Елімізде жыл сайын 23 маусым – Қазақстан полициясы күні ретінде атап өтіледі. 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.
Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады.
Алайда, бүгін біз осынау қызығынан қиындығы басым, өте жауапты да қатерлі қызметке қызығушылық танытып отырған оқушылар жайлы сөз еткенді жөн көріп отырмыз. Оған Сәтбаев қаласында ашылған кадет сыныбы негіз болды.
Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетейік, Сәтбаев қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда өңіріміздегі тұңғыш кадет сыныбы ашылған еді. Аталмыш сынып былтырғы оқу жылында Ұлытау облысы полиция департаментінің бастамасымен және облыстық білім басқармаларының қолдауымен ашылған. Бүгінгі күні кадет сыныбында өздерінің болашағын қоғамдық тәртіпті сақтаумен және елдің тыныштығын қорғаумен байланыстырғысы келетін 25 бала білім алуда.
Мектеп басшысының айтуынша, кадет сыныбының оқушылары түске дейін міндетті пәндерді оқыса, түстен кейін әскери дайындық, спорт секілді үйірмелерге қатысады. «Кадет сыныбына білім сапасы мен физикалық дайындықтары бойынша арнайы сынақтан соң қабылданды. Себебі, бұл сыныптың оқу бағдарламасы қатардағы сыныптарға қарағанда күрделі. Аптасына 3 мәрте жүзу бассейніне барады. Саптық жаттығу мен автоматты бұзып-жинау бойынша қосымша пәндерге қатысады», – дейді мектеп-гимназия директоры Дана Жақыпова.
Кадет сыныбында теориядан бөлек, тәжірибелік сабақтар да жиі өткізіледі. Алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдайларда әрекет ету жолдары секілді күнделікті өмірде қажетті жаттығуларды меңгереді. Ол үшін өрт сөндірушілер мен тәртіп сақшыларының қатысуымен сабақтар ұйымдастырылады.
Міне, осы сынып биыл бірінші оқу жылын тәмамдады. Оқу жылының соңында шәкірттер ант қабылдады. Оған өңірдің білікті полиция қызметкерлері арнайы келіп қатысты. Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Дәулет Молдаханов ант берген кадетшілерді құттықтап, өздеріне алған міндеттемелерін абыроймен орындауға, лайықты білім алу үшін жақсы оқуға шақырды.
Іс-шара аясында оқушылар саптық түзеу, қаруды уақытқа шашып-жинау өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көрермендердің көңілінен шықты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.