Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында ҚР Халық әртісі, Ұлытау облысының Құрметті азаматы Досжан Жанботаев пен зайыбы, танымал актриса, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Ибраеваның 75 жылдық мерейтойына орай «Өмір жолы» атты шығармашылық кеш өтті.
«Театр – көңіл көтеретін ойын үлгісі ғана емес, ол мәдениеттің өз алдына ерекше мектебі», деген екен Смағұл Сәдуақасов. Бүгінде жетпістің бесеуіне толып отырған сахнаның қос тарланы, ерлі-зайыпты Досжан Әбдірәлімұлы мен Райхан Жұмабайқызы да – өңірімізде осындай ерекше мектепті қолымен құрып, қалыптастырған жандар.
Бүгінгі жұрттың бірі білсе де бірі білмеуі мүмкін, Дос-ағаң әртіс боламын деп әсте ойламаған жан. Бұл жайлы ол өзінің бір сұхбатынба «Менің арманым – зоотехник болу еді. Ол кезде зоотехник келген кезде ауылдағы сауыншылардың сиырлары өздерін танымай қашатын еді. Маған сол қызық көрінген болар, зоотехник болуды армандадым», – деп ағынан жарылыпты. Әйтсе де, ол бақытын осы өнерден тапты. Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесінде білім алған 17 жас түлек танымал қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Торғайдағы қазақ музыкалық театрының негізін қалайды. Кейін өнер ошағы Жезқазғанға көшіріліп, кенді өңірдің мәдени өмірінің айнасына айналды. Содан бері аталмыш өнер ордасы талай сындарлы сәттерден өтті. Ерлі-зайыпты Досжан аға мен Райхан апамыз сол өнер ордасының «отымен кіріп, күлімен шығып», шырағын сөндірмей келеді.
Салтанатты жиынға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов арнайы келіп қатысып, мерейтой иелеріне құрмет көрсетті. Облыс әкімі өнер майталманына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы Құттықтау хатын жеткізді.
– Облыстағы мәдени нысандардың қарашаңырағына айналған Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық театрының іргетасын қалау жолында да аянбай тер төгіп, Ұлытау аймағындағы талай жастың саф өнерге деген құлшынысын оятқан бірден бір тұлға өзіңіз екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қасиетті өңірде театр саласының даңғыл жолын қалыптастыруда, қызығы мен қиындығы қатар мамандықтың ыстық-суығына көне жүріп өз қолтаңбаңызды қалдырып келесіз, – деді өңір басшысы құт қонған өнер шаңырағының отағасына арнаған өз құттықтауында.
Бұдан соң Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов пен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров сөз алып, мерейтой иесіне сый-сияпаттарын тапсырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің мерейтойына еліміздің маңдайалды сахна тарландары арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді. Олардың көшін ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаса, ағаның жылы лебізін ізбасарлары, театр және кино әлеміндегі әріптестері ҚР Халық әртісі Дулыға Ақмолда мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов жалғады.
Досжан Жанботаевтың тағы бір қыры – ұстаздығы. Оның тәлімін алған актерлар қазіргі таңда Серәлі Қожамқұлов театрының негізгі репертуарының жүгін арқалап жүр. Ұстаздыққа театрдың қамы мен болашағын ойлағаннан келген Досжан Әбдірәлімұлы Жезқазғандағы оқу орнының бірінен актерлік бөлім ашты. Әрине, «ашты» деген сөз айтуға ғана жеңіл. Талай кабинеттердің табалдырығын тоздырды, тіпті, ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілерді де аз мазалаған жоқ. Қажымай-талмай жасаған еңбектің нәтижелі жемісін бүгін Жезқазған жұртшылығы көріп отыр. Сол жолы ашылған актерлік бөлімде білім алған тоғыз студент театрдың іргесін нықтады. «Ұстаздыққа да ойламаған жерден араласқан мен, өзім оқыған кезімді еске түсіруден бастадым. Бар білгенімді соларға беруге тырыстым. Оларды байқампаздыққа, рольді зерттеуге тәрбиеледім. Өнерге баули жүріп, өзім де көп нәрсеге басқаша қарауды үйрендім», – деп ағынан жарылады тәлімгер өзінің тағы бір сұхбатында.
Өнер иелерінің 75 жылдық мерейтойына арналған «Өмір жолы» атты шығармашылық кеште Досжан Әбдірәлімұлының осы қыры да кеңінен ашылып, шәкірттері қос ұстазды ұлықтап, өнерлерін тарту етті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ