Ұзақ жылға созылған ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақсыздық пен қалдықтарды тиімді басқара алмаудың салдарынан топырақтың тозу процесі қарқынды жүре бастады. Бұған қоса, топырақ қабаты химикаттармен және пестицидтермен ластанған.
Қазақстан — жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет, аумағының көп бөлігі дала мен жайылымнан тұрады. Ел пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарға бай, егін егуге қолайлы жері мол. Алайда шектен тыс пайдаланудың салдары экологиялық қиындыққа әкеп соқты. Қазақстан аумағының шамамен 20%-ы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. 1950 жылдардағы тың игеру науқаны аясында шамамен 250 000 шаршы шақырым жер жыртылып, бидай өсіру басталды. Соның нәтижесінде елдің солтүстігі түгелдей дерлік астық алқабына айналды. Алайда қолдан ұйымдастырылған науқан салдарынан топырақ тозып, жоспар сәтсіз аяқталды. Жел мен ауа райының әсерінен топырақтың жұқа құнарлы қабаты бүлініп, үлкен шығындарға себеп болды. Соған қарамастан, Қазақстанда бидай өсіру әлі де қарқынды жалғасып жатыр.
Топырақтың тозуы азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Елдегі жұмыс күшінің шамамен 12%-ы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді, сондықтан бұл мәселе жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Бұған қоса, топырақтың тозуы климаттың өзгеруін де ушықтырып, адам денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Қазір Қазақстанда 90 миллион гектар жер немесе ел аумағының шамамен 33%-ы түрлі дәрежеде тозған. Соның ішінде 29 миллион гектар жер эрозия салдарынан құнарын және ауыл шаруашылығы әлеуетін айтарлықтай жоғалтқан. 27,1 миллион гектар жайылым, яғни барлық жайылымдық жердің 15%-ы тозу жағдайында.
Жақында Астанада елдегі экологиялық мәселелер мен ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын талқылаған халықаралық конференция өтті. Сарапшылар мәселені шешу жолдарын ұсынып, олардың салдарын азайту шараларын талқылады. Атап айтқанда, 2024 жылы топырақты қорғауға арналған жаңа заң қабылдау жоспарланған. Қазақстан БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (FAO) тозған жерді қалпына келтіру жобасында ынтымақтастық орнатқан. Бұл жобалар құрғақшылыққа төзімді технологияларды пайдалану мен топырақ ресурстарын тиімді басқаруды қамтиды. Сонымен қатар, пестицидтердің өмірлік циклін басқару және тұрақты органикалық ластағыштарды жою жобасы жүзеге асып жатыр.
Топырақтың тозу салдарын халық қазірдің өзінде сезініп отыр. Өнімділіктің төмендеуі мен табыстың азаюы салдарынан шаруалар ауылдық жерден қалаға көшуге мәжбүр. Тозған жерде тұрақтап қалғандар судың ластануынан, ауаның нашарлығынан және шаңның жиі көтерілуінен зардап шегуде. Ауыл шаруашылығында өнімділіктің төмендеуі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді, соның ішінде әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға кері әсер етеді. Жайылымдардың жойылуы ауыл тұрғындарының дәстүрлі өмір салтына қауіп төндіретіні өз алдына бөлек мәселе.
Топырақтың тозу мәселесін шешу үшін Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында орнықты әдіс-тәсілдерге көшуі керек. Ол үшін халық арасында экологиялық сана мен түсінікті арттыру, аграрлық саясаттағы ашықтықты қамтамасыз ету және заманауи суару жүйелерін енгізу маңызды. Сонымен қатар, жердің шамадан тыс жыртылуын қысқарту арқылы қалған құнарлы аумақтарды сақтап қалу қажет.
Топырақтың тозуы — көзге бірден көрінбейтін, бірақ ауаның ластануы мен көлдердің құрғауы сияқты қауіпті экологиялық қатер. Тез арада көңіл бөлмеу еліміздің ауыл шаруашылық негізінен айырылуына, азық-түлік тапшылығына және ауылдық жерлерде кедейліктің өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Қазақстан орнықты тәжірибені енгізу және топырақты қалпына келтіруге инвестиция салу арқылы халқы мен табиғатын қорғап, кең-байтақ даласын болашақ ұрпаққа баға жетпес ресурс ретінде сақтай алады.
ДИНАРА ШАЯХМЕТ.

