Сейсенбі, 17 Маусым , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Жаңалықтар

«Степлаг» қасіреті

30.05.2025
- Жаңалықтар
0
«Степлаг» қасіреті
69
БӨЛІСТІ
191
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Саяси тұтқындардың ерекше тәртіптегі лагері «Степлаг» Жезқазған өңірі тарихының көлеңкелі бір тармағы екенін ешкім жоққа шығармайды. Сол кезеңде ең көп қолданылған 58-баппен бас бостандығынан айрылған 20 мыңдай тұтқын Кеңгір су қоймасын, жылу-электр орталығын, байыту фабрикасын, болашақ Жезқазғанның әлеуметтік нысандарын салып, қайнаған құрылыстың белортасында болды. Солардың күшімен Крестовский, Теректі кенттері бой көтерді. Шахталар мен карьердегі, Байқоңыр көмір ошағындағы, Балқаштағы, Екібастұздағы, Алтайдағы ауыр жұмыстарға да тұтқындар аяусыз жегілді.

«Степной лагерінің» Кеңгір бөлімшесіндегі 1954 жылғы 16 мамырда басталған көтеріліс 40 күнге созылып, Кеңес Одағындағы ГУЛАГ жүйесінің бұдан әрі таратылуына себепкер болған еді. Воркутадан кейінгі лагерлер жүйесіндегі мәні үлкен, ең ірі толқу ретінде бағаланған Кеңгір көтерілісі туралы аз жазылған жоқ. Ғалымдардың зерттеулері, қаламгерлердің еңбектері баршылық. Қасіретті ошақтың қабырғасы қалқайып, орны үңірейіп іргемізде жатқан соң ара-тұра бұл тақырыпты біздің де қозғап қоятынымыз бар. Осы жүйенің тұтқыны болған Александр Солженицын «Архипелаг Гулаг» деген кітап жазғанын біраз жұрт біледі. «Кеңгірдің қырық күні («Сорок дней Кенгира») деп аталатын тарауында белгілі қаламгер бұл оқиғаны соғыстан кейінгі кеңес лагерлеріндегі ерекше қайғылы оқиға ретінде баяндайды. «Степной лагерінің» үш бөлімшесі 40 күн бойы өз наразылықтарын білдіріп, әділет жолында бастарын тігеді.

Жезқазғандық тарихшы ғалым Тұрғанбек Алланиязов та архив материалдарын ақтарып, Кеңгір көтерілісі туралы елеулі еңбек жазды. «Көтеріліске әйелдер себепкер болды… Сталин өмірден өткен соң 1954 жылы жазасын өтеушілер жеңілдік болады деп күткен еді. Бірақ, ондай жағдай болмады. Негізінен, 58-бап бойынша саяси тұтқындар отырған үш бөлімшеге 600-дей «тұрмыстық» қылмыскерлерді әкеліп қосады. Олар лагерьдің әйелдер бөлімшесіне басып кірмек болады. Күзет қызметіндегілер қару қолданып, ата бастайды. Соның салдарынан 18 адам оққа ұшып, 16 мамыр күнгі жаппай бас көтеруге ұласты», – деп жазады ол. Ортақ мәмілеге келмек болған комиссия қалыптасқан жағдайды «лагерьдегі жеке республика» бағалаған көрінеді. Өздерінің үкіметі, басшысы, қосшысы бар дегендей. Концерт, спектакль қоятын көркемөнерпаздары, фото ателье, қабырға газеті, өз хабарларын лагерь ішінде тарататын радио желісі жұмыс істеген. Өздері құрастырған қысқа толқынды хабар таратқышпен сыртқы әлеммен байланыс орнатпақшы болған.

Келіссөз жүргізу аздап нәтижесін бере бастаған еді. Алматыға 21 мамыр күні жіберілген жеделхатта тәртіп орнатылып, тұтқындардың көбісі жұмысқа шыққанын, 18 адамның қаза тауып, 70-інің жараланғанын, оларға медициналық көмек көрсетіліп отырғанын хабарлайды. Алайда, литовецтер мен украиндық тұтқындар осы бас көтеруді пайдаланып, Жезқазған руднигі кентіндегі лагерь бөлімшелерімен байланыс орнатады. Кеңес өкіметінің жазалау саясатымен күресті жалғастыруды мақсат тұтады. Талаптарын қоя бастайды. «Степной» лагеріндегі тұтқындардың ішінде көптеген ұлт өкілдері бар болатын. Солардың қатарында 9 596 украиндық, 2 690 литвалық болды. Олардың елеулі бөлігі Украина иен Литвадағы ұлттық қозғалыс ереуілдеріне қатысқаны үшін сотталған еді. 18 180 адам шпиондықпен, терроризммен, бүлікшілікпен және саяси бандитизммен айналысқан деп айыпталыпты. Олардың қатарында Молдовияның баптистерінен бастап Красноярскінің ескі салтын ұстаушыларына дейінгі әртүрлі діннің өкілдері бар-тын. Сонымен қатар, жапондар, финдер, шешендер де болды. Кеңгір көтерілісіне осындағы үш бөлімшеден 8 мыңдай тұтқын қатысыпты. Лагерь әкімшілігінің тәртіп орнатпақ болған әрекетіне тұтқындар жаппай қарсылық көрсетеді. Жағдайды бұзақылыққа қарай ушықтырмай, өз талаптарын қою ниетімен Кеңес Армиясының подполковнигі болған, осы кезде босап шығуға жақын қалған К. Кузнецов көтеріліс тізгінін өз қолына алады. Көтерілісшілер штабы СОКП Орталық Комитетіне дейін жіберген шағымдарында лагерь әкімшілігінің бетімен кетіп, тұтқындарды қорлайтындығы, күніне 10 сағаттан адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтіндігі, тұрмыс жағдайы мен тамақтың өте нашарлығы туралы ашына жазады. Қит етсе жазалайтынын, қару қолданатынын жеткізеді.

Жезқазғанда орналасқан «Степ-лагтың» бірінші бөлімшесі алғашқы кеніштерден ауыр жағдайда кен қазуға жұмылдырылды. Сондай-ақ Степлагтың Рудникте, Кеңгірде бөлімшелері орналасты. Кенді құрғақ жағдайда, шаң-тозаңның қалың ортасында бұрғылаған тұтқындар ауыр жұмыста силикоз бен туберкулез ауруына тез шалдығатын. Ауырған жағдайда оларды Спасскідегі жарамсыздардың лагеріне жөнелтуші еді. Топырлап өліп жатқандарда есеп жоқ. Тұтқындардың жартысынан астамы 15-25 жылға сотталғандар болатын. Осы мерзімдерін қысқарту жөнінде, туысқандарымен кездесуге рұқсат беру туралы талаптары да болды. Алайда, бұлардың талаптары орындалмады. Оларды жұмысқа шығуға үгіттеуден де ештеңе шықпады. Жағдай ушыға түсті.

Сондай-ақ оқыңыз

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

13.06.2025
AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

13.06.2025

Көтеріліске қатысушылармен арадағы келіссөз еш нәтиже бермеген соң, арада 40 күн өткенде Ішкі істер министрі, генерал С.Кругловтың бұйрығы бойынша ішкі әскердің Оралдағы бірінші танк дивизиясынан бес танк жеткізіліп, түн ішінде лагерьді қоршауға алады. Маусымның 26-сы күні таңғы сағат 4-тің кезінде «Т-34» танкілері лагерь қабырғаларын бұзып кіреді. Тұтқындар қолдан жасалған граната, пистолет, темір шыбық және тас сияқты жинақтаған қаруларымен қарсылық көрсетеді. Әскерилер танк зеңбірегінен бос оқтар жаудырып, ракеталар атып әп-сәтте күшпен басып тастайды. Жалпы алғанда көтерілісті басуға 1600 әскери адам, 98 ізшіл ит, 3 өрт машинасы және тосқауылдарды бұзатын 5 танк қатыстырылыпты. Тұтқындар таң алдында танкінің дыбысын естімесін деген жоспармен жақын жердегі теміржолмен бірнеше паровозды ерсілі-қарсылы жүргізіп қояды. Таңғы сағат бесте көтеріліс жаншылып, әскери операция аяқталды. Жоғарыға баяндалған деректе көтерілісшілердің қарсылығын басу кезінде олардың қолынан 22 адам босатылып, 37 адамның мәйіті табылған, 61 тұтқын жарақат алып, оның біразы госпитальда көз жұмғанын көрсетеді. Өкіметке белсенді қарсылық көрсеткені үшін деген айыппен 400 адам абақтыларға жабылады, 1 мың тұтқын қиырдағы «Дальстрой» мен «Озерный» лагерьлеріне жіберіледі. Көтеріліс басшылары тұтқындалып, 7 адам сотта ату жазасына бұйырылды. Бас көтерудің 41-ші күніндегі бұл қанды қырғында 600-ден аса тұтқын ажал құшты деген деректер де айтылады. Сөйтіп, Кеңес одағы лагеріндегі ең ірі бас көтеру деп бағаланған Кеңгір көтерілісі осындай үлкен қасіретпен аяқталды.

Бұл бас көтерудің нәтижелі тұсы ГУЛАГ жүйесінің күйреуіне негіз болды. «Степлаг» 1956 жабылғанда бостандыққа шыққанымен басқа жаққа бару құқығы жоқ тұтқындар Жезқазғанда қалды. Осында отбасын құрып, ұрпақ өрбіткені қаншама. Еріксіз еңбекке жегілген олардың қолынан жасалған игілікті істер де аз емес. Әсіресе, жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мысты қаланың өндіріс орындары мен ежелгі көшелеріндегі ғимараттарда лагерде қасірет шеккен тұтқындардың бейнетті еңбегі мен бедерлі қолтаңбалары тұрғандай болып көрінеді бізге.

Иә, Жезқазған жеріндегі бұл топырақта қым-қуыт қуғын-сүргіннің ізі жатқанын көпшілік жұрт біледі. Осыдан үш жылдай бұрын лагерь барақтарының сақталып қалған ескі қабырғалары мен үйінділері қоршалып, бұл орын тарихи нысан ретінде Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қарамағына алынды. Жазықсыз жапа шеккен тұтқындардың рухына арналған арнайы белгітас орнатылды.

Амандық РАХҰЛЫ.

Бөлісу28Твитерге17
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

«Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

16.02.2024
«Комсомол»  колхозы

«Комсомол» колхозы

28.03.2025
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз»

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз»

05.07.2024
«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

«Қазақмыстықтар» «Алтын Гефест – 2025» байқауында жоғары марапатқа ие болды

13.06.2025
AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

AMM 2025: «Қазақмыстың» негізгі бағыттары мен бастамалары

13.06.2025
Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда

13.06.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру