«Қазақмыс Холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияны және Ұлытау облысын дамыту жөнінде баяндама жасады. Бұл сәт Президенттің Ұлытау облысына алғаш сапары барысында өріс тапты.
Компания Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан «Қазақмыс» биыл 25,4 миллиард теңге бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының жеткіліксіз болатынын айтып, бөлінетін қаржыны көбейту туралы ұсынысын жеткізді.
– Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін баяндады. Атап айтқанда, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі де қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт нысанын салғанда әртүрлі спортты қамтитын көпфункциялды етіп салу қажетекенін атап өтті.
Сонымен қатар, компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғынүйлер құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.