Қаскүнем жеті ай бойы айла-шарғы ойластырды. Жемтігін қалайда тұзағына түсіру үшін тіпті өзінің жиған-терген жеке ақшалай қаржысынан оған жеті ай бойы қосымша кірісі ретінде беріп отырды. Осыншама мерзім бойы оны алдап, әбден сеніміне кіреді. Сөйтіп жүре келе бұдан әлдеқайда көлемді олжа табуды ұсынады…
Қаладағы үлкен бір құрылыс дүкенінде менеджер болып жұмыс істейтін Виктор (қылмыстық істегі адам аттары өзгертіліп алынды — авт.) өзімен бір мекемеде қызмет ететін кассир-бухгалтер Анармен күнделікті сөйлесе жүріп, бара-бара өзара сыйластық қарым-қатынасқа ұласады. Кім байлықты жек көрсін. Ақшамен қалтасын қампита түсуді кім қаламайды дейсің. Виктор мен кассир келіншектің «қызу» әңгімесі жүре-келе осы баюдың оңай жолын қайтсек табамыз дегенге келіп тірелетін болған. Келіншектің ақшаға деген құмарлығын аңғара түсісімен Виктор оны қалайда тұзағына түсіруді ойластыра бастайды.
Адамнан айла артылған ба, Виктор бір күні Анарды тәтті қиялға бөлейді. Оңай олжа табудың жолын меңзейді. Пайда табудың қарапайым әдісі келіншектің де көңілінен шыға келеді. Виктор айтқан бұл амал банктік алым-беріммен тікелей қатысты еді. Әлде бір кредитті рәсімдеп, сосын оны мерзімінен бұрын жабу арқылы, сондай-ақ банктік депозитті қаржылай қаржымен толықтыра түсіп, оның пайыздық сыйақысын алу арқылы кіріс табуға әбден болмақ. Анар оның айтқанына иланды. Сөйтіп олжа табуға кірісіп те кетті. Қолына түсіп жатқан кірістерге келіншектің басын айналдыру үшін Виктор өзінің қалтасынан ақша шығарып, оған беріп отыруға дейін барды. Мұны жүргізілген операциялардан түскен банктік пайыздар деп алдады. Бұл арам пиғылды амал-шарғы жеті айға созылды.
Виктор қосымша табыс табуға Анардың әбден көзі жетті-ау деген бір күні оған және бір ұсыныс жасайды. Енді ірі көлемде депозит сала отырып, оңай олжаға кенелуге болатынын айтады. Ол үшін кемінде 5 миллион теңгені, оның өзінде қолма-қол ақша күйінде табуы керектігіне иландырып бағады. Виктор осылайша арам пиғылын жүзеге асыру мақсатында, яки бөтен біреудің мүлкін иемденуді көздей отырып, оның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсету тұрғысында шабуыл жасауға бекиді.
Ал Анар болса, оның арам пиғылына еш күдіктенбестен 5 миллион теңгені қолма-қол ақша түрінде жинайды. Жақын туған-туыстарынан қарыз алады.
Виктор сол күні арам пиғылын жүзеге асыру үшін жұмысынан сұранады. Сол күні кешке пәтеріне келмей-ақ қоюын айтып анасына өтінеді. Сол күні Анармен кездесуге сөз байласқан еді. Келіскендей-ақ, таңертеңгі сағат 10 шамасында екеуі алдын-ала белгілеген жерде жолығады. Кездескен бетте Виктор Анарға ұялы телефонын сөндіріп тастау керегін айтады.
Қаскүнем Виктор Анардың келісілген 5 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақшалай қаржысы өзімен бірге екенін нақтылағаннан кейін оған қарақшылық шабуыл жасауды көздеген қылмыстық ойын жасыру мақсатында ойдан шығарған банкілік схеманың кей тұстарын талқылап алу үшін келіншекті пәтеріне шақырады. Екеуі сағат 11.00 шамасында Виктордың пәтеріне келеді. Үйге кірісімен алдын-ала дайындап қойған өрілген жіпті алады да, шалт қимыл жасап Анардың мойынына салып қылғындырады.
Виктор қарақшылық шабуыл жасау арқылы Анарды өлтіре отырып, оның 5 миллион теңге көлеміндегі ақшасымен қоса құны 34900 теңге тұратын алтын сақинасын және 64400 теңгелік ұялы телефонын қолды етеді.
Ол өз қолымен жасаған кісі өлімін жасыру мақсатында мәйітті қағаз қорапқа салып, туған бауырының жер үйіне апарып қояды. Ағасы ол жасаған қылмыстық істен хабарсыз еді. Ал ертеңіне Анардың жансыз денесі салынған қағаз қорапты анасының әлде бір құрбысының жер үйіне апарып қояды. Құқық қорғау органының қызметкерлері келесі күні мәйіт салынған қағаз қорапты сол мекенжайдан тапқан еді.
Бұл қылмыстық істі қараған Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың отырысында жәбірленуші тұрғысында Нұрланнан жауап алынды. Ол Анармен некелескеніне біршама жыл өткенін, кәмелеттік жасқа жетпеген екі баласы барын, жарымен тату-тәтті өмір кешкенін баяндады. Анар бірде өзін құрылыс дүкенінде бірге жұмыс істейтін Виктормен сыйлас жан ретінде таныстырғаны бар, бірақ онымен тығыз қарым-қатынаста болған жоқ. Сол күні тәуліктік жұмысына кеткен. Жұмыстан таңертең үйіне келген соң жарының ұялы телефонына қоңырау шалып еді, ол үнемі сөндірулі болды. Түске қарай шыдамы таусылып Анардың сіңілісі Динаға хабарласқан. Ол Жанардың туыстарынан қарыз алып, 5 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаржыны банкке депозитке салмақшы болғанын айтты. Бұл әрекеті жөнінде өзіне тіс жарған жоқ еді. Мұндай әрекетке қарсы болатынын білгендіктен ол туралы өзіне айтпаған болса керек. Дина Анармен бірге жұмыс істейтін Виктордан күдіктенетін білдірді. Осы әңгімеден соң Дина екеуі барып полицияға арыз жазды. Қаскүнем Виктор сүйікті жарын өлтіріп, өмірін тас-талқан етті, екі баласын анасыз жетім қалдырды. Қаскүнемді аса ауыр жазаға тартуды соттан сұрай келіп, моральдық зиян тұрғысында жәбірленуші ретінде 5 миллион теңге сомасында талап арыз бергенін мәлімдеді.
Сот отырысында жауап берген Дина өзінің Анардың туған сіңілісі екенін, бір-бірімен аса жақын қарым-қатынаста болғанын айтты. Анар Виктордың айтуымен банкке 5 миллион теңгені салмақшы екенін де өзінен жасырмай айтқан еді. Сосын оның өтінішін жерге қалдырмай отбасы атынан 900000 теңгені Анарға қарызға берді. Виктор екеуінің банкке баратын күнін де өзіне айтқан. Сол күні түске дейін оның ұялы телефоны сөндірулі болғанына алаңдап, Анардың күйеуі Нұрлан екеуі барып полицияға арыз жазғанын баяндап берді. Тікелей өзінің көрсетуімен Виктордың ұсталғанын сотқа мәлімдей келіп, жәбірленуші ретінде қаскүнемнен келтірген моральдық зияны үшін – 5 миллион теңге, материалдық зияны үшін 2215775 теңге талап ететінін айтты.
Куәгер Иринаның жауабынан:
– Виктормен жиі жолығысып тұратынбыз, кейде менің үйімде түнемелік қонып қалатын. Былайша айтқанда, азаматтық некедеміз. Сол күні таңертең ол өз шаруасымен кетті, ал мен жұмысыма бардым. Ол кешке қарай телефон шалып, хабарласты. Екеуіміз кафеге барып, кешкі ас іштік. Ақшаны Виктор төледі. Виктор өзін әдеттегідей ұстады, мінез-құлқынан сезікті ештеңе байқалған жоқ, яғни сол күні қылмыс жасаған, кісі өлтірген жанға еш ұқсаған жоқ.
Содан бір күн өткен соң күндіз Виктордың анасы телефон шалып, менің пәтеріме келді. Анасы Виктордың киімі салынған сөмкені көрсетуін менен сұрады. Киімдері арасынан қомақты ақша шықты. Санай келіп, «4 миллион теңге» деді анасы. Мен ақшаны санауға қатысқаным жоқ, ал ол не ақша екенін түсінгенім де жоқ. Ол ақшаны алып кетіп қалды. Мен кейін полицияға тергеуге шақырғанда ғана барып Виктордың бір келіншекті өлтіргенін, ақша соныкі екенін бір-ақ білдім.
Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен Виктор бөтеннің ірі мөлшердегі мүлкін жымқыру мақсатында адам өміріне күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл жасағаны үшін және пайдакүнемдік ниетпен, қарақшылықпен кісі өлтіргені үшін айыпты деп табылып, 22 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұл жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуі белгіленді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.