Сәтбаев қаласындағы Шынболат ақын атындағы кеншілер сарайында облыс көлемінде тұңғыш рет оқушылар айтысы өтті. Оған кеншілер қаласындағы мектептердің оқушылары қатысты. Балғын ақындардың бұл сөз сайысына қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ш. Ділдебаев атындағы мұражай жанындағы ақындар мектебі мұрындық болды.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана қазақ. Талай жүйріктің бәрі құлынында көрініп, тайында танылған. Сондай талантты жастарды бала кезінен баптап, үлкен додаға қосуда Сәтбаев қаласында қалыптасқан үрдіс бар. Шынболат Ділдебаев атындағы жас ақындар мектебі соның бастауы. Рас, соңғы кездері мектептің жұмысы бір сәт кенжелеп қалып еді. Алайда, «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық жобасы айтыс мектебінің жұмысын қайра серпілті. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсаны айтыс өнеріне арналды да мектептерде сөз қадірін өз қадіріндей көретін балғын айтыс ақындарының бір шоғырын елдің алдына алып шықты. Осы сәтті ұтымды пайдаланған айтыс мектебінің жетекшілері іріктелген талапты жастарды топтап ала қойды. Соның нәтижесінде облысымызда тұңғыш рет оқушылардың айтысы өтті.
«Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» деген тақырыппен өткен жыр додасы Сәтбаев қаласының 50 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне арналды. Айтыстың мақсаты – өткеннен мирас болып жеткен айтыс өнерін жастар арасында қазіргі заманға сай сипатта кеңінен өріс алуына жол ашу, одан әрі дамыту болатын. Сонымен қатар, өнер әлеміне қадам басқан жас айтыскерлер мен жазба ақындар есімін айқындап, халық алдына танымал ету.
Оқушылар айтысының шымылдығын қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина
ашып, сүбелі сөзден десте түзер оқушыларға сәттілік тіледі.
– Осыдан біраз жыл бұрын Сәтбаев қаласында 7-8 жас ақын түрлі деңгейлердегі ақындар айтысына қатысып, қаламыздың намысын қорғағаны баршаға аян. Солардың бәрі осы жас айтыс ақындар мектебінің түлектері еді. Олар да бүгінгі сөз сайысына түскелі тұрған балғын ақындар сияқты өз қадамдарын қалалық оқушылар айтысынан бастады. Енді, міне, араға жылдар салып сондай талантты жастардың тағы бір тобы алдымызға шығып отыр. Бәріне де сәттілік тілеймін, – деді Айгүл Қосманқызы.
Қала әкімі орынбасарының сөзін ақпарат саласының ардагері, ақын, қалалық «Аналар клубының» мүшесі, бүгінгі сөз сайысын сараптайтын қазылар алқасының төрағасы Майра Жаппасбаева жалғап, өзінің ізгі тілегі мен аналық ақ батасын берді.
Айтыста кеншілер қаласының әр мектебінен келген 6 ақын үш жұп болып сөз сайыстырды. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның 10-сынып оқушылары Құрмет Еркін мен Жасмин Жүнісбектегі, Әлкей Марғұлан атындағы № 15 мектептің 9-сынып оқушысы Асылжан Ерболат, № 27 мектептің 8-сынып оқушысы Ерсай Серік, Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушылары Асқар Сейілбек пен Жасмин Сайдалина өз мектептерінің намысын қорғап, айтысты қыздыра түсті. Оқушылар ірі тақырыптарға ден қойғаны байқалды. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді де қозғап бақты. Сондай-ақ, ойнақы әзілдері, қағытпа қалжыңға да бойлап көрді. Тәуелсіздікті арқау еткен жас балғын ақындар қарсыластарын сөзбен түйреп, орамды ойлардың орайын келтіріп, өз тыңдаушыларының жүрегіне жеткізе білді.
Сүбелі сөздің мағынасына мән берген қазылар қатысушыларын арнайы жүлдемен марапаттады. Жас ақын-оқушылар Ерсай Серік Ғалил Жәнібеков атындағы, Жасмин Сайдалина Шынболат Ділдебаев атындағы жүлдеге ие болса, ІІІ орын Асқар Сейілбекке, ІІ орын Жасмин Жүнісбектегіне, І орын Асылжан Ерболатқа бұйырды. Ал, айтыстың бас жүлдесін Құрмет Еркін қанжығасына байлады.
Айтпақшы, ақындар айтысымен қатар жас жазба ақындардың да жыр мүшайрасы өтіп, қаламы қарымды, ойы ұшқыр оқушы ақындар жүлделі орындардан көрінді.
Жеңімпаздардың бәріне дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Жыр додаларын аймағымызға белгілі журналист Абдолла Дастанов жүргізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.