Берік Әбдіғалиұлы Сәтбаев қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қаладағы жөндеу, реконструкция жұмысы жоспарланып отырған нысандарды аралап, жоспарлармен танысты.
Әкім алғаш барған нысан – «Кенші даңқы» алаңы. «Қазақмыс» корпорациясы аталған алаңды қайта құрылымдап, кеншілер күніне тарту жасамақ.
Сонымен бірге, қаладағы «Даңқ» алаңын да жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Сәтбаев қаласында заманға сай кеңес беру-диагностикалық орталық салу жоспарланып отыр. Қазір «Қазақмыс» корпорациясы медициналық орталығына тиесілі клиника ғимаратына сараптама жасалып жатыр. Клиниканың негізгі жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында құрылыс кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Нысан басында қала басшылығы мен медицина қызметкерлері тарапынан Сәтбаевқа травмотология бөлімшесі қажеттілігі айтылды. Қазіргі таңда «Қазақмыстың» клиникасы өндірістік жарақаттарды емдеуге маманданса, басқа науқастар Жезқазғандағы көпсалалы аурухананың травмотология бөліміне жүгінуге мәжбүр.
Облыс басшысы бұл мәселені назарына алып, корпорация қолдауымен бірлесе шешу үшін тиісті есептерді жүргізе отырып ұсыныс беруді тапсырды.
Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ғимараттың төбесін жөндеу жоспарланған.
Сонымен бірге, сарайды дыбыс, жарық құралдарымен жабдықтау қажет. Сарай ішінен қала тарихынан сыр шертетін көрме залын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда көрме залының ішкі жөндеу жұмысы жүруде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.