Үш жігіт сол күні алдын-ала сөз байласа отырып, пайдакүнем ниетпен бас бостандығынан заңсыз айыру мақсатында «Форд-Гранада» маркалы жеңіл автокөлігімен кетіп бара жатқан жәбірленуші Берікті тоқтатады. Ақан мен Дархан оны сөзге айналдырып тұрғанда Нұркен артынан келіп басынан ұрады. Үшеуі жабылып Берікті оның еркінен тыс, яки күштеп «Форд-Гранада» автокөлігіне отырғызып, басына қап кигізіп, көліктің ішінде қозғалу және белсенді қимылдар жасау мүмкіндігінен айырады…
Бұл қылмыстық істі қараған Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты анықтағандай, үш жігіт өздері жақсы танитын Берікке қарақшылық шабуыл жасайды. Оқырмандарымызға ескерте кететін бір жайт, әдеттегідей қылмыстық іске қатысты адам аттары өзгертіліп алынды. Егер адам есімдері мен қылмыстық оқиға желісінде ұқсастық болып жатса, онда оны кездейсоқтық деп қабылдағаныңыз жөн. Сонымен одан әрі баяндар болсақ, Ақан, Дархан және Нұркен үшеуі сол күні шамамен сағат 11.00-де жәбірленуші Берікті жеке еркіндігі құқығынан айырып, оны қаладағы бір пәтерге алып келеді. Жәбірленушіні орындыққа байлап қояды да ақша талап етіп, оған күш көрсетеді. Үшеуі кезекпен-кезек аяқ-қолдарымен ұра бастайды және оны босатып жібермейтіндіктерін айтып қорқыту арқылы бас бостандығынан заңсыз айырады. Денесінің әртүрлі бөліктеріне тиген соққыдан жәбірленуші Берік есінен танып қалады…
Сол күнгі түнемелік, яғни шамамен сағат 01.00-де аты аталған үшеуіне төртінші Әкпар қосылып, және бір қарақшылық шабуыл жасайды. Бастары қосылған адамдар тобы алдын-ала сөз байласа отырып, қызметтік үй-жайға заңсыз кіріп, жәбірленуші күзетшінің өмірі мен денсаулығынан қауіп келтірерлік күш қолданумен ұштасқан бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде жымқыру үшін қарақшылық әрекеттерін жүзеге асырады. Бұл қылмысты жасау барысындағы әрқайсысының атқаруға тиісті әрекеттерін алдын-ала өз араларында бөлісе ақылдасып алады. Өздері күштеп алып барған пәтерде қамалып жатқан жәбірленуші Беріктің жекеменшік жеңіл көлігіне мініп алған төртеу алдын-ала қылмыс нысаны етіп белгілеген мекеменің кеңсесіне бағыт алады.
Әкпар алдын-ала әзірлеген жоспарға сәйкес әрекет жасай отырып, әлгі мекеме кеңсесіне еркін кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында есікті қағып, өзіне бұрыннан таныс күзетші Еркіннің атын атап шақырады. Жәбірленуші Еркін болса Әкпарды танып, оның қылмыстық ниетін сезбей кіретін есікті ашады. Есік ашылған бетте Нұркен, Ақан және Дархан қарақшылық ниеттерін іске асыра жәбірленуші Еркінге қатысты күш қолданып, кеңсе бөлмелеріне заңсыз басып кіреді. Күзетші Еркіннің қарсыласуын күшпен басып, оның өмірі мен денсаулығына қауіп келтіре отырып, аяқ-қолдарымен соққылай дене жарақатын түсіреді.
Сөйтіп Еркінді еденге құлатып, қару ретінде жіп пен скотчты пайдалана қол-аяғын – жіппен, ал ауызы мен көзін скотчпен байлап, оған сеніп тапсырылған мүліктің сақталуын қамтамасыз етудегі оның тарапынан көрсетілген белсенді қимылдарға тосқауыл қояды.
Бұдан кейін Дархан, Нұркен, Ақан және Әкпар төртеуі кеңседегі жұмыс кабинеттердің есіктерін бұзып кіреді де әлгі мекемеге тиесілі мүліктерді кеңсе алдында тұрған жәбірленуші Беріктің «Форд-Гранада» маркалы автокөлігіне тией бастайды. Олар барлығы 1616246 теңге сомасында, яғни ірі көлемде мүлікті жымқырады.
Бұл қолды қылған заттарды екі мәрте келіп тасып болған соң Әкпар, Дархан, Ақан және Нұркен өздері жасаған қарақшылық шабуыл іздерін жою үшін күзетші Еркінді Ақан жүргізуіндегі «Форд-Гранада» автокөлігінің еденіне жатқызып, қала сыртындағы көл жағалауына алып келеді. Құрамында Нұркен, Ақан және Дархан бар адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы бойынша адам өлтіруге, яғни өздері жасаған қылмысты жасыру мақсатында өзге адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатындағы бірлескен жоспарларын іске асыруға бағытталған әрекеттер жасап, байланған, басына қап кигізілген Еркінді көлге қарай апарады. Оны өлтіруге қатысудан бас тартқан Әкпар көлік ішінде қалады да, ал Нұркен, Ақан және Дархан жәбірленуші Еркінді өлтіруге бағытталған қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін оны жіппен буындырып, суға батырып кетеді.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленуші Еркіннің өлімі мойын мүшесін жіппен тұншықтыру кезінде механикалық тұншығу нәтижесінде болған.
Және бір жәбірленуші Берік болса, ол күні әлі өзін күшпен апараған пәтерде аяқ-қолы байлаулы күйде еді. Берікті оның еркінен тыс 5 тәулік бойы сол пәтерде ұстайды. Ақыры оны өзінің жекеменшік «Форд-Гранада» маркалы жеңіл автокөлігіне салып алып қала сыртына алып шығады. Ес-түссіз жатқан бетінде басына қапты байлаған күйі далаға қалдырып кетеді. Жәбірленуші Берік есін жиған соң жіпті шешіп, басынан қапты алып тастап, әупірімдеп жолға шығады.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1980 жылы туған, ұлты қазақ, үйленбеген, орта білімді, еш жерде жұмыс істемеген, арада 16 жыл өткен соң күзетпен ұсталған Дархан Қанатұлына қатысты қылмыстық істі қарады. Сот отырысында жауап берген сотталушы Дархан тағылған айыптар бойынша өз кінәсін мойындамай жалтарып бақты. Әйткенмен екі қылмыстық істе де сыбайластары Нұркенмен, Ақанмен бірге болғанын, ішімдік ішкендіктен көп әрекеттерді өз еркінен тыс жасағандығын, қарақшылық қылмыс жасауға жігіттермен келісім сөз болмағанын, қорыққанынан Астана қаласына қашып кетіп қалғанын, полиция органдарына хабарлау деген ой өзінде болмағанын, себебі айтсақ сені өлтіреміз деген сөзден қорыққанын, өзіне іздеу салғанын білмегенін сөз етті.
Сотталушының түсінігін саралап және іс-құжаттарын зерттей келіп, сот оның тағылып отырған айыптар бойынша кінәсін, оның өз кінәсін мойындамағанына қарамастан іс бойынша жинақталған және сот отырысында тексерілген дәлелдемелер жиынтымен толық дәлелденді деп есептейді.
Атап айтқанда, куә ретінде сот отырысына қатыстырылған оның сыбайласының бірі Нұркен сотта берген жауабында Дархан Қанатұлымен жақсы таныс екенін, қылмыстық істердің жасалғанына төрт жыл өткен соң Қарағанды облыстық сотымен сотталғанын айтты. Өздерінің сотталушы Дарханмен бірге қылмыстық әрекеттерді қалай жасағандарын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сот отырысында куә ретінде қатыстырылған Ақан да осы қылмыстар үшін 19 жылға сотталғанын, сондай-ақ Әкпар да сотта берген жауабында өзінің осы іс бойынша сотталғанын, алдын-ала тергеу барысында бірінші болып ұсталғанын, қарақшылық шабуыл жасағанда Нұркен мен Ақан белсенділік танытқанын, Дархан олардың қасында болғанын, қылмыс барысында барлығы мас күйде болғандарын сөз етіп, жасалған қылмыстық әрекеттерін егжей-тегжейлі айтып берді.
Сот үкім етті: тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы Дархан Қанатұлы түпкілікті мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан 16 (он алты) жылға айыру түріндегі жаза түзеу колониясының қатаң режимінде өтелсін.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.