Ұлытау облысында өткен жыл ішінде кәсіпкерлік субьектілерінің саны артқан. Өнім өндіру көлемі де 2022 жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Өңірде 32 мыңға жуық азамат шағын және орта кәсіптен табыс тауып отыр. 2023 жылы сауда және қызмет көрсету саласында 1,9 млрд. теңгеге 69 кәсіпкерлік нысаны ашылды. Облыста өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға ерекше қолдау көрсетілуде.
– «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылы жалпы сомасы 16,8 млрд. теңгеге 515 жоба қаржыландырылды, – деп мәлім етті облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин.
Жоба аясында, облыс бюджетінен 2023 жылы 578 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілген. Бұдан бөлек, басқарма тарапынан мемлекеттік бағдарлама аясында 2023 жылы 150 млн. теңгеге 32 жеке кәсіпкерге грант түрінде қолдау көрсетілді. Сондай-ақ 2023 жылы облыста жастарға арналған микрокредит жобасы іске асқан. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 345 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат толығымен игерілді, нәтижесі – 72 жоба.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.