Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, Шығыс пен Батысты жалғастырған Жезқазған-Бейнеу теміржолы күні кеше ғана іске қосылған сияқты еді. Уақыт тегершігі алға жылжыған сайын бұл оқиға да сарғыш тартқан тарих бетіне айналып келеді. Оған да 8 жылдың жүзі болып қалған екен. Жаңа ғасыр жолы 2014 жылдың 22 тамызында іске қосылғаны белгілі. Ал, енді осыдан 85 жыл бұрын жапандағы Жезқазғанды орталық өңірлермен байланыстырған алғашқы болат жолдың келуі ел есінде ме? Ол – байырғы Нілді, қазіргі Жарық жолы. Нілді-Жезқазған теміржолы үлкен қиыншылықтармен, сол кезеңнің өлшемі бойынша аса қысқа мерзімде салынып, 1937 жылдың 11 қарашасында аяқталды. Бүгінде осы елеулі оқиғаның жанды куәгерлері арамызда қалмаса да тарихи мұрағаттар шерткен сыр-шежірелерге көз тоқтата кеткен артық болмас деп ойлаймыз.
КСРО Үкіметі 1936 жылы 9 қаңтарда қабылдаған қаулысында Үлкен Жезқазған комбинатының көлемі мен құрылысының мерзімін түпкілікті айқындап, жылына 200 мың тонна мыс өндіретін өндіріс салу жобасын алға қояды. Соған орай, біраздан бері айтылып жүрген теміржол құрылысын жедел қолға алу қажеттігі туындады. КСРО Халық комиссарлары кеңесінің жоғарыдағы қаулысының негізінде Сәкен-Жезқазған аралығындағы 418 шақырымдық теміржол тармағының техникалық жобасы жасала бастады. Осы жерде ашып айта кеткен жөн, Қазақстан республикасы басшыларының бірі, белгілі қоғам қайраткері С. Сейфуллиннің аты берілген бұрынғы Нілді стансасы сол уақытта Сәкен деп аталатын. Қазақтың айтулы азаматы Сәкен ұсталып, қызыл террордың құрбаны болған соң қайтадан бұрынғы атауына көшірілді. Кейіннен ол Жарық стансасы деп аталғаны белгілі. Кейбір кітаптардағы деректерде Жезқазған теміржолының құрылысы 1935 жылы басталып, 1937 жылы аяқталғаны айтылады. Алайда, экономика ғылымының докторы Нығметжан Есенғаринның республика Ұлттық кітапханасының, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының, Ақмола және Қарағанды теміржол бөлімшелерінің мұрағаттық деректері бойынша жазған «Сарыарқаның болат магистралы» кітабында, сондай-ақ, сол жылдардағы облыстық газеттерде жарияланған мақалаларда құрылыстың басталған уақыты ретінде 1936 жыл көрсетіледі. Негізінде, 1935 жылы Қарағанды-Балқаш жолы үлкен күшпен салынып жатқан болатын.
Ақмола жол қатынастары наркомының бұйрығымен 1936 жылдың басында Қазақстан құрылыс-монтаж тресі құрылады. Қарағанды-Балқаш теміржолының құрылысы аяқталған соң Жезқазғанға қарай жол тарту қолға алынды. Жоғарыда айтылған кітапта: «Сәкен-Жезқазған теміржол желісінің құрылыс жұмыстары 1936 жылы шілде айының аяғында ешбір дайындықсыз басталды. Жыл ішінде 235 шақырым жолды жай жермен төсеу, 1220 мың текше метр топырақ үйінділерінің жұмысы, 4 млн. сомға азаматтық және жасанды ғимараттар құрылысын салу жоспарланды. Жол бойына рельс төсеу сол жылдың 17 қазанында басталды», – деп жазылған. Жол қатынастары жүйесінің құрылысында тұңғыш рет қуатты механикалық колонна құрылды. Оның құрамында жеті экскаватор, механикалық күректі 12 «Беккер» пойызы, 6 бульдозер, 18 автомашина және басқа да күрделі техникалар жұмыс істеді. Колонна бір күн ішінде 16 мың текше метр теміржол табанының үйіндісіне топырақ төсеп отырды. Жалпы құрылысқа сол кездегі жол құрылысының жаңа жетістіктері мен техникалары кеңінен пайдаланылды. Дегенмен, жапан далада бұзылған техникалардың көп уақыт тұрып қалуы, су мен көмірдің болмай қалуы, жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етудегі олқылықтар сияқты кедергілер де аз болмаған. Адамдар осындай қиындыққа қайыспай, күш-қайратын еселей отырып жұмыс істегені байқалады. «Күніне 4 шақырым жол төселуі керек!» деген бастама көтеріліпті.
Үлкен құрылысқа 1937 жылы 8661 мың сом қаржы бөлінеді. Бұл оның алдындағы жылы игерілгеннен 4 есе артық еді. «Социалистическая Караганда» газетіндегі 1937 жылғы 28 маусымдағы бір мақалада: «Алайда, барлық қиындықтарға қарамастан жаңадан тартылып жатқан Сәкен-Жезқазған жолын салушылар 25 қыркүйекке дейін 343 шақырымға рельс төсеп үлгерді. Толық аяқтау үшін әлі 75 шақырым жол төселуі керек»,- деп жазса, 1937 жылғы 15 қарашадағы нөміріндегі «Казахстройпуть» тресінің бастығы К.Гоценконың мақаласында: «1937 жылдың 11 қарашасында Нілді-Жезқазған болат жолы Үлкен Жезқазған стансасына жетумен қоса, одан әрі 1300 метрге асып өтті. Жаңа теміржолдың шпалына ең соңғы шегесі қағылды. 418 шақырымдық жол мәресіне жетті. Үлкен Жезқазғанға күретамыр жол ашылды! Осы күннен бастап теміржолды уақытша пайдалану басталды. Әлемдегі ірі мыс комбинатына айналатын алып құрылысқа енді Отанымыздың түкпір-түкпірінен қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтар осы жолмен ағылады»,- деп көтеріңкі көңіл күймен жазылғанын көреміз. Солай дегенмен, іс жүзінде уақытша пайдалануға берілген теміржолмен Жезқазған алып мыс комбинатына арналған жүктер үлкен қиыншылықпен жеткізілетін еді. Жүк тиелген вагондар стансалар мен разъездерде бірнеше тәулік бойы тұрып қалатын. «Мысалы, Жаңа-Арқа станциясында 1938 жылғы 23 желтоқсан күні бес күннен бері жөнелтілмеген 110 вагон тоқтап тұр. Жаңа-Арқа мен Жезқазған аралығында барлығы 125 вагон тұр. Қарсақпай мыс комбинаты көмірдің жоқтығынан еріксіз жұмысын тоқтатып бес күндік жұмыспен ілдалауда»,- деп жазыпты «Социалистическая Караганда» газеті. Одан әрі Нарком Л.Кагановичтің өкімімен «Казахстройпутьқа» 6 паровоз бөлініп, олар Қызылжар және Жаңа-Арқа деполарына баяғыда келгенімен әлі толық іске қосылмай отырғаны айтылады. Мұның барлығы Омельченконың, трест бастығы Гоценконың және оның саяси бөлім жөніндегі орынбасары Ивановтың тарапынан дұрыс басшылықтың болмағандығын көрсетеді деп кінәлілерді де тізіп көрсетіпті. «Жар астынан жау іздеген» зобалаң заманда олардың да кейінгі тағдыры қыл үстіне ілініп кетуі әбден мүмкін-ау. Міне, уақытша пайдалануға берілген теміржол үш жылдай саналуан күрделі жағдайларды бастан өткеріп, өз қалпына әрең келсе керек.
Осындай жағдайларға байланысты Нілді-Жезқазған теміржолы тек 1940 жылдан бастап ғана толық қуатына көшіп, тұрақты пайдаланыла бастаған. Сол жылы Жезқазғанда локомотив депосы салынды. Болат жолдың арқасында мыс комбинатымен қатар, болашақ өндірісті қаланың іргетасы қаланып, құрылыстың қанат жаюына зор мүмкіндік туды. Кешегі «құлан жортқан құба жонға» жаңа өмірдің лебін әкелуімен құнды бұл жол. Бері қарай Қарағандының көмірі тасылса, Балқашқа Жезқазған шахталарынан өндірілген кен өнімдері толассыз жөнелтілді.
Болат жол мыс ошағының өз деңгейіне көтерілуін қамтамасыз етумен қатар, болашақ қаланың бой түзеуіне зор мүмкіндік жасап, шалғайдағы өңірдің тіршілігіне нәр жүгірткен күретамырына айналды. Бұл — Жезқазған сынды үлкен өндірістің атасы, қазақтың асыл перзенті Қаныш аға Сәтбаев армандаған игілікті жобалардың алғашқы жүзеге аса бастауы болатын. Ал, осыдан 8 жыл бұрын іске қосылып, мысты өңірді еліміздің Батысымен жалғастырған Бейнеу магистралі болса, байырғы Нілді-Жезқазған теміржолының жарасымды жалғасы болғанына дау жоқ.
Амандық РАХҰЛЫ.