Сергей ДЫШЕВ
Детектив
(Соңы.Басы газеттің №39 (1746), №40 (1747) сандарында).
Лисица қолындағы билеттерін көрсетті.
– Қазақстанға емес пе?
– Никита Алексеевич, мені сонша кім деп ойлайсыз?..
Савушкин мен Лисицаны Ахтубинскіде жергілікті қылмысты іздестіру қызметкері күтіп алды. Ол:
– Оперативтік уәкіл Иван Козлов. Біз ол демалыс үйінде ұрланып орналасқан демалушылар бар екенін анықтадық.
– Солардың ортасында Горелый Владимир Семенович бар ма екенін жайлап анықтасаңыздар. Егер бар болса, – деді Савушкин Горелыйдің фотосуретін Козловқа ұсынып жатып. – Волгоград облысы МАИ-ның бағдар беруі бойынша ұстау керек. Ол өз машинасымен Волгоград арқылы өткенде жол-көлік оқиғасына душар болды.
– Түсінікті.
– Ал енді әскери контрбарлауға кеттік.
Ахтубинск гарнизонының айрықша бөлімі ғимаратының алдына келіп тоқтады. Кіреберісте тұрған әскери қызметкер Савушкиннің құжатын көрген соң өзін таныстырды:
– Айрықша бөлімнің басшысы Крутых. Сіздердің істеріңіз маған тапсырылды. Көмектесуге әзірміз. Жүріңіздер.
Кабинетіне кірген соң Крутых:
– Кәнеки, біздің әрекетімізді пысықтайық, – деді.
19.04.97
14.00
Козлов пансионатқа келіп жетті. Пансионат басшысы орынбасарының бірімен асханаға кірді. Қолындағы фотоға қарап, үстел басында отырған Горелыйды бірден таныды. Күдіктенудің еш реті жоқ: москвалық оперативтік қызметкерлер іздестіріп жүрген Владимир Горелыйдің дәл өзі. Горелый үстел басынан тұрған сәтте Козлов оған барды да:
– Қылмысты іздестіру оперативтік уәкілі Козлов. Азамат Горелый Владимир Семенович, сіз Волгоградтағы жол-көлік оқиғасына байланысты ұсталасыз. Жүріңіз.
– Бұл не далбаса, – деді ашулана Горелый. – Мен ешқандай оқиғаға тап болғаным жоқ.
– Бөлімде анықтаймыз.
– Нағыз идиотизм. Маған ең болмағанда құжаттарымды алуыма болатын шығар…
Бірінші қабаттағы бөлмесінен сөмкесін алып жатып, есік алдында тұрған Козловқа қарап:
– Киім ауыстыруыма мүмкіндік бер, – деп өтіне тіл қатты.
Козлов бетін бұрғаны сол, Горелый ашық тұрған терезеден секіріп кетті.
– Тоқта! – деп айқайлады Козлов. – Атамын!
Ол оның артынша секіріп түсті де, аспанға оқ атты. Әйтсе де Горелый асқан жылдамдықпен өзенге қарай зытты. Сәлден соң-ақ ол жақтан моторлы қайықтың үні естілді.
19.04.97
14.20
Айрықша бөлім бастығының кабинетіндегі телефон шырылдады. Крутых трубканы көтерді.
– Немене? Моторлы қайықпен кетті ме?
Крутых трубканы Савушкинге берді.
– Бірлескен операция ғой, біздің көмек берер сәт туды, – деді Крутых. – Авиациямен келісім жасаймыз.
Үшеуі машинаға отырып, әскери аэродромға бет алды. Крутых жолай авиабөлімшенің командирімен сөйлесті. Ол вертолетпен ұшуға рұқсат берді. Олар келіп жеткенде вертолет қалағы айналып тұрды. Толық қаруланған екі арнаулы жасақ ол тұр.
– Аңшылық оңынан болсын! – деп тілек айтты Крутых.
Аса жылдамдықпен құйғытып бара жатқан моторлы қайық көп уақыт өтпей-ақ көзге түсті. Горелый өзінің ізіне түскендер екенін сезісімен аралға қарай бет түзеді. Оны сол жерде ұстап, вертолет бортына мінгізіп алды.
19.04.97
17.40
А эродромда оларды Козлов пен Крутых күтіп тұрды.
Савушкин Крутыхқа таянып келді де ұсталған сезіктіге қарап:
– Мұнда Горелыйдің туысқандары бар. Оны ұстағанымызды сыбайластары білмей тұрғанда жедел Москваға жеткізуіміз керек. Бортпен және бір көмектессеңіз екен.
– Бөлімше командирінен сұрап көрейін.
Көп өтпей-ақ Крутых қайта оралып келіп:
– Қолбасшы Чкаловск аэропортына дейін борт беруге рұқсат берді, – деді.
– Рахмет! – Савушкин аса ризашылықпен Крутыхтың қолын қысты.
19.04.97
21.10
Ұсталған Горелыйді Москваға жеткізісімен оның өзге сыбайластары – Заремба мен Пронкинді тұзақтауға қатысты операция алдын-ала ойластырылған жоспар бойынша атқарылмақ. Игорь Вьюжанин сол күні кешкілік кезекшілікте еді. Зарембаның машинасы шыққан мезетте ол телефонмен хабарлады:
– Бірінші кетті!
Оның автомобилі үш жүз метр жүріп барып, оперативтік қызметкерлердің екі машинасының құрсауында қалды. Зарембаны машинадан ың-шыңсыз суырып шығарды. Оның қалталарынан үш орам доллар табылды. Барлық әрекет бейнекамераға түсірілді.
19.04.97
21.15
Осы сценарий бойынша Пронкин де қолға түсті. Оның автомобилі завод қақпасынан өткен сәтте Вьюжанин хабарлап үлгерді:
– Екінші шықты!
Қолға түсірудің екінші тобы Пронкин машинасының жолын кесіп, оны ұстады.
20.04.97
18.40
Савушкин Лисицаға тергеу барысын баяндады:
– Күзеттегі Баздырев пен Волдыркин Пронкиннің ұсталғанын естісімен ағынан жарылды. Олар Мартынов атылған мезетте дәлізде қолында пистолеті бар Пронкинді көріпті. Олар егер оны көрсететін болса, онда өздерін атып кететінін айтып қорқытыпты. Қылмыстық істің мән-жайы осындай. Гриша, сен айтушы едің ғой: «Шындықтың беті ашылар сәт туды», – деп. Кәнекей, барлығы әзірше жып-жылы тұрғанда тергеу экспериментін жасап көрелік.
20.04.97
19.40
Желдеткіш заводы әкімшілік ғимаратының дәлізінде куәгерлердің қатысуымен тергеу эксперименті жүргізілді. Оған Белозеров, Савушкин және Лисица, сондай-ақ айыпталушылар мен тергеушілер қатысты. Баздырев куәлік етті:
– Біз Волдыркинмен бірге әкімшілік ғимаратында күзет кезекшілігінде болғанбыз. Сағат 16.40 шамасында екі мәрте оқ атылды. Біз жоғарыға ұмтылдық, дәлізде Пронкин қарсы келе жатыр екен. Ол айтты: «Мен жаңа ғана Мартыновты өлтірдім. Егер ауыздарыңды жаппасаңдар, сендерді де атып тастаймын…».
– Пронкин, сіз Баздыревтің бұл айтқанын растайсыз ба? – деп сұрады Белозеров.
– Растаймын.
– Сендер қалайша осы уақытқа дейін кісі өлтірушіні жасырдыңдар?
Күзетшілер үнсіз қалды.
25.04.97
16.35
Пронкин тергеу эксперименті сәтінде бірінші болып айғақ берді:
– Мартынов мені жұтып қойғысы келді. Енді болмаса қызметімнен алып, бұрынғы слесарьлық жұмысыма жіберетін еді. Менде басқа айла-амал қалмады. Бас директор сол күні іссапарға ұшып кетпекші еді, оның кабинетінен дәл қашан шығатынын білдім… Алдымен кеудесінен аттым, ол бұрышқа қисая құлады. Оған жақындап келдім де, басынан тағы аттым. Сосын жасырын есіктен шықтым да, есікке ілінген құлыпты жауып кеттім. Өндірістік корпус арқылы өттім де, дуалдан секіріп түстім.
26.04.97
10.40
Т аңертеңгілік Савушкиннің кабинетіне Лисица, Белозеров және Вьюжанин жиналды. Алғашқы қорытындыларды саралады. Савушкин жағдайды бағалады.
– Бұл жерде басты тұлға Пронкин. Әрекеті бей-берекет, жүрісі сұйық жан. Бір кездегі қатардағы жұмыскерден лауазымы бар қызметке көтерген өзінің жарылқаушысы Мартыновты атып тастаса да өз мақсатына жете алмады. Бас директор Вайсман болып кетті. Пронкин әйтсе де директорлар кеңесі төрағасының босаған креслосына сайланса да, оны қанағат тұтпады. Өйткені бұл лауазым тірі ақшаға қол жеткізбейтін еді. Сосын Пронкин кезекті бір ішіс сәтінде бөтелкелестерін Вайсманды өлтіруге азғырады.
02.03.97
18.25
Ол құпия келісім наурыз айының басында жасалған еді. Пронкин, Заремба және Горелый заводтан алыс емес кафеде әдеттегідей бас қосқан. Арақты да, сыраны да сылқитқан. Осының алдында жекеменшік автокөлікті жөндеп, олжаға кенелген. Мұндай көлденең табыс Пронкин арқылы келетін, жөндеу ақысын да ол алатын. Ішіс қызған бір сәтте Пронкин:
– Вайсман күн көрсетуді қойды. Оны тек мола ғана түзейді, – дей салған.
Горелый оны қоштап:
– Бірін құрдымға жібердік, мұның да көпке ұзамас. Заремба басын шұлғи:
– Жер жастандыру керек! – деген.
Пронкин ақырын ғана өз жоспарын айтты:
– Вайсманның көзін жоятын адамды табу керек. Айтарлықтай ақы төлеймін.
– Қанша сонда? – деп сұрады Заремба.
– 15 мың доллар.
12.03.97
17.25
Пронкин осы әңгімеден кейін он күн өткенде және бір клиентті оларға жіберген. Заремба мен Горелый дереу іске кіріскен: машина иесі егер жылдам жөндесе, қомақты ақша бермек. Директордың «Волгасы» кезегін күтіп қалған.
Директор Вайсман түстен кейін гаражға кіріп келіп, айқайға бассын:
– Директордың машинасына қол тигізбестен көлденең табыс табуға кіріскендерің қалай! Мен сендерді ертеңнен бастап заводтан көрмейтін болайын!
Бұл оның ақырғы сөзі болды.
– Ал мен сені енді қайтіп көрмейтін болайын! – деп Горелый қолындағы темірмен Вайсманның басынан бір қойып, сұлатып түсірген. Заремба сымды оның тамағына орай бар күшімен тартты…
– Үстіндегі киімін шеш те, өзің ки, – деп бұйырды Заремба Горелыйға.
Екеуі жанталаса қимылдап, көйлекпен ғана қалдырды да, денені «Волганың» жүксалғышына тиеді. Заремба қақпадағы күзет қызметкерлерін сөзбен алдандырып тұрғанда Вайсманның киімін киіп алған Горелый «Волга» руліне отыра салып, қақпадан шығып бара жатты. Көп ұзамай оның артынан Заремба да өз машинасымен шықты.
Слесарьлар екі машинамен едәуір жерге дейін жүріп барып, тоқтады. Қолдары тиген жердің бәрін әбден сүртіп, директордың «Волгасын» сол жерге тастап кетті.
Пронкин уәде еткен 15 мың долларды екеуіне қылдай бөліп берген еді.
Ықшамдап аударған Шах МҰРАТ.