«Нұрқазған» кенішіндегі №7 үңгілеу телімі өндірістік қауіпсіздікке баса мән бере отырып, жоспарды орындауда алдыңғы шептен көрініп келеді. Ғабит Жүндібаевтың қарамағындағы телімде төрт бригада бар.
Қарағанды өңіріне аты шыққан бригадир Нұржан Аяшев, Нұрбол Сембин сынды білікті кеншілердің даңқының өзі бұл ұжымға үлкен мәртебе. Нұрлан Айтбаев, Ербол Осапановтың да бригадасы жоспарды орындауда белсенді.
Кенішке сапарымыз барысында телім басшысының міндетін атқарушы Ғабит Тасболатұлымен тілдескен болатынбыз.
– Кен өндірісінде үңгілеушілерді жол ашушылар деп атап кеткен. Осы бір ұғымға сай еңбек етіп, ен байлықтың көзін ашуда біздің №7 үңгілеу телімінің атқарып отырған жұмысы қомақты. Айына берілген 250 қума метрді біздегі төрт бригаданың жігіттері 270-280 қума метрге дейін жеткізеді. Он екі кен жару жұмыстары жүргізіліп, 1000 метрге дейін үңгілеумен шұғылданамыз.
Табысты болу үшін біз еңбек қауіпсіздігіне аса мән береміз. Адам өмірі және оның денсаулығы аса маңызды. Қауіптілік деңгейі жоғары аумақтарда жұмысты тоқтатып, сақтық шараларын күшейткеннен соң ғана жұмысты бастау жөніндегі нұсқамалар ауысым сайын айтылып отырады. Бұған біздің жігіттер әбден дағдыланған. Телімде 48 адам еңбек етеді. Оның қырқы үңгілеуші болса, сегізі инженер-техник қызметкерлер. Жұмылған жұдырықтай болған жігіттердің арқасында межелі міндетті еңсеріп келеміз, – дейді Ғабит Жүндібаев.
Ғабит Тасболатұлы 2011 жылы Алматы қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы политехникалық университетін тау-кен ісі бойынша тәмамдап, бірден «Нұрқазған» кенішінің үңгілеу теліміне шебер болып орналасты. Ғабит Жүндібаев еңбек жолында жауапты қызмет сатыларынан өтті.
Ғабит Жүндібаев
Ғабит Жүндібаев телімнің табысты болуына білімі мен тәжірибесін арнап келеді. Тегеуріні мықты телімнің көшбасында болуы кеншілердің ерен еңбегімен ұштасып жатыр.
Біз сөз етіп отырған ұжымда салаға 30 жылын арнаған Бейбіт Жақыпов Оңтүстік Жезқазған кенішіне 20 жасында үңгілеушінің көмекшісі болып келген. 2009 жылға дейін сол кеніште еңбек етіп, «Нұрқазғанға» ауысты. Бейбіт Нұрпанұлы сол кезеңдерде барлық жұмыс қолмен атқарылатын еді деп бастады әңгімесін.
Бейбіт Жақыпов
– Бір саладағы бір мамандықта отыз жыл табан аудармастан еңбек еттім. Кен алудың барлық жолынан өттім. Мен алғаш еңбек жолымды бастағанда бұрғылау станоктары қолымыздан түспейтін. «ЗБУ», «УБШ», «УБС» деген қол бұрғыларымен жұмыс жасадық. Кейіннен электрлі станоктар келді. Оның да тілін меңгердік. Менің өз кәсібімде шыңдалуыма сол кезде бригадир болған Артур Кронвальд, кен өндірісінің майталманы Құрманғазы Ибескеновтің тәлімгерлігі көп септігін тигізді. Кейін өзім де жас мамандарды үйреттім. Қазір Нұржан Аяшевтің бригадасындамын. Мұнда 8 адам бар. Көмекшім Жангелді Мәсікеновтің бет алысына көңілім толады. Үңгілеу жұмыстары аса сақтықты қажет етеді. Сондықтан біз әр ауысымда қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындаймыз, – дейді Бейбіт Жақыпов.
Сөз соңында айтарымыз, Қарағанды өндірістік алаңындағы «Нұрқазған» кенішінің кемел келешегі жолында ауқымды шаралар да атқарылып жатыр. Болашақтағы кеніштің жоспары да ауқымды. Мұқан Үңгітбаев басшылық жасайтын кеніш төл мерекелеріне табыспен жетіп отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.