Жошы ханның өлімі Ортақтағы саяси мұрагерлікті реттеу барысында күрделі саяси жағдайға әкеп соқты. Құлан қатынның қолындағы билік уақытша болғанын біз дереккөздерден табамыз. Ұлы қаһанның тоқалы болғанымен, ол ханзадалардың артында тұрған төрт ноянның әскеріне қарсы қауқарсыз еді.
Әбілғазының жазуы бойынша, «қазалы күндер бітісімен, ол [Шыңғыз қаһан] өзінің інісі Отшығынға айтты:
– Қыпшаққа бар да Жошы ханның екінші ұлы Сайын қанды (Баты) әкесінің тағына отырғыз».
Бұл әңгіме Жошы ұлысындағы билік транзитін Шыңғыз қаһанның өзі іске асырғанын көрсетеді және оның Құлан қатынға деген саяси ықпалдың теріс барыста өзгергенін білдіреді. Соған қарағанда, Рашит ад-Диннің Жошы ханның шынымен ауырып жатқаны туралы баяндамасы шындыққа жарасады. Өйткені, дерекнамашы «Жошы ханның аң аулап жүргенін көрдім»деп айтқан маңғыттың жоғалып кеткеніне аса жоғары мән береді. Оның бәрі Құлан қатынның қулығына ұқсайды. Соны түсінген ұлы қаһан Жошының тағына тоқалынан туған Күлқанды емес, Батыны отырғызған.
Жошының өлімінен кейінгі билікті реттеу іс-қимылдар туралы Хорезмде XVI ғасырда жазылған «Шыңғыз-нама» еңбегінде Өтеміс қожа нақтылап жазады. «Жошы өлгенде, екі үлкен ағайындылар, Орда Ежен мен Батының арасында, таққа кім отырар деген сұрақ аясында дау шықты. Әрқайсысы тақты бір-біріне итермеледі. Баты:
– Сен үйдің үлкенісің, сен отыр, – десе, Орда Ежен:
– Сені әкем жақсы көрген, үйдің үлкеніндей көрген, сондықтан сен отыр, – деді.
Орын алған дауды шешу үшін бәйбішеден туған екі ханзада және басқа әйелдерінен туған 77 ханзада Шыңғыз қаһанға кеңес сұрауға жол тартты. Ханзадаларды қабылдаған Ұлық қаһан Сайын ханға алтын босағалы ақ үрге, Орда Еженге күміс босағалы көк үрге, Шибанға болат босағалы боз үрге тігуді бұйырып, Тоқай-Темірге жабылған телеген (арба) қоймады».
Осы айтылған оқиға Алтын орда, Ақ орда және Боз (Көк) мемлекеттерінің іргетасы ұлы қаһанның үкімімен қаланғанын көрсетеді және орданың түсін үргенің емес, босағаның, яғни металдың келбетімен белгіленгені күмән келтірмейді. Яғни, Алтын орданың бастауы 1269 жылы емес, 1227 жылы, Жошы хан мен Шыңғыз қаһанның өлімдері арасында орныққан. Авторитарлы-әулетті басқару жүйесі орданың атауымен күллі мемлекетті атағанын көрсетеді, өйткені билік басындағы ханның ықпалы қай жерге жетсе, сол аумақ орданың иелігінде атауымен белгіленген.
Жошыдан кейін «барса келмеске» аттанған Шыңғыз қаһан өлер алдында тұңғышынан тараған немерелеріне өз өсиетін айтып кетті. Ханзадалардың алдында Батыс елдерін азат ету мақсаты қойылды. Оғыз бабасы кезінде 17 жасар Қыпшаққа әскер беріп, Жайықтан Тінеге (Днепр) дейінгі елдерді бағындырып ел болғаны «Оғыз намадан» мәлім. Сол жерлерді азат ету талабы Жошының алдына да қойылған еді. Бірақ ол өз әкесінің бұйрығына қарсы шықты да, ақыры сол үшін ұлы қаһанның үкімімен Құлан қатынның баскесерлерінің қолымен өлтірілді.
Ол оқиға Жошының балаларына сабақ болды. Шыңғыз қаһанның бұйрықтарын орындамау немен аяқталатыны бәріне түсінікті болды. Сондықтан, осы Ұлытау жерінде Батыс елдерін, яғни Дешті Қыпшақты азат ету, батыс шекараларды сол әрекет арқылы қауіпсіздендіру үшін әскери дайындық жұмыстары басталды.
Батыс жорығы идеологиялық тұрғыдан өте маңызды мемлекеттік саясат болғаны, Оғыз бабаларының күллі империясын азат ету жолында Шыңғыз қаһанның өсиетін орындау билік басындағы ханзадалар үшін үлкен мәртебе еді. «Қыпшақ жазықтарын және сол аймақтарды жеңіп алуға тағайындалған ханзадалар: Толай ханның үлкен ұлы Мөңке мен оның бауыры Бұжық, Оқтай қаһанның үлкен ұлы Күйік хан мен оның бауыры Қадан, Жағатайдың ұлдары Бөрі мен Байдар, Шыңғыз қаһанның тоқалы Құлан қатыннан туған Қүлқан, Жошының ұлдары Баты, Орда Ежен, Шибан және Таңғұт, құрметті әмірлерден Сүбедей баһадүр мен бірнеше өзге әмірлер» (Рашит ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих», 666-бет).
1235 – 1242 жылдары Жайықтан Тінеге дейінгі Дешті Қыпшақты, поляк, неміс, франк, күнғар, т.б. европалық елдерді бағындырған кезде біраз саяси өзгерістер орын алды. Шибанның ерлігіне тәнті болған Баты оған Қырымды берді. Бұлғар, сақлаб, орыс ағаш-қалаларын алу кезінде, Ика қаласының түбінде Құлан қатынның ұлы Күлқан қаза тапты.
Батыс жорығы кезінде Орда Ежен де тарихта ерекше ізін қалдырды. Ол неміс, поляк және силездік рыцарларына қарсы жаппай қырып-жоятын қару қолданғанымен дереккөздерде қалды. Ол туралы өзінің «История казахского народа» атты кітабында Мұхаметжан Тынышбаев жазады. Кітаптағы «Газовая война у монголов в ХІІІ веке» атты мақалада 12 ақпанда 1928 жылы «Экран» журналының № 7 санында жарияланған қысқа жазбаны келтіреді: «1241 жылы, таяуда Германияда табылған жылнамаларда айтылғандай, Легництен 9 шақырым жерде жатқан Вольштаттың түбіндегі шайқаста мұңғыл-татарларда неміс, поляк және силезия рыцарьларына қарсы тұн газ шашып тұншықтыратын ерекше машиналар жұмыс істеп тұрды. Бұл жерде адамды шыдатпайтын сасық иіс тарататын газ туралы әңгіме жүреді. Амалы қалмаған аттылы жауда уланған жерден тез арада қашудан басқа амал қалмаған».
Сол мақалада Тынышбаев тағы былай жазады: «Батының батыс Европаға жасаған жорықтың тарихынан белгілідей, Люблин, Галица, Сандомир, Краков және басқа қалаларды алғаннан кейін Баты әскерді екіге бөлді. Өзі Венгрияға, ал оның Ежен хан ағасы Силезияға аттанды. Силез, поляк, неміс рыцарьларын басқарған Генрих Силезский Еженді Легництің түбінде қарсы алып, тас талқаны шығып, өзі тұтқынға түсіп өлтірілген. Шамамен әңгіме осы шайқас туралы айтылған».
Батыс жорығы 1242 жылы бітісімен, кеңейген аумақтарға Шыңғыз қаһан белгілеп кеткен үш орда жаңа ордалықтарын орналастырды. Баты хан Алтын ордасын Еділдің төмен ағысына, Шибан – Қырымға орналастырса, Орда Ежен Жошының ордасына ие болып, Ұлытауға қайтып келді. Орда Ежен келісімен Сығанақ қаласын қалпына келтірумен айналысты, өйткені Сыр бойымен жүретін керуен сауда жолдары Жошы ұлысы үшін экономикалық тұрғыдан маңызды болды. Сығанақтан Ұлытауға дейін салық жинап отыратын ханзадалардың қоныстары орнатылды. Сарысудың аяқ жағында бүгінгі Төрежар немесе Белен ана тұрағы бой көтерді. Ол жерге Орда Еженнің екінші ұлы Құли хан ие болды.
Шамамен 1252 жылы Орда Ежен дүниеден өткенде Сығанаққа Күнқыран ие болғанымен, Ақ орда билігі Құли ханның қолында болғанын көруге болады. 1254 жылы үшінші ұлы қаһан Мөңке Бағыдат, Шам және Мысыр елдерін азат ету мақсатында, әр ұлыс қол жинап әскер қоссын деп бұйрық шығарғанда, Орда Еженнің ордасынан Құли хан екі түмен әскер басқарып, Жетісудан шыққан Құлағу хан мен Кетбұқа нойанға қосылу үшін «Хорезм жолы арқылы Дахстан мен Мазандаранға шықты» (Рашит ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих, 3 том, 2018 ж., 716-бет).
Бұл тарихи сәт Құли ханның Ұлытау өңірінде, яғни Орда Еженнің күміс босағалы үргесіне ие болғанын көрсетеді. Одан кейін тақта Тумақан отырғанын дереккөздердегі шежіре мен архитектуралық ескерткіштер дәлелдейді. Ол Тумақанның әйелі Бұлыған қатынға арнап көтерілген Болған ана кесенесі.
Орыс ханның өліміне дейін, әмір Темірдің жорығынан бастап Ұлытау өңірін Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпақтары билегені һақ. Рашит ад-Диннің Жошы мен Орда Еженнің тағын Ертістің жағасына апаратыны Ұлытау туралы ешкімге айтуға болмайтындықтан шыққанын ашық атаған жөн. Кейін, XV ғасырда, өзбектер Мавераннахрға кеткенде Ұлытаудың сыры жария етілді. 1661 жылы «Түрк шежіресін» жазып шығарған Әбілғазы «Жошы хан Қыпшақ уәлаятына кеткенде, баршаға мәлім Ұлытауға жетті» деп жазады. Сондықтан, Жошының ордасын біз Рашит ад-Диннен емес, Әбілғазыдан іздеу-
міз керек. Сол себептен Ұлытау – Ұлық Ұлыстың саяси орталығы болғанына тарихнамада нүкте қойған жөн.
Мұхтар БАҚЫТҰЛЫ.