Химия пәнінен өткен Қ. Сәтбаев атындағы Республикалық олимпиада мәреге жетті. Білім додасына еліміздің барлық мектептерінен 78 оқушы қатысқан болатын.
Қ. Сәтбаев атындағы Республикалық олимпиада әдеттегідей Қаныш есімін иеленген № 7 лицейде өтті. Қазылар алқасына жетекшілік жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Құрманғали Бекішев жылдан жылға оқушылардың химияға деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтты.
Олимпиада бағдарламасы бес күнді және жас химиктердің арасынан ең мықтыны анықтау мақсатындағы теориялық және практикалық турларды қамтыды. Мақсаты – дарынды балаларды анықтау және қолдау, теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын тереңдету. Мақсат орындалды.
Жезқазған қаласында осымен екінші мәрте өтіп отырған олимпиадада жас химиктер жақсы нәтиже көрсетті.
«Қазақмыстың» қолдауымен өткен білім бәйгесінде мықтыларды анықтау қазылар үшін оңайға соқпағаны анық. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарына және бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясы гран-при алған жас химикті жекедара марапаттады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен командаға сертификат және арнайы кубок табыс етілді. Сондай-ақ, үздіктердің үздігі Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Павлодар мемлекеттік университетінде оқу гранттарына ие болды.
Олимпиадаға қатысумен қатар, оқушылар Қазақстан ғылымы мен мәдениеті мұрасынан сусындап, көрнекті ғалымдар мен инженерлердің жұмысымен танысты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.