Өңірдегі іргелі һәм жалғыз жоғары оқу ордасы – Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлектері үшін бұл ерекше күн еді. Себебі, студенттер бірнеше жыл бойы жиған білімінің нәтижесіне қол жеткізді.
Жезқазаған университеті білім, ғылым, өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осы білім ұясының қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер қазір сан-салада жемісті еңбек етіп жүр. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали жоғары оқу орнын бітірушілердің де сол жолды абыроймен жалғайтындығына сенім білдіріп, бірқатарына қызыл диплом табыстады.
Жезқазған университетінде 3 ғылым докторы, 4 атақты профессор, 23 ғылым кандидаты және 12 доцент қызмет атқарады. Ал, биыл оқу ордасынан 8 магистр мен 284 бакалавр түлеп ұшты.
– Мына заманның бүгінгі жастарға қойған талаптары олардың әрқашан инновациялық ізденісте болуына, рухани жаңғыруына бағытталды. Жылда университет сапалы білім беру үшін материалдық жабдықтармен жабдықталып тұрады. Бүгінгі таңда университет елу мың жоғары білімді маманды даярлады.Біздің түлектер шетелдерде, жергілікті жерлерде қызмет етіп жүр. Осы тұрған сіздер де солардың ізін жалғайды деген үміттемін, – деді университет ректоры Әбділмәлік Тәкішев.
Биылғы жылы университеттің 22 түлегі қызыл дипломға қол жеткізді. Солардың бірі – Гүлбақыт Бақбергенова. Қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша білім алған талапкер ұстаз болып, еңбегімнің жемісін көру басты мақсат дейді.
Сонымен қатар, талантымен талай додада оқ бойы оза шауып көзге түскен түлектерге арнайы «Үздік түлек», «Дарынды түлек», «Белсенді студент» секілді 15 номинация табысталды. Ресми табыстау сәтінен кейін, іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.