С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған «Жанайдар Сәдуақасов – тұлға тауқыметі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференцияға елімізге белгілі тарихшылар, ғалымдар, саясаттанушылар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі қысқа ғұмырында қазақ халқының теңдігі жолында аянбай қызмет еткен тұлғаның өмір жолы туралы мазмұнды көрме ұйымдастырды. Ж.Сәдуақасов 1898 жылы Ақмола уезі Сарысу болысы Төссаз елді мекенінде (қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы) туған. Әуелде ауылда сауатын ашып, 1912 жылы Ақмоладағы орыс мектебінде, одан кейін Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып білім алады.
Жанайдар Сәдуақасұлы 1922 – 1937 жылдар аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Орталық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Адай уездік ревком төрағасы, ҚазАКСР финанс халкомының орынбасары, Сырдария губаткомының орынбасары, төрағасы, Әділет халкомы, БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі, ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының 1-орынбасары әрі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, Алматы облыстық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты жауапты қызметтер атқарған. Ол туған халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қазақ зиялыларының бірі. Қандай қызметте жүрсе де адал әрі іскер азамат ретінде танылды. Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметінде болған кезінде заң актілерін халық мүддесіне икемдеуге, ұлттық заң кадрларын даярлауға, әйелдерді заң қызметіне тартуға көп көңіл бөлді. Жетімдер үйі мен ұлттық мектептер ашуға белсене кірісті. Тұңғыш қазақ театрының ашылуына тікелей ықпал етті. Байларды тәркілеу саясатына ашық қарсы болып, Голощекиннің басқару тәсілімен келіспей, өлкелік партия комитетінің IV пленумында сөз сөйледі. 1932 жылы Ораз Жандосовпен бірге халықты аштықтан құтқару жөніндегі арнайы комиссияны басқарды. 1937 жылы 17 қыркүйекте «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілген. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Жанайдар КСРО Жоғарғы сотының шешімімен 1957 жылы ақталды.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, академик Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының кандидаттары Теңгеш Қаленова, Перизат Сәдуақас, заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимов, тарих магистрі Ғабдол Әуезов және тағы басқа да ғалымдар баяндама жасап, қайраткер тұлғаның өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тың деректер келтірді, еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуы жолындағы атқарған елеулі еңбектеріне тоқталды. Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданып, Ж. Сәдуақасовтың өміріне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу мен көркем шығармалар жазуға қатысты мемлекеттік гранттар қарастыру жөнінде ұсыныстар жасалды.
Жанайдардың інісі Құрманның қызы Перизат Сәдуақас біраз уақыттан бері архив деректерін жинақтап, ғылыми ізденістермен айналысуда. Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қызмет істейді. Ол атасының өмірі мен қызметі туралы кітап жазып, ұлт қайраткерінің рухына арналған көптеген игі шараларға ұйтқы болып жүр. Осы жолғы ғылыми конференциядан кейін Перизат ұлт қайраткерінің жеке заттарын Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорына тапсырды. Оның ішінде тағдыр тауқыметін тартқан тұлға Жанайдар Сәдуақасовтың құжаттары мен жеке суреттері, газетте жарияланған мақалаларының көшірмелері бар.
Амандық РАХҰЛЫ.