Сіздерді Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтаймын!
Біз майдан даласында оққа ұшқ анаталарымыз бен әкелеріміздің ерліктерін әр кез құрметпен еске аламыз. Сұрапыл соғыстан туған еліне аман-есен оралып, өз кәсіпорындарында – зауыттарда, фабрикаларда, кеніштерде жұмыстарын жалғастырып, еліміздің экономикасын көтеруге атсалысқан азаматтар да кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Олардың қатарында соғыс жылдары металлургиялық кәсіпорындарда аянбай тер төгіп, Кеңес әскерінің қорғаныс қуатын қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқандар да бар.
Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірлік нәтижесінде келді. Майдан даласында жауынгер, тылда еңбеккер Ұлы Жеңіс үшін үлес қосты. «Отан» атты ыстық ұғым, тәтті сөз қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға жігер берді.
Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі –нақ солардың арқасы! Тәуелсіз Қазақстанның өскелең жастары тарихымыздағы осы бір маңызды күнді және соны от кешіп, мұз жастана жүріп, кеуделерін сұрапыл соғыста оққа, еңбек майданында отқа тосып алып берген аға ұрпақтың өшпес ерлігін әрқашан ұмытпай еске алып, құрмет тұтады деп сенемін!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, қымбатты ардагерлер! Тәуелсіз Отанымыздың аспаны ашық болсын әрдайым!
Ерболат САТЫБАЛДИН,
Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің
«КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы.