Еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауытының бүгінгі өндірістік қуаты нарықты қамтуға толық жеткілікті болғанымен, біздегі арзан жанармайдың сыртқа ағылуы оның бағасын арттыру шарасына негіз болғаны белгілі.
Мысал үшін, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 %-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат – литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық – 101 пайыз.
Алайда, көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген 413 мың тонна дизель отынының бағасы сол қалпы сақталады. Қазір одан шаруалар проблема көріп отырған жоқ. Ұлытаулық шаруаларға дизель отыны литріне 212 теңгеден сатылатын болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар бұл ертеректе келісілген баға деп отыр. Сондықтан жанар-жағармайдың қымбаттауы егістік науқанына еш әсер етпейді деп сендірді.
– Егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар үшін уайымдауға негіз жоқ – дейді Нұрғиса Мырзабек, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы. – Себебі, осыған дейін алдын ала арзандатылған 840 тонна дизель отынының қоры жасақталды. Биыл 35 300 гектар жерге егістік жұмыстары жүргізілмек. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға көп.
Қазір диқандардан өтінім қабылдау жұмыстары басталып кетті. Көктемгі дала жұмыстарына 840 тонна дизель отынының 550 тоннасы Ұлытау, 290 тоннасы Жаңаарқа ауданына үлестіріледі. Сұйық отын Павлодар мұнай зауытынан жеткізіліп Жезқазған мен Қарағандының қоймаларында сақталады. Ұлытау облысында егін егу науқаны әні-міне басталады деп күтілуде.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.