Қыпшақтар қазіргі Қазақстан аумағына VII ғасырда Алтайдан қоныс аударды. «Қыпшақ» сөзі тұңғыш рет (747-757ж.ж.) Селенгі өзенінің бойында тасқа қашалды. Солтүстік Каспий, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңын жайлаған Оғыз да ол кезде (ІХ-Х ғ.ғ.) осал ел емес еді. Бірақ, Қыпшақ ХІ ғасырда оны ығыстырды. Осылай «Оғыз даласы» («Мафазат әл-гузз») «Қыпшақ даласы» («Дешті-Қыпшақ») атанды. Алғаш бұл сөзді парсылық Насыр ибн Хусрау «Диуан» деген еңбегінде қолданды.
Бұдан жеті жыл бұрын Арменияда табылған көнеқыпшақ тіліндегі жазу әлеуметтік желіде әралуан пікірге тамызық болды. Кейбіреу көнеқыпшақ мәтініне күмән келтірсе, енді бірі «ол заманда тіпті қазақ болмаған» деп, көрсоқырлықтың «көкесін» көрсетті.
Өрлеу өрісі
Сонау Сақ, Ғұн дәуірінен келе жатқан көптеген көне тайпа қазіргі Қазақ ұлтын қалыптастырды. Сондықтан, барша түркі халқы сияқты Қазақ та сақ-ғұнды ата-баба санайды. Ал, Шыңғысхан басқыншылығы басталғанға дейін Ертістен Дунайға дейінгі алып аймақта үш ғасыр (900-1220ж.ж.) билік құрған Дешті-Қыпшақ империясы аумағына қазіргі Қазақстан көлемі түгел кірген.
Әуелі Алтай мен Саян тауының баурайын мекендеген Қыпшаққа қатысты алғашқы ақпарат Қытай жазба дерегінде кездеседі. Тарихта халықтың ұлы қоныс аудару көшінің басында Қыпшақ болғанын тілге тиек еткен танымал тарихшы Мурад Аджи былай дейді:«Қыпшақ – ежелгі түркі тайпасының атауы. Ол Алтайдан алғаш көшкенде қалған қоныс аударушы соның атымен аталуы мүмкін… V ғасыр аяғында қыпшақтар Еуропаның жартысы мен Орталық Азияға жаппай қоныстанды».
VII-Xғ.ғ. Қыпшақ этникалық қауымдастығы бастан өткерген қалыптасу үдерісі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы (VIIғ. екінші жартысы – VIIIғ. соңы). Екінші кезең: VIIIғ. аяғы – XIғ. басы. Профессор, түркітанушы Ә.Құрышжановтың сөзімен айтсақ, «Басында қимақ қағанаты құрамында болып, кейін жеке тайпаға бөлінген қыпшақтар ХІ ғасырда тарих сахнасы авансценасына шықты».
Ал, ортағасырлық қыпшақтар тарихын тереңдете зерттеген ғалым-археолог С.Ақынжанов айтады: «Әртүрлі тарихи дерекке қарағанда, Қазақ даласының солтүстік аймағында ХІ-ХІІғ.ғ. түркі тайпаларының хан билеген қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты». Ұлан-байтақ аумақты иеленген олар Батыс Еуропа дерегінде «құмандар», орыс жылнамасында «половцы» деп көрсетілді.
Қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі: Xғ. екінші жартысы – 1219 жылға дейін. Көп ру мен тайпадан тұратын Қыпшақ халқы қандық-туысқандық байланыс емес, аумақтық-шаруашылық қатынас негізінде қалыптасты. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ежелгі башқұрт, оғыз,т.б. тайпа кірді. Қыпшақтың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлы, Шығыс Түркістаннан келген баят, түргеш, қарлұқ, шігіл елеулі әсерін тигізді.
Қыпшақ хандары өз иелігін оңтүстікте Таразға дейін жеткізіп, қарахандықтармен қоңсы қонды. Арасындағы шекара Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында найман, қаңлы, керейтпен шектесті, солтүстікте қырғыз және хакаспен көрші тұрды. XI-XIIғ.ғ. Алтай мен Ертістен Карпат пен Дунайға дейінгі даланы мекендеген халықтың бәрі «қыпшақтар» деп аталды.
Құлдырау қисыны
Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе, Хорезм шахтары және салжұқтармен жиі жауласты. 1065 жылы салжұқт билеушісі Алып Арсылан Маңғыстауға шабуылдады. Қыпшақтарды жеңгесін, Жент пен Сауранға жорыққа аттанды. Жеңіліс тапқан Қыпшақ тайпасының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелді болды.
1096 жылы «Құдіретті» хан бастаған қыпшақ әскері Хорезмге жорық жасады, бірақ сәтсіз аяқталды. XІғ. аяғы мен XIIғ. басында Сырдарияның төменгі сағасында бірқатар қала, Жент пен Янгикент қыпшақ көсемдеріне қарады. Кейін Жентті жаулап алған Хорезм шахы Атсыз солтүстікке қарай бет алып, қол астына Маңғыстауды қаратты.
1133 жылы Жент қаласынан Дешті-Қыпшаққа жойқын жорық жасаған Атсызшах қыпшақтарды ойсырата жеңді. Содан Қыпшақ хандығының ыдырауы басталды. Қыпшақ ақсүйектері арасында Хорезмді жақтаушының көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлының аса ірі бірлестік құруы, билік үшін әулетаралық қырқыстың күшеюі де негізгі себеп болды.
Қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке мен немере інісі Алып-Дерек арасындағы тақ үшін бітіспес таласты Хорезм билеушілері, әсіресе, Текеш пен Мұхаммед тиімді пайдалануға тырысты. 1195 жылы Текеш (1172–1200жж.) Сығанақты басып алуға аттанды. Алайда, Ұран тайпасынан тұратын сарбаздар Қадыр-Бүкемен ымыраласып, сатқындық жасады. Текеш талқандалған әскерінің қалдығымен Хорезмге қайтты.
1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып, Қадыр-Бүкеге қарсы шықты. Соғыста Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан тағына отырған Алып-Деректің күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүкені босатып, көп әскер беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Алып-Дерек әскері жеңілді, ал, Қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке Хорезмшахқа тәуелді болып қалды.
Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) XIIIғ. басында Сығанақты қосып алды. Бас қаласынан айырылып қалғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресті жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтың бірінде Ырғызға дейін жетті. Осы кезде Торғай даласында қыпшақтарға қашып кірген меркітті қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен қақтығысып қалады.
Бұл моңғолдардың қазақ жеріне алғаш аяқ басуы еді. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында қыпшақтар ыдырау алдында тұрды. «Дешті-қыпшақ моңғол үстемдігі кезінде жаңадан «Алтын Орда» атауын иеленді» дейді М.Аджи. Қазақтың біртұтас этнос болып қалыптасуында, өсіп-өркендеуінде, дербес ұлт ретінде тарихтан лайықты орын алуында Алтын Орда мемлекеті орасан зор рөл атқарды.
Тарих пен тіл
Бастапқыда «Жошы ұлысы» атанған Алтын Орда Бату (1227-1255), Берке (1257-1266) хандық құрған кезде дәуірлеп, Мөңке-Темір (1266-1280), Өзбек (1312-1342), Жәнібек (1342-1357) тақта отырған тұста Еуразияның ен даласында билік құрған қуатты мемлекетке айналды. Гүлденген кезеңі – Берке мен Өзбек ханның тұсы. Беркенің ислам дінін қабылдауы мемлекет дамуына оң әсер етті. Өзбек қала, мешіт, медресе салуға баса назар аударды.
Сауда жолында орналасқан Алтын Орда айтарлықтай мәдениетті мемлекет болды. Оның аумағын мекендеген халықтың этникалық құрамы туралы түркітанушы П.Мелиоранский: «Алтын Орда түркі мен моңғолдың түрлі тайпасынан тұрды» десе, тарихи дерекке сүйенген белгілі ғалым Ә.Құрышжанов «дені қыпшақ руы болған» деген қорытынды жасайды.
Жазушы Ә.Кекілбаев: «Қазақтың төрт мың жылдық тарихы бар, дәйекті, деректемелі тарихы екі мың жылдың көлемінде» десе, сүйек зерделеп жүрген ғалым-антрополог О.Смағұлов: «қазақтың тарихы бір тал шашында» деп, 40 ғасырлық тарихын дәйекті дерекпен дәлелдейді. Алаш ардагері Ә.Бөкейханов: «қазақ тарихы – қазақ әдебиетінде» деген. Ал, әдебиет тілге келіп тіреледі.
Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, түркітанушы Қ.Сартқожаұлы былай дейді: «Түркология ғылымында айырықша орны бар құнды мұраның бір шоғыры, ертедегі Сақ, Ғұннан кешегі Қазақ хандығына дейінгі тұтас тарихты айғақтайтын құнды жәдігердің көбі қазіргі Монғолия жерінде. Тас бітіктегі жазуды маған дейінгі бірнеше ғалым «Көне ұйғыр тілінде» деп топшылаған. Мен ұзақ жылғы зерттеуіме сүйеніп, ежелгі ескерткіштегі жазу «Қыпшақ тілінде» екенін дәлелдедім. Ол «Тас кітаптың құпиясы» атты еңбегімде кеңінен айтылған».
– Ұлт тарихын зерделеуде тілдің қалыптасу үдерісін ескермей алысқа ұзамаймыз. Тіл экстралингвистикалық жағдайға тәуелді, халық тарихымен тығыз сабақтас. Қазақ тілінің ең көне дерегі Орхон-Енисей жазба мұрасында сақталған. ХІІІ-ХІVғ.ғ. Еуразия кеңістігінде, Жібек жолы бойында көне қыпшақ тілі халықаралық тілге айналды. Алтын Орданың ресми тілі де көне қыпшақ тілі еді, – дейді, филология ғылымының докторы, түркітанушы, профессор М.Сабыр.
Алтын Орда жазба ескерткішінде қазақша баламамен дәлме-дәл 420-дан астам сөз бар көрінеді. Мәселен, ата-баба баққан малын – ат, бағлан, йылқы, оғлақ, сығыр, тева, қысрақ, қозы, қой, таққан әшекейін – асырға, йүзук, тұтынған ыдыс-аяғын – айақ, бычақ, қашуқ, үй мүлкін – бешик, кийиз, килим, киім-кешегін – тон, чапан, бөрк, башпақ, еңбек құралын – балта, бурғу, көрүк, тамағын – аш, ет, бал, йоғұрт, туз, ун, қаймақ, сүт деп атаған екен. Бұл – этномәдени сабақтастық. Бұдан тұтас бір ұлттың бет-бейнесі анық көрінеді.
Түйін
Кейінгі кезде көрші ел Алтын Орда тарихына қатысты қалыптасқан ғылыми көзқарасын қайта қарауға кірісті. Енді «екі жарым ғасырлық татар-моңғол езгісінен азаттық күресі арқасында құтылдық» деген тұжырым артқа ығысып, «етек-жеңді жинап, ел қатарына қосылуға Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі тікелей ықпал етті» деген сыңайдағы пікір алға шықты.
«Россия возникла на совершенно новой московской почве, которая была органической частью золотоордынской государственности» дейді, Хакас мемлекеттік университетінің доценті Г.Тюньдешев «Великий хан Батый – основатель Российской государственности» кітабында. Осыған ұқсас алуан пікірдің астарына үңілсең, ашық айтылмаса да, «Алтын Орданың мұрагері – Ресей» деген ой андағайлап тұрады.
Ендеше, сиырдың бүйрегіндей көршінің көкейін осындай ой тессе, ен жайлаған жері, байырғы қазақ жұртының атамекені Алтын Орда аумағының жартысына жуығын алған қазіргі Қазақстан мұрагерлікке толық құқылы. Оған дәлел тарихтан да, тілден де, ауыз әдебиеті мен аңыздан да табылады.
Баба тарихты Сақ, Ғұн, Қаңлы, Түркі хандық-қағандығынан таратсақ, түркілердің жалғасы – Дешті-Қыпшақ мемлекеті. Жошы Ұлысы, Алтын Орда тарих сахнасына кейін шықты. Ақыры Әбілхайырдан бөлінгендер Қазақ хандығының негізін қалады.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.