Адам тағдыры қилы да бұралаң жолдардан өтеді. Тіпті мамандық таңдап, оның нәтижесін көруде де адам баласы талай қиындықты жеңіп шығып, бейнетінің зейнетін көруге ұмтылады. Бұл– заңдылық! Адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек арқылы қоғамға пайда әкеліп, өзі де жемісін көру шынайы бақыт. Бұл ойлар өз еңбегімен ұжымына, туған-туыс, бауырлары мен дос-жарандарына сыйлы болған Ибрагим Оспановпен тілдескенде туындады.
Ибрагим Мұқанұлы қарапайым ауылдан шығып, еңбекке ерте араласты. Кезінде Жезқазған облысы дүрілдеп тұрған уақытта кино саласында, кейіннен құрылыста ептілігін байқатты. Алайда тағдыр жолы оны өндіріспен қауыштырды.
Құю-механикалық хауытының ұста, дәнекерлеу цехында басталған өндірістегі еңбек жолы кейін оны мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына алып келді. Еңбек кітапшасына Ибрагим Оспанов 1990 жылдың 5-наурызында басқарманың №2 теліміне жұмысқа қабылданғаны туралы жазба түсті. Содан бері арада 32 жыл өтті. Ибрагим Мұқанұлы осы салада майталман маман атанып, тәлімгер болды. Дәнекерлеушілер мен газбен кесушілердіңғ слесарь-жөндеушілердің бригадасын басқарды. Алғашқы жылдары газбен кесуші, кейіннен дәнекерлеуші мамандығына ойысқан Ибрагим Оспанов осы жылдар ішінде еңбекке деген екпінділігінің арқасында құрметке кенелді.
– Еңбек жолымды алғаш осы басқармада бастағанда аға ьуынның мектебінен өттік. Олардың әрбір атқарған істерінен үлгі алуға тырыстық. Кесу, дәнекерлеу жұмыстары дәлдікті, қырағылықты қажет етеді. Қате кесілген немесе дәнекерленген бөлшектер жұмысқа қаншалықты әсер беретінін жұмыс барысында көргеннен кейін жауапкершілікті үнемі жоғары қойдым. Мұнда алғаш келгенде телім басшысы Александр Купарь, директор Гарри Зигерт болды. Газбен кесушіден басталған еңбек жолым кейін бригадир дәрежесіне жетті. Тәлімгер атандым. Міне, енді бейнетімнің зейнетін көрер шаққа жетіп, сүйікті ұжымыммен қош айтысып барамын.
Осы отыз екі жылда менімен қатар еңбек еткен, қолдаған ұжымдағы барлық жігіттерге алғысым шексіз. Газбен кесушілер, дәнекерлеушілер мен слесарьлардың ерен еңбегі өндіріс үшін басты күшке ие екендіктерін жақсы түсінемін. Жігіттердің атын атап, бөліп, жарғым келмейді. Үлкен еңбек күші бола білген бригадаммен мақтанамын, – дейді Ибрагим Мұқанұлы.
Отыз екі жыл бір телімде еңбек етіп, еткен еңбегінің жемісін көрер шаққа жеткен Ибрагим Осапановты басқарма басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті құрмет көрсетіп, зейнеткерлікке шығарып салды. Ибрагим Мұқанұлы осы жылдар ішінде еңбегі үшін үшінші және екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Ал, кейіпкерім үшін ең басты марапат – еңбектің жемісін көріп, құрметті демалысқа шығу. Енді Ибрагим Оспанов ардақты ата ретінде ұрпағының тәлімі мен тәрбиесіне көңіл бөлмек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.