креслода отырған. Қорғануға да әрекеттенбеген. Ал сотталушы Леонид болса бекем ойға бекініп, ас бөлмеден пышақты әдейілеп барып, алып келіп, жәбірленушінің тамағы мен кеуде тұсына пышақ сілтеген.
Сот үкімімен Леонид Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сөйтіп бас бостандығынан 14 жылға айыру туралы жаза тағайындалып, бқл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Иә, қылмыскердің қай-қайсының болсын тағдыры өкінішті. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырдың осы уақытқа дейін 14 жылын түрмеде өткізген, онымен қоймай енді және 14 жылға кесілген Леонидтің тағдыры тым өкінішті.
Саян Жукенова,
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімдігінің басшысы.