Ольга ТАРАСЕВИЧ
детектив
Жалғызбасты ана болу қандай қиын. Оны мен сияқты басынан өткергендер ғана білмек. Екі қызымның бар ғұмырының басым бөлігі менсіз өтіп жатқаны жаныма батады-ақ. Олар күнұзақ күтушілерімен бірге. Енді қайтейін, күн көріс үшін еңбекақы табу да керек-ақ. Балаларым анамның қасында болса, әрине, жүрегім орнында болар еді. Әйткенмен ол да мен сияқты туристерге қызмет етеді. Бір ғана зейнетақымен өмір сүру мүмкін емес… Айтайын дегенім, жасыратыны жоқ, қыздарымның қасында көбірек болу үшін экскурсияға қатысушыларға берілген уақытты қысқартып тастауға дейін баруыма тура келеді.
Алтындарымды ойлағанда таңғы ұйқым бұзылды. Қазір оларды қатты сағынып жүрмін. Әдеттегідей, анам жазда демалыс алысымен балаларымды саяжайға апарып тастағанмын. Саяжайда болғанды өздері де аса ұнатады, ал мен оларды сондай сағынып қалдым! Таңертең қарабасып ұйықтап қалмайын, міндетті түрде анашыма телефон соғып үлгеруім керек…
Сол мезетте кенеттен соғылған есік қоңырауы ұйқымды шайдай ашқаны.
«Бұл кім?» дедім есікке тақау келіп. Түк дыбыс жоқ. «Есікті ашып қарасам ба екен» деп те ойладым.
Ол ойымнан тез қайттым. Ертелеп келіп мені мазалап тұрған кім екенін аңғарғандаймын. Бұл дәу де болса Санкт-Петербург тарихының куәсі саналатын қала орталығындағы менің төрт бөлмелі кең пәтеріме қызығып жүрген риэлторлар шығар. Барлық дерлік көршілерім қоныс аударған. Олардың пәтерлеріне туристік агенттіктің кеңсесі дейсің бе, шағын қонақ үйлер дейсің бе, орнығып алған. Менің пәтерімді енді сұлулық салоны жасамақ.
Сол риэлтор ғой деп есікті ашсам, ол емес екен.
Өкінішке орай…
Мұндай шошымаспын! Менің есігімнің дәл алдында тірліктің еш белгісі жоқ бір ер адам жатыр. Шалқасынан түсіпті, жарылған басынан аққан қан мұндай қорқынышты болар ма! Өліктің үстіндегі киімі алба-жұлба, кір-
қожалақ, онсыз да шолтиған шалбарының балағы түріліп, қысқы бәтеңкені шұлықсыз киген сирағы көзге ұрып тұр. Үйі-күйі жоқ кезбе екеніне сөз жоқ. Ең сорақысы, үстінен мүңкіген сасық иіс мұрын жарғандай…
Кім білген, сасқан адамның басына қас-қағым сәтте сан ойлар кіріп-шығады екен ғой. «Есік қоңырауын кім соққаны, сонда?» деген ой келген ең алдымен. Мына жатысына қарағанда өліктің қоңырау соғатындай реті жоқ. «Әлде оны өлтірген адам ба екен? Неге? Мүмкін кісі өліміне куә болған жан ба? Сонда не үшін менің есігімнің қоңырауын басуы керек? Сірә, өзін жазықсыздан-жазықсыз айыпты етеді деп қорыққан болар? Әлде кісі өліміне байланысты милиционерлерді мен шақырсын деді ме екен?».
Так, тоқтай тұр. Мәселе сонда, милицияға мен телефон шалсын деген ғой. Сөйтіп мені қылмысқа итермелеген. Кісі өліміне мен кінәлі болып шығамын. Ондағы ойлары… Мен темір тордың ар жағына қамалған соң, риэлторлар менің үйіме қатысты ойына келгендерінің бәрін істеуге мүмкіндік алмақ. Иә, дәл солай! Телевизордан көрсетіп жатыр емес пе, біреулер зауытынан тұтастай айырылып, сан соғып қалуда. Оған қарағанда менің пәтерім ойыншық емес пе?!
Жоқ, олардың ойлағанына көнер мен емес. Тапқан екен олар дым сезбес ақымақты. Олардың ойлағаны болмайды!
Сол мезетте соншалықты күш маған қайдан келгеніне өзім де таңмын: терең тыныс алып, бойымды бекіттім де, мен мәйіттің үстіндегі мақталы кеудешесінен ұстай жұлқи тартып, өз пәтеріме сүйреп кіргіздім.
***
Өлі денені қайда апарып тықсам екен? Әрине, балконға. Кезбені ескі төсек жапқышпен орадым да, әйтеуір, зорға дегенде балконға шығардым-ау. Кіреберіс сатыда-
ғы және дәліздегі қылмыс іздерін мұқият жудым. Сосын барып анамның телефон номерін тердім. Мен үшін аса аяулы жанның даусын естігенде барып, жұтқыншағымда ащы түйнек кептеліп тұрғанын аңғардым. Телефон трубкасын ұстаған қолым дір-дір етеді…
– Қыздарымның бар жағдайы жақсы екеніне аса қуаныштымын, – дедім мен даусым қарлыға жаңа бір жайсыз сезімнен арыла алмай. – Оларды жылы киіндіргейсің. Өзің білесің ғой, біздің Питердің жазы жай айтуға ғана. Кристина мен Машаға айт, мені жақында келеді деп.
Шешем ренжи үн қатты:
– Қайдағы жақында? Бүгін әлі сәрсенбі, ал сенің демалысың дүйсенбіде! Неғып күннен шатасып тұрсың, әлде дене қызуың бар ма? Өзіңе суық тигізіп алғаннан саусың ба? Бірден бес бірдей балмұздақты жеп қоятыныңды білемін ғой, сосын ангина! Сен қазір ересек адамсың, ана атанғаныңа көп болды, әйткенмен өзің әлі бала сияқтысың!
– Не дегенің, анашым, олай емес. Өзімді өзім ұстай білемін ғой, балмұздақтан аулақпын!
Сабырға келіп, іштей жайланып, телефон трубкасын қойғаным сол, есік қоңырауы тағы да тосыннан «шар» ете қалғанда селк ете түстім. Қас-қағым сәтте денемді суық тер жуып кеткені. Дәлізге қарай бара жатып: «Ашпауым керек шығар», – деп ойладым.
Мен ақылымнан алжасар ма екенмін? Жүйкем жұқара түсті. Тек қана милиция болмаса екен…
Бұл жолы келген риэлтор болып шықты. Жас жігіт қоныс аударуға төленетін ақы көлемін бұрынғыдан да едәуір өсіре отырып, шынайы ықыласпен мені үгіттеуге тырысты. Оған барлай қарап тұрып мен жете түсіндім. Бұл жерде риэлтордың түк қатысы жоқекен. Маған мәйітті тықпалай салып, жарты сағаттан соң өзі келуі еш ақылға сыймайды. Және ешқандай жаман пиғылы жоғы жүзінен аңғарылған жан пәтерімді сатуға мені үгіттеп тұр емес пе.
Сонда кім болғаны?! Балконда жатқан кезбенің жансыз денесінен қалай құтыламын?! Қала сыртындағы көз көрмес жерге қалай апарып тастай аламын?! – Басымда сан сұрақ. Жұмысқа қалай жеткенімді де білмей қалдым.
– Сәлем! Бүгін менде не нәрсе? – деп сұрадым мен хатшымыз Светочкадан. Қайнаған кофенің хош иісі мұрынды жарып тұрды. – Маған бір шыны аяқ құясың ба? Таңертең кофе ішерлік жағдай менде болмады.
– Наталья! Сенің бар есіл-дертің шай, кофе ішу! Сен тек осы үшін ғана жұмысқа келетін сияқтысың!
Біздің директорымыз қандай сұмпайы жан еді. Менің басқан ізімді үнемі аңдиды да жүреді.
Сол сәттегі жайсыздықтан мені жапон туристері құтқарды. Олар біздің шағын қабылдау бөлмемізге топырлай келіп, өздерінің бейнекамераларын сөндірместен жамырай:
– Достоевский, экскурсия, қазір бола ма? – десті.
Света олардың қанша адам екенін жедел санап шықты да, қонақжай үнмен:
– Болғанда қандай. Мен сіздерді шағын автобусқа апарып мінгіземін. Ал сіздерге Наталья жол көрсетіп, қыдыртады.
Мен жапондықтарды Достоевский білім алған оқу орындарын аралатып, экскурсияны оны музей-үйін таныстырумен түйіндедім. Бар ойым ертерек жұмыстан босау болды. Неғұрлым ертерек автокөлік жөндеу шеберханасына барып, жөнделіп бітсе ескі «Жигулиімді» алып шығу еді.
Ондағы ойым, кезбенің денесін машинама салып алып кету болатын…
Ойымдағы жоспарым көп еді. Бірақ бәрі де жүзеге аспай қалды.
– Наташ, саған милициядан қоңырау шалып жатыр, – деді кеңсеге кіріп келген маған Светка қолымен телефон трубкасын жауып тұрып. – Қайдағы бір мәйітті таптық дей ме, әйтеуір сені керек дейді. Не деп жауап берейін? Сен офисте барсың ба, әлде жоқсың ба?
– Қалайша жоқ! Сендерде ар-ұят деген бар ма осы! Милиция жайдан-жай телефон шалмақ емес! – деп директор айқай салды да, телефонға жармасты. – Амансыз ба, құрметті милиционер! Иә, азаматша Петрова Наталья Витальевна бізде жұмыс істейді. Сіздерге ол не үшін керек бола қалды? Ах, мәйіт пе… Әрине, әрине, қазір ол сіздерге барады, жеке өзім қадағалаймын, сіздерге уәде беремін…
Сосын маған жақтырмай қарап:
– Сенің балаларыңның ауыра беретіндігі және жұмысқа жүрдім-бардым қарайтындығың аздай-ақ! Енді келіп, сенің есігіңнің алдынан өлік табылыпты! Неге осының бәрі тікелей саған қатысты болып шығады, түсіндірші маған?
Қате естідім бе? Немесе ол шынымен «есігіңнің алдында» деді ме? Сонда ол қалай болғаны? Түк түсінсем бұйырмасын…
***
Өлген ер адам шынында да менің есігімнің алдында жатыр! Мен кіреберіс сатымен пәтеріме көтеріліп келе жатып, мәйіттің ең алғаш көргенімдей жатқанына таңдана қарадым. Дәл таңертеңгідей.
– Наталья Витальевна? – милиция формасын киген қара шашты ұзын бойлы жігіт маған жылышырай жүзбен қарап. – Сіз қиналып тұрсыз ба? Сабырға келіңізші. Сіздің көп уақытыңызды алмаймын. Сіз сонша абыржымаңыз, өтінемін, қатты қобалжып тұрсыз, – деп қолын созып, мені сүйемек болды.
Оның маған созған қолына назар салдым. Саусағында неке жүзігі жоқ екен. Жігіт бойдақ деген сөз. Иә, тағы да күйеуге шыққым келеді, өзіме – сенімді серік және сүйікті жар, ал менің балапандарыма жақсы әке табылса, оның не сөкеттігі бар.
Жігіттің бойдақ екенін аңғарған соң оның жүзіне көз жүгірттім де… басымдағы тұрмысқа шықсам деген ойымды бірден іштей қынжылыспен өшіріп тастадым. Мұндай келісті жан күйеу болып жарытпас. Мұндай адаммен өмір қосақтаймын деп бір рет аузым күйгені жетер. Мынау бұрынғы жолдасымның егізіндей екен. Мұндай келісті жігіттер әйелдермен тек ойнап-күледі, әрі кетсе бала сүйдіреді, сосын өмір қызығын іздеп кете барады. Бастан өткерген соң білемін. Рахмет, енді ондайың керек емес.
– Наталья, менің аты-жөнім Дмитрий Александрович Смирнов, мен – тергеушімін, куә ретінде сізге қояр сұрақтарым бар. Алайда мына жерде, яки сатыда ыңғайсыз, мүмкін пәтеріңізге кірерміз? Отырып сөйлессек болар еді, әрі мына жердің сасығы…
Тергеуші қайдан білсін, менің үйімнің иісі қайбір оңып тұрмағанын. Таңертең едендегі қан дақтарын да жуып үлгермегенмін. Әйткенмен, пәтеріме кіруге болмайды деп қарсылық көрсете аламын ба? Менде басқа таңдау жоқ!
– Кіріңіз, – дедім есікті ашып. – Аяқ киіміңізді шешпесеңіз де болады…
Еденге қарасам, қан дақтары көрінбейді. Сірә, біреу мәйітті сүйреп шығарып қана қоймай еденді мұқият тазалаған тәрізді ме?!
Ықшамдап аударған Шах МҰРАТ.
(Жалғасы бар).