Қойнауына құт дарыған қазақтың дархан даласындағы кен көздерін ашып, оны игілікке жаратып отырған «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік алаңдардағы құрылымдарының қатарында «Нұрқазған» кенішінің кен өндіру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл кеніштің болашағының жарқын екендігін аңғартады.
Бұл жетістікке кеніш ұжымы өндірісте жаңа техникалар мен қарапайым еңбек адамының өз кәсібіне деген адалдығының арқасында жетіп отыр. «Нұрқазғанға» сапарымыз барысында 700 метрлік тереңдікке бойлайтын шахтаға түстік. Кеніштің бас инженері Төлеген Құлашев, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов кен қопарған кеншілер қауымымен жүздестірді. Біздің шахтада жүздескен ұжымымыздың бірі – дизель телімі болды.
Жер астында өндірілетін кен жыныстарын тиеу, жеткізу жұмыстарымен айналысатын телімде 50-ден аса адам еңбек ететі. Телім аумағына таяна бергенде өздігінен жүретін жер асты машиналары мен тиеу, жеткізу техникаларының тынымсыз жұмыс үдерісіне дайындалып жатқандығын көз шалды.
Дизельдік телім еңбеккерлері кеніштің бас инженері Төлеген Құлашев пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновпен бірге.
Нұрлан Мамай басшылық жасайтын телімнің жігіттері сайдың тасындай іріктелген, өндіріске қабілетті азаматтар екендігін аңғару қиын емес. Тәулігіне 40-50 тонна кен тасымалдауға қабілетті техникалардың арқасында телімнің жігіттері табысқа кенеліп отыр.
Телімде жер асты жеткізу техникасын шебер меңгерген Рахат Қазбаевты жолықтырдық. Ол – өндірістік үдерістерді жетік білетін маман. Жұмысты ұйымдастыру, еңбек адамының қауіпсіз жағдайда жұмыс жасап, ауысымнан үйіне аман-сау қайта оралуын, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, техникалардың кен тасымалын дер кезінде атқару сынды міндеттерге мұқият Рахат Жұмажанұлы бұл телімде 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Телім еңбеккерлерінің негізгі міндеті – шахтадан шығатын кендерді уақытылы әрі қауіпсіз жер бетіне тасу әрі жеткізу. Негізгі телімдердің бірі болғандықтан мұнда жұмыс үдерісі тәулік бойына үзілмейді. Тиеу, жеткізу машиналарының біразы жаңа. Қанат Мырзабаевтың бригадасына топтасқан жігіттердің еңбекке деген құлшынысы табыстың негізі болып отыр. Ауысым шебері Ғалым Наурызбаев телімдегі өндірістік қауіпсіздік талаптарын бақылай отырып, еңбекті сапалы істеуге ұжымды жұмылдырып келеді.
Кен өндіру саласы қылтың-сылтыңды көтермейді. Белгіленген межені қауіпсіз орындау әрбір жұмысшының міндеті. Сондықтан біздің телімнің жігіттері жауапкершіліктің зор екенін түсінеді, – дейді Рахат Қазбаев.
Рахат Жұмажанұлы бүгінде звеношы. Ол бұл дәрежеге бірден жеткен жоқ. 2011 жылы осында келгенде жұмысшыларды тасымалдауға арналған «Минкада» жүргізуші болды. Екі жылдан соң жер асты жеткізу машинасының тізгінін қолға алды. Содан кейін кен тиеу техникасын игерді. Осы он бір жыл ішінде Рахат Қазбаев өзінің мамандығына деген ынтасы мен жауапкершілігінің арқасында көзге түсуде.
«Табыс кілті – еңбекте» дейтін дизельдік телімнің ұжымы алдағы уақытта да өндірісті өркендете бермек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».