Қылмыс жасағанда Оралдың жасы 24-те болатын. Әлі үйленбеген. Ата-анасымен бірге тұрады. Білімі – арнаулы орта, мамандығы бойынша еңбек етеді. Туған әкесін өз қолымен қазаға ұшыратуына байланысты Оралдың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Бір назар аударарлығы, куәлердің барлығы сотта берген жауаптарында Оралдың атына ешқандай жағымсыз сөз айтпады. Бәрі оның адамгершілік қасиеті жоғары, тәртібі жақсы екенін тілге тиек етті. Ал куәлер – оның етжақындары. Бірі – марқұм әкесінің туған інісі, енді бірі – анасының туған інісі. Олар марқұмның арақ ішіп алғанда беймаза болып кететініне, үйінде ұрыс-керіс шығаратынына, бірақ отбасындағы жанжал сыртқа шықпай, жұртқа жария болмайтынынан хабардар екендерін айтты.
Орал кезінде спортпен айналысқан көрінеді. Бұл туралы жекпе-жек спортымен бірге жаттыққан досы мен жаттықтырушысы куәлер ретінде сотта берген жауаптарында сөз етті. Орал облыстық, республикалық біріншілікте, тіпті халықаралық жарыстарда жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды олжалапты. Олардың айтуынша, жекпе-жек сайыстарында спортшылар қылқындыру әдісін де қолданатын көрінеді. Сөйтіп қарсыласын бір сәтке ұйықтатып тастайды. Орал осы әдісті жақсы меңгергендердің бірі екен. Осыны айта келіп, екі куә де сотталушы әкесін тыныштандырмақшы болып, қылқындыру әдісін қолданғанда абайсызда өлтіріп алған болу керек деген тұрғыда өз тұжырымдарын айтты.
Басты сот отырысы барысында анықталғандай, қылмыстық оқиға былай болған. Орал түнгі ауысымнан шыққан соңғы демалысы болғандықтан күні бойы үйінен шықпаған. Анасы таңертең – жұмысқа, ал қарындасы мен інісі мектепке сабаққа кеткен. Әкесі түнде үйге қонбапты. Ол сағат 10:00 шамасында үйге мас болып келеді. Келе жатын бөлмеге кіріп кетеді. Орал қонақ бөлмеде демалып жатқан.
Жұмыста отырғанында, сағат 11:00 шамасында күйеуі телефон шалады. Сөйтіп, ол үйге келуін, өйткені өзінің ауырып тұрғанын, бір шөлмек арақты жолай ала салуын өтінеді. Оның даусынан мас күйде екенін аңғарады. Сосын оған жұмыстан шыға алмайтындығын айтып, қысқа жауап береді де, телефонды тастай салады.
Содан сағат 18:30 шамасында қызымен бірге үйіне келеді. Күйеуі төсекте жатыр екен. Бос шөлмекті көрді. Тағы ішкен екен ғой деген ой келді. Киімін ауыстырып ас бөлмеге барған, әлден уақытта жолдасы келген.
– Кеше неге үйге қонбадың? – деп сұрағаны сол жанында қызы тұрғанына қарамастан былапыт сөз айтып, айқайға бассын. Онымен шектеліп қалмай кофтасынан қатты ұстап, оң жақ қолының жұдырығымен әйелінің бетінен ұрады.
Айқай-шуды естісімен ас бөлмеге ұмтылған Орал келе әкесі мен шешесінің ортасына тұра қалады. Әкесі:
– Кет былай! – деп сол қолымен Оралды тартқылай беріп, оң қолын шешесіне қарай сілтеп қалған. Бірақ көздеген жеріне жетпей, соққы Оралдың мойнына келіп тиген. Ұлы әкесін белінен қапсыра құшақтай көтере апарып, жатын бөлмедегі төсекке жатқызады. Оны тыныштандырмақ болады. Бірақ әкесі қатты мас болғандықтан оған көнбей аласұрып, ұлын ұрғылай жөнеледі. Әкесі тіпті бой беретін емес. Жас кезінде спортпен шұғылданғандықтан күшті-ақ әрі денелі. Мастығына қарамастан әл берер түрі жоқ. Оралдың шамамен 20 минуттай әкесін тыныштандыруға әрекет жасағанынан түк шықпайды.
Екеуі алысып жатқан бір сәтте Оралдың көзі анасының үй халатының белдігіне түседі. Сол-ақ екен әлгі белдікпен күре тамырын қысу арқылы әкесін ұйықтатпақшы болады. Ол осы ойын жүзеге асыру мақсатында етпетінен жатқан әкесінің мойнына бір минутқа жетер-жетпес уақыт бойы жаңағы халаттың көк түсті белдігін орап ұстап тұрды. Солай жатқанның өзінде шынтағымен ұрғылауынан танбаған әкесі бір мезетте тыныштала бастады. Орал сол-ақ екен белдікті босатып, әкесін шалқасынан аударғанда оң жақ бетінің көгергенін көріп, шошып кетті. Дереу «Әке! Әке!» деп айқай салып, медициналық көмек көрсете бастаған.
– Мама, қасық! Қасық алып кел! – деп айқайлаған ұлының даусын естісімен шешесі келіп жеткен. Орал қандай әрекет жасап баққанмен әкесі тірлік нышанын білдірер емес.
Сосын дереу ұялы телефонымен шешесінің інісіне қоңырау соққан:
– Нағашы, тез жет. Мен әкемді абайсызда өлтіріп алған тәріздімін, – деген жылап тұрып…
Әкесінің жұмысты қойып, бірыңғай маскүнемдікке салынғанына төрт-бес жылдай болған. Үйде талай ұрыс-керіс туындаған сәтте шешесін қорғап, әкесін жатын бөлмеге апарып жатқызып, қол-аяғын байлап тастайтын. Әкесі өзін қаншалықты соққылап жатса да өзі ешуақытта оған қол көтерген емес. Тіпті шамасы келмей бара жатса, күре тамырын қысу арқылы ұйықтатып тастайтын. Өзі дәл санаған емес, шамамен 15-20 шақты рет солай ұйықтату арқылы тыныштандырған шығар. Ал осы жолы шешесі халатының жұмсақ матадан жасалған белбеуімен ұйықтатып, тыныштандырмақ болған еді ғой… Орал әкесін өлтіруге ешбір ниеті болмағанын, абайсызда осындай жағдайға тап болғанын шын жүректен қынжыла тұрып айтқан еді сот отырысында берген жауабында.
Сотталушы Оралдың қылмыс жасаудағы кінәлілігі қылмыстық іс бойынша жинақталып, сот тергеуінде зерделенген дәйектермен дәлелденді. Сотталушының әрекетінде қылмыстық немқұрайлық орын алған. Кінәлі қылмыстық немқұрайлық кезінде өлімнің болуы мүмкін екендігін білуге тиіс бола тұра білмейтіндей әрекетке барады. Іс бойынша жинақталып, зерделенген дәлелдемелер Оралдың абайсызда өзінің әкесін қазаға ұшыратқанын бекітеді.
Жәбірленуші мүмкін маскүнем болсын, басбұзар болсын, қандай болғанда да әркімнің өмір сүруге құқы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға қақысы жоқ. Сотталушы жеке тұлғаға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасап, жәбірленушіге құқыққа қарсы абайсызда қаза келтірген.
Сот үкімімен Орал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің аффект жағдайында жасалған адам өлтіру бабында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.