ҰРЛЫҚТЫҢ «ПАЙДАСЫ»
Жаңаарқа ауданындағы бір ауылда отырмыз. Кешқұрым болып қалған. Бәр сәтте үй иесі:
– Қайда кетті әлгі? Жүгірмек тағы бір жаққа зып беріп кетіп қалған-ау, – деп соқталдай ұлын іздей бастады.
– Қайтейін деп едің оны сонша іздеп? – деп зайыбы сөзге араласты. – Балаң көзге түспей қалса іздей бастайтын мазасыздығың-ай осы. Қай шаруаңа жұмсай қояйын деп едің? «Шөп жоқ», «Шөп қымбат» деп қолдағы малдан ол құтылып тындық…
– Айтпақшы, мана айтқан екен ғой ол көмірге баратынын. Үлкейген сайын адам ұмытшақ бола ма деймін…
Сөзден сөз туындайды ғой, үй иесінен жаздың жаймашуақ күніндегі көмірдің жайын сұрадық. Ол кісінің айтқаны біз үшін тосын жайт еді.
Теміржол бұл ауылға жақын өтеді екен. Разъезбен көршілес. Көмір тиелген эшелонның қашан келіп, қанша уақыт тоқтайтынын ауыл адамдары біліп отырады екен. Жүк поезы тоқтай салысымен бала-шаға вагонның төбесіне шығып алып, көмірді лақтырып түсіре береді екен. Жазғы күндері осылай көмір алған қолайлы. Жер құрғақ. Үйді-үйге тасып алу да жеңіл.
– Осылайша қысқы отынымызды жазда жинап алатын болғанбыз, – дейді үй иесі. – Жылдағы шаруамыз… Ауылымыз шағын, халқымыз көп емес. Мұнда Қызылжар халқы бұрындары көмірден көмір қоймайтын. Мүлде шектен шығып бара жатқан соң көмір өндірушілер бір шешімге келіпті. Әр үйге бір «КаМАЗ»-дан көмірді тегін түсіріп беретін болыпты. Ұрлықтың «пайдасы» осылай тиіпті…
Бұл жайтты естігенде біздің есімізге өткен шақтың бір көрінісі түсті. Баяғыда совхоз кезінде ауылдағы бар шаңыраққа бір-бір машина шөп таратылатын еді ғой. Өз жеріңдегі шөп болсын, көмір болсын сол жергілікті халықтың игілігіне жаратылғаны дұрыс-ақ қой.
ЖАСТАР ОРЫН БЕРМЕЙДІ
Біз мінген вагонға екі немересін ерткен қарт келіп кірді. Үлкен кісі төменгі орында отырған бойжеткенді көрісімен қуанып кетті. Қолындағы сөмкелерін жайғамастан бірден:
– Қалқам, өзіңді көріп қуанып қалдым ғой. Сендей үлкен немерем бар еді… Жолым болады екен… Үшеуіміздің де билеттеріміз бар. Бірақ бәрі жоғарыда. Мына тоғыз жастағы немерем жоғарыдан құлап қалса оңбай қалады ғой деп уайымдап келе жатыр едім. Айналайын, орныңды бере қойшы мына немереме. Бір орнымыз дәл сенің үстіңде, соған шығып жата ғой, – десін қауқалақтап.
- Жоқ, ата. Орнымды бере алмаймын, – деп салсын әлгі қыз.
Мұндай жауапты күтпеген қарт не айтарын білмей абдырап қалды…
Бәрін көріп, естіп отырмыз. Үлкен кісі әлде де үмітін үзбей әлгі қызбен жылы-жылы сөйлесе бастады. Аты-жөнін сұрады.
Қыз:
– Сәтбаев қаласынанмын. Алматыдағы Сәтбаев атындағы технологиялық увердің бірінші курсын бітірдім, – деп «ал, әйдік болсаң мені соттай ғой» дегендей өзінің есімін, тіпті әкесінің атына дейін айтты.
– Студент екенсің ғой, қалқам, ақша берейін, орныңды берші, – деп жалынды қарт.
– Немереңіздің жағдайын ойласаңыз билетті алдын-ала алмайсыз ба! Маған енді ештеңе айтпаңыз, орнымды бере алмаймын, – деді қыз мізбақпай.
Амалы таусылған қарт үстіңгі сөредегі орнына немересімен бірге жатып шықты.
Бұл көңілсіз жайтқа куәгер болған үлкендер осындай жол азабын өз бастарынан өткергендерін сөз етісті. Олардың сөздеріне қарағанда, бүгінгі жап-жас қыздар да, жігіттер де, тіпті ересектердің өздері де төмендегі орнын бере қоймайтын көрінеді.
– Бірде төрт-бес шал-кемпір, – деді әжей – жақынымыздың жаназасына баратын болып, аяқ-асты билет алдық та поезға отырдық. Орындарымыздың бәрі жоғары жақтан екен. Ал төменге жайғасып алған жастардың ешқайсысы бізге кішіпейілділік таныта қойған жоқ. Үстіне шыға алатын, шыққан күнде түсе алатын емеспіз. Сосын амалсыз жатқандардың аяқ жағында тікеден тік қалғып-шұлғып отырдық. Ана жап-жас қызды айтамын-ау, ана шалдың немересіне орнын бере салса қайтеді! Беттері еш шімірікпейді ғой бұлардың! – деді қынжыла.
Осы көргенсіздікті көріп отырып бізге бір ой келді. Жол жүру ережесіне «Төменгі орындар мүгедектер мен қарттарға арналған» деген тармақ енгізілсе қалай болар еді? Билет сатқанда да осы ереже басшылыққа алынса. Жолсеріктер де осы ережеге сүйеніп, қарттарға, төменнен орын тауып берген болар еді. Осындай ереже қабылдамай болмайды, әйтпесе жастардан еш қайыр жоқ.
«БАРОВОЙЫ» НЕСІ?!
Оншақты туыс-туған жолымыз түсіп Бурабайға қонаққа бардық. Арамызда бұл жаққа алғаш рет келгендер де бар екен. Олар Бурабайдың жанға жайлы табиғатына айырықша тәнті болды. Қанша жұтсаң тоймайтын жұпар иісін айтсаңшы. Екі-үш күнге созылған той-домалақ әсем табиғаттың аясында аса көңілді өтті. Бізді асты-үстімізге түсіп күткен той иелері қонақжайлылық танытты. Бәрі жақсы, бірақ…
Осы «бірақ» дегізерлік бір қынжылыс көкейімізден кетпей қойды. Айтпасқа тіпті болатын емес. Бар сұлулықты бере салған Бурабай барша қазақтың мақтанышы ғой. Әрине, жергілікті тұрғындардың әсем табиғат көркін аса мақтан тұтулары да орынды-ақ. Бірақ… Иә, бірақ өзіміз болған екі-үш күнде бізге қонақжайлылық танытқан үлкен-кішілердің бәрі түгел «Баровой, Баровой» дегендері құлағымызға тосын естілді. Қап, ұяттағы-ай!
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.