Сотталушы орындығында – ағайынды екеу. 40 жастағы үлкені А. кезінде адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық әрекеті үшін 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Одан бес жас кіші туған інісі Д.-ның да жүрісі сұйық. Арнаулы орта техникалық білімі бола тұра тұрақты жұмыс орны жоқ. Екі баланың анасы атанған әйелімен ажырасқан. Ағайынды екеуінің үстінен алдын-ала сөз байласқан топ болып, пайдакүнемдік ниетпен екі бірдей адамды жазым ету және бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы қарақшылық шабуыл жасау, сондай-ақ өзгенің автокөлігін иеленіп кету әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалған.
Жәбірленуші К. сот отырысында берген жауабында қаза тапқан Р. өзінің туған әкесі екенін айтты. Әкесі соңғы кезде жеке-дара тұратындықтан бір-бірімен тығыз араласа бермейтін. Қала орталығында пәтері болды. Ал қылмыс жасалған үйді әкесі саяжай ретінде сатып алған, өз басы онда бірде-бір рет болмаған. Сондықтан ол үйдің ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарымен кімдер айналысқанын білмейді. Бір білетіні, ол саяжайда әкесінің жолдас қызы Л. тұратын. Ол әкесіне ұл туып берген еді. Ұлы қазір әлі кішкентай. Л. сол қылмыс болған күні өзінің ұялы телефоны арқылы әкесін өлтіріп кеткенін жылап тұрып айтқан болатын. Суық хабарды естісімен саяжайға жедел жеткенін, үй алдында үсті-басы қанқан әкесінің сұлап жатқанын, одан сәл әріде әкесінің жұмысын атқарып, үнемі қасында жүретін Б.-ның өліп жатқанын көргенін айтты. Л. оларды өлтірген үйдің сыртын жөндеп жатқан ағайынды екі құрылысшы екенін, ол екеуі әкесінің автокөлігін айдап әкеткенін жылап тұрып баяндады. Сөйткенше Л. шақырған полиция қызметкерлері келіп жеткенін сөз етті жәбірленуші сотқа берген жауабында. Жәбірленуші С. өзінің кісі қолынан қаза тапқан Б.-ның қызы екенін, әкесі Р.-дың қарамағында жұмыс істегенін айтты.Әкесініңміндетіне тікелей не кіргенін білмейтін, оның нендей жұмыс атқаратынын егжей-тегжейлі сұрап білмеген, тек әкесінің қолынан қалың дәптер түспейтін. Бір байқағаны, ол дәптерде әлдебір алым-берім қаржы сомалары жазылатын, соған қарағанда әкесі басшысы Р.-дың материалдық жағына жауап берген болса керек. Анасы қылмыстық оқиға болған күні ұялы телефон арқылы үйіне тез жетуін сұраған. Оның дауысынан жайсыз бір жағдай болғанын аңғарған. Алып-ұшып үйге жеткен соң барып әкесін біреулердің жазым еткенін анасынан естіген. Қылмыстық оқиғаның мән-жайын кейін полицияның бөлімшесінде болғанда барып білген еді. Куә Н. сот отырысында берген жауабында қылмыстық оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Ол үй иесі Р.-дың саяжайына әдеттегідей таңертең ертемен келіп жетеді. Бұл уақытта үйде Р.-дың көңілдесі Л. болды. Үйдің сыртқы жөндеу жұмыстарымен айналысатын ағайынды А. мен Д. оның жанынан өтіп бара жатты. Әрқайсысының қолында бір-бір пышақ болды. Сәл ұзап барып аялдаған екеуі әлденені айтып, күбірлесе қалды. Сол сәтте ол А.-ның: «Тіпті болмай жатса, онда күрекпен ұрып сұлатайық», – дегенін анық естиді. Куә Н. бұл сөзді естісімен тіксініп қалады. Олар жаққа жалт қараған, бірақ екеуінен әлдебір тосын әрекет байқалмаған соң әлгі сөзді тез ұмытып, өз ісімен айналысуға кіріскен. Сөйткенше, А. тұрған жақтан елең еткізерлік шалт қимыл өзінің назарын аударған. Б. бірер қадам аттап барып, құлап түсті. Оған А.-ның пышақ салып алғанын бірден аңғарған сәтте қалай аузынан қорқынышты үн шыққанын өзі де білмей қалды. Сөйтті де өз еркінен тыс тұра қашты. Артынан А. қуып келе жатып, небір дөрекі сөздермен зәресін ұшырған. Қашып құтылып-құтылмасын кім білсін, алдынан көрші үйдің иесі автокөлігімен қарсы келіп қалмағанда. Қорыққаны сонша, кекештене сөйлеп әлгі жігітке полицияны шақыр дегенді әзер айтқан. Б.-ның өмірі қиылғанын әлдебір түйсікпен ұғынған. Мұның автокөлік иесімен сөйлесіп тұрған сәтінде А. кері бұрылды. Бойын «Енді не болар екен!» деген үрей билеген куә Н. екінші бір қылмыстың көз алдында жасаларын еш күтпеген еді. Үйге жақындап барып қалған А. сол сәтте іштен шыққан саяжай иесі Р.-ға тап беріп, оң қолындағы ақ түсті асүй пышағын кеуде тұсына екі рет сілтеп қалды. Не болғанын ұғынбай А. жаққа бетін бұрған Р.-дың сол жақ кеуде тұсына Д. оң жақ қолындағы ақ түсті асүй пышағын екі рет сұғып-сұғып алды. Р. алған ауыр жарақатынан құлап түсті. Куә Н. өз көзімен көрген осы жайттарды бүге-шігесіне дейін сот отырысында баяндап берді. Куә Н. сот отырысына төрағалық етіп отырған судьяның нақтылай қойған сұрағына орай А. мен Д. үшеуі үйдің сыртқы жөндеу жұмыстарымен айналысқандарын айтып, жауап берді. А. мен Д.-ның үй иесіне пышақ жұмсағанын көрші саяжайдың ауласында жасырынып тұрып, анық көргендігін және қайталады. Ағайынды екеуінің үйге кіріп кеткенін, сәлден соң сыртқа шығып үй иесі Р.-дың «джип» автокөлігіне мініп кеткенін, рөлде А.-ның болғанын сөз етті. Қылмыстық оқиға болған жерге полиция қызметкерлері келіп жеткен соң барып көрші саяжайдың ауласынан шығып келген одан сол жерде жауап алынады. Сот отырысында жәбірленушілер мен куәлердің берген жауаптарындағы айғақтарды талдай келгенде қылмыстық оқиғаның мән-жайы нақты көрініс тапты. Үй иесі Р. ағайынды құрылысшылар А. мен Д.-ға атқарған сыртқы жөндеу жұмыстары үшін 300 000 теңге көлеміндегі еңбекақыны төлеуді кешіктіреді. Ағайындылардың қылмыстық әрекетке баруына осы түрткі болады. Екеуі алдын-ала сөз байласа келіп, Р.-дың үйінде ақша сақтайтын сейф болуға тиіс, соны қалайда қолға түсіру керек деген ұйғарымға келеді. Олар осындай пайдакүнемдік қылмыстық мақсатта қарақшылық шабуыл жасауға бекінеді. 300 000 теңге көлеміндегі еңбекақысын бермей қойғандығына кектенген олар үй иесі Р.-мен оның қаржы жағына жетекшілік ететін Б.-ны өлтіруге бекиді. Қылмыстық оқиға болатын күні сағат 11.10 шамасында әрқайсысы асүй пышағымен қаруланған А. мен Д. сол үйдің ауласында өз ойларын жүзеге асыруға кіріседі. Олар өзара кеңесіп, жәбірленушілерді тіпті болмай бара жатса күрекпен ұрып сұлатуды ұйғарады. Сотталушы А. сол үйдің ауласында тұрған Б.-ға жақындап келіп, одан еңбекақыны қашан беретіндігін сұрайды. Б. оған анайы сөзбен жауап қатады. А. сөзге келместен қолындағы асүй пышағын Б.-ның кеуде тұсына екі рет сұғып алады. Б. ауыр жарақаттан сол мезетте жан тапсырады. Ағайынды екеудің үлкені А. өзінің қылмыстық әрекетінің куәсі Н.-ның өзін әшкерелейді деген күдік ойына оралысымен оған қарай ұмтылып, қаша жөнелген оны қуады. Ол бірақ оның қолына түспей сытылып кетеді. Үйге қайта оралған А. сағат 11.20 шамасында іштен шығып келе жатқан Р.-дың кеуде тұсына екі рет пышақ жұмсайды. Д. бұл қолайлы мезетті дереу пайдаланып, Р.-дың кеуде тұсына және тамағына пышақ тығып алады. Алған пышақ жарақатынан Р. құлап түсіп, сол жерде көз жұмады. Ағайынды А. мен Д. сағат 11.25 шамасында ішке ұмтылып, өздеріне қарсы жолыққан үй иесінің көңілдесі Л.-ны қорқыта одан сейфтің қайда екенін сұрайды. Жәбірленуші Л.-ның бұл үйде сейф те, ешқандай құнды зат та жоқ дегеніне иланбастан ағайынды екеу үйдің бұрыш-бұрышын тінтіп, іздейді. Бірақ ештеңе таппайды. Олар сағат 11.35 шамасында сыртқа шығып бара жатып үй иесі Р.-дың жансыз денесінің жанында жатқан автокөліктің кілтін көреді. Сол сәт А.-ға ол «джип» машинасын айдап кету керек деген ой келеді. Қылмыскерлер сөйтіп қылмыстық оқиға болған жерден бой тасалайды. Әйткенмен куәлер Н. мен Л.-ның айтуымен олар сол күні-ақ полиция қызметкерлерінің қолына түседі.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен А.-ға бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза, ал Д.- ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге тиісті бас бостандығынан 20 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.