Қала күні қарсаңында қала әкімінің «ҰЛАР» жастар сыйлығы табысталды. «Ұлар» жастар сыйлығы жемісті ғылыми, шығармашылық, спорттық жетістіктеріне орай дарынды жастарды қолдау мақсатында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл үрдіс, келер жылы да жалғасын табады.
Әрбір ұлттың, мемлекеттің болашағы, үміті – жастар. Үздік деп танылғандар «жылдың жас мұғалімі», «жас спортшы», «жылдың үздік жас журналист» сынды 10 аталым бойынша марапатқа ие болды. Барлығы 30 өтінім келіп түскен. Байқаудың шарттары бойынша, үміткерлердің жасы 35-ке дейін болу қажет. Қала әкімі Қайрат Шайжанов: «белсенді жастарды ынталандыру одан әрі жалғасады», – дейді.
– Бұл үрдіс жалғасатын болады. Қазір жастармен тығыз байланыс жасауымыз керек. Жастар үшін Жезқазған қаласы мүмкіндіктер мекені болуы тиіс. Жалпы, өзім жастармен тығыз қарым-қатынастамын. Әрқашан кеңесіп отырамын. Олардан да үйренерім жетерлік, – деп ағынан жарылды қала басшысы.
Он лауреаттың әрқайсысына 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық және арнайы дайындалған мүсінше берілді. Олардың әрқайсысы өздерінің қажырлы еңбегімен, білімге құштарлығымен облысымыздың ғана емес, мемлекеттің нығаюына өз үлестерін қосып келеді. Марапат алғандардың қатарында «Жастар болашақ» жастар одағы төрағасының орынбасары Сәкен Қайрат та бар.
– Мен үшін бұл өзіміздің алдағы ісімізге, атқаратын жұмыстарымызға ынта, стимул деп білемін. Елеп ескеріп жатқан қала әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз. Жүзден жүйрік деп таңдап жатыр екен. Алдағы уақытта да облысымыздың гүлденуіне, өркендеуіне үлкен үлес қосамыз дегім келеді, – деді «Жылдың жастар көшбасшысы» номинациясының иегері Сәкен Қайрат.
Жастар қауымы өздеріне көрсетілген сенім үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Мерекелік кеште эстрада және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.