Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады. Бұл акцияға партияның Ұлытау облыстық филиалы да үн қосты.
Жезқазған өндірісінің де, халқының да тіршілік-тынысы Кеңгір су қоймасына тікелей тәуелді екені белгілі. Бірақ, сол жалғыз су қоймамыздың санитарлық жағдайына келгенде, көбіміз селқоспыз!.. Партия мүшелері мен депутаттар, еріктілер Кеңгір жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Экологиялық сенбілікке Жезқазған қаласы бойынша 100 адам, 2 тиегіш, 2 жүк көлігі қатысып отыр. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласында 50 адам және 2 техника жұмыс істеуде. Қала ішінде қала әкімшілігі тазалық ұйымдастырып отырса, біз мынау Кеңгірдің бойындағы тазалаудан тыс қалған жерлерді қоқыстан тазартып, қаланың, облысымыздың тазалығына өзіміздің үлесімізді қоссақ деген ой, – дейді «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков.
Бұл күні ерікті жастар да қаланың тазалығына жұмыла кірісті. Жастар өздеріне берілген аумақты тап-тұйнақтай қылып тазалап, қоқыстардан арылтты. Ал, қаланың батыс ауданын Жезқазған медициналық колледжінің мұғалімдері мен студенттері ретке келтірді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.